Отырыста ортақ іс сараланды

Облыс әкімдігінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Кеңесінің отырысында жерлесіміз Артем Ким «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Алқалы жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы қарсаңында өткізілді. Отырыста өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиынды Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Рыспеков ашып, Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы шешуші рөлін атап өтті.

– Бүгінгі таңда әрқайсымыз үшін бейбітшілік пен келісімді сақтау, қолымызда барды қадағалап отыру бұрынғыдан да маңызды. Ал бізде бар ең бастысы – тұрақтылық, өзара түсіністік және басымыздағы бейбіт аспан. Халық бірлігі – біздің басты байлығымыз әрі табысты болашақтың кепілі, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Жиын барысында Ұлытау облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Гүлбану Сейтжанова баяндама жасап, Ассамблея құрылымдарының бүгінгі жұмысы, этносаралық қарым-қатынасты нығайту, жастар бастамаларын қолдау және өңірдегі этномәдени әралуандылықты дамыту бағытындағы жобаларға кеңінен тоқталды.

Отырыста сондай-ақ, ҚХА мүшелері Татьяна Хмилярчук пен Артем Ким де қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Олар мәдени мұраны сақтаудың, жастар арасында әртүрлі халықтардың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауды тәрбиелеудің маңыздылығын, қазіргі жағдайда қоғамды біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Алқалы жиында қоғамдық-саяси тұрақтылықты, этносаралық келісімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі және ҚХА қызметіне белсенді қатысқаны үшін бір топ азаматтарға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медальдары салтанатты түрде табыс етілді.