Ұрпақтар сабақтастығын насихаттаған аналар форумы

Жәйрем кентінде әкім аппаратының, Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығы мен Қаражал-Жәйрем Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» ұлттық жобалары аясында «Ана – тәрбиенің қайнар көзі» атты тұңғыш рет аналар форумы болып өтті.

Аталған форумға Ұлытау облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлбану Сейітжанова, Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова, ҚХА «Қаражал-Жәйрем Аналар кеңесінің» төрайымы Зәмзагүл Оспанова және арнайы Ұлытау облысынан, көршілес Қаражал қаласынан, Қарағанды қаласынан, жергілікті мекемелерден, білім ошақтарынан, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-нан арнайы шақыртылған ақ жаулықты әжелер мен үлгілі көп балалы аналар қатысты.
Форумға келген аналарды мәдени-сауық орталығының бірінші қабатынан әр ұлт өкілдерінің киімін киген «Нұр», «Гүлдер» хореографиялық ансамблінің бишілері қарсы алып, әр анаға арнайы сатып алынған ақ жаулықтар мен эмблема төсбелгілерін табыстаса, екінші қабатта ұлттық музыкалық аспабымыз домбыраның құлағында ойнаған күйші балаларымыз әсем әуенмен қабылдады. Ғизатхан Хапанның жетекшілігімен тамылжыта күйден шашу төккен өнерпаз бүлдіршіндерден алған әсермен ақ жаулықты аналар «Қолөнер — халық құндылығы» атты ұлттық қолөнер мен ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады.
Көздің жауын алатын көрмемен қатар, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін тамаша көріністің куәсі болдық. «Балдырған» балабақшасының бүлдіршіндері әжелерімен тұтас бір қазақы ауылдың керемет сипатын берді. Бесік тербеген ана, ұршық иірген әже, түбіт түтіп, жүн сабаған ана, жетіген жетегінде мың бұралған қыз балалар мен қамшы ұстап, асық ойнаған ер балалар ұрпақтар сабақтастығының үнін жеткізе білді.
Өз кезектерінде сахнаға шық­қан ЖК «Ажар» балабақша­сының бүлдіршіндері мен тәрбиешілері қазақ ұлттық ки­імде­рінен сән үлгісін көрсетті. Кіп-кішкентай балақайлардың том­паңдап ұлттық киімімізді мақ­танышпен паш етуі рухымызды көтерді.
Мәдени-сауық орталығының өнерпаздары ұлттық салт-дәстүрімізден үзінді жасап, тұ­саукесер рәсімін көрсетті. Жәйрем кентінің кішкентай бөбегінің тұсауын кент әкімі Қайрат Жансағымов кесіп, батасын беріп, бұл қуанышқа куә болып отырған әжелер шашу шашып, мерекелік шараны көріктендіре түсті.
Жергілікті жезтаңдай әнші Жандос Ақтаев салған «Қазағым-ай» әнінің ырғағымен форум қатысушыларына әдемі гүл шоқтары табысталды.
Форумның алғы сөзін Ұлытау облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлбану Сейітжанова алып, өз ойын былайша жеткізді:

— Қазіргі уақытта қоғамдағы ана мен әйелдің рөлі өте жоғары. Әйелдер нәзік жанды болса да ер-азаматтармен қатар біздің қоғамның дамуына баға жетпес үлес қосуда. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жоспарланған республикалық Аналар кеңесі мен оның өңірлік бөлімшелері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын іске асырып, отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді сақтау және өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында маңызды, мазмұнды шаралар ұйымдастырылуда. Міне, бүгін тамаша бір шараның куәсі болып отырмыз. Есіктен енгеннен ұрпақтар сабақтастығы үндескен, ұлттық салт-дәстүріміздің иісі аңқыған ерекше бір әлемге енгендей болдық. Қаражал-Жәйрем өңірі Аналар кеңесінің тұңғыш форумы өз мақсатына жетіп, ерекше көңіл-күймен қайтамыз деген сенімдемін.
Қуанышты көңіл-күймен өз ойын тамаша жеткізген Гүлбану Сейітжанова жергілікті екі балабақшаға ертегі кітаптарын сыйлады.
Әрі қарай форумды модератор-Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы, ҚХА «Қаражал-Жәйрем Аналар кеңесінің» төрайымы Зәмзагүл Оспанова:
-Халқымыз ұлт болашағын анамен байланыстырған. Бүгінгі сәби ертеңгі ел іргесін ұстайтын азамат. Баланы жастайынан өз елінің тарихын білуге, салт-дәстүрін қадірлеуге, бойына ұлт намысын сіңіруде ананың рөлі ерекше. Сондықтан, ана мен бала әлеуетін көтеру үшін, денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет жылда жаңа шаралар қабылдап жатады. Белсенді аналардан құрылған ұйымның жаңа бастамасы да мемлекеттің ұстанымына дәл келетін, болашақта өз жемісін беретін жобаның бірі, — дей отырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасы мәртебесін көтеру, адамгершілік-отбасылық құндылықтарды қалыптастыруда өзекті мәселелерді талқылайтын спикерлерге сөз кезектерін берді.
Жиналған аналар алдында бірінші болып, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары, Қаражал қалалық мәслихаттың депутаты Гауһар Наурызбаева «Креативті тәрбие», «Рухани тәрбие» тақырыптарына баяндама жасап, жалпы қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақтың тәрбиесіне зор мән бергендігін, себебі, ұлттың бүгіні де, болашағы да өскелең ұрпаққа байланыстылығын, адам баласының бойына жақсы қасиеттің бәрі ана сүтімен, ата тәрбиесімен жететіндігін, балаға жақсы тәрбие беру үшін ата-ананың өзінің рухани жан-дүниесі бай болуы керектігін алға тартты.
Өз кезегінде сөз алған спикер №10 ЖББМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Үміткүл Ташаева Отбасы институты, «Патриоттық және азаматтық тәрбие» бағыты бойынша баяндама жасаса, үшінші спикер Жәйрем кенті ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігер-терапевті Жанниет Болат «Салауатты сана», «Салауатты өмір салтын қолдау» бағыты бойынша, төртінші спикер көп балалы ана, «Тұран» кондитерлік кафесінің иесі Гүлжазира Әбілова «Әйел. Қоғам. Бизнес» тақырыбына, бесінші спикер Жаңаарқа ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Сәулеғаным Орынғожина «Еңбек адамы», «Адал азамат-Адал еңбек-Адал табыс» жөніндегі ойларын ортаға салып, көпшілікпен талқыласты.
Тәрбиенің сан бағытына тоқталған спикерлердің ізін ала ортаға дәріскер, Қазақстан азаматтары қоғамдық бірлестігі жобасының жетекшісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері жөніндегі Қарағанды облыстық комиссиясының жұмыс тобының мүшесі, жерлесіміз, ұлағатты ана Шахмарал Кабулова, Жезқазған қаласы мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова шығып, бүгінгі шараның жоғарғы деңгейде өтіп жатқанына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтысты.
Әрі қарай, Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы, ҚХА «Қаражал-Жәйрем Аналар кеңесінің» төрайымы Зәмзагүл Қажымұқанқызы бірқатар аналарға, нақтырақ айтсақ, «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Бимендинаға, ЖК «Ажар» бөбекжайының меңгерушісі Жеміс Базарбаеваға, мәдени-сауық орталығының басшысы Ақмарал Иманбековаға және келген қонақтарды таң қалдырған көрмені әзірлеген ісмер Майра Торғаеваға, Ерсін Исханға, Ботакөз Жайнибековаға Алғыс хаттарын табыстады.
Марапаттау рәсімін әрі қарай кент әкімі Қайрат Жансағымов жалғастырып, форум төрінде отырған алтын құрсақты ардагер әжелерімізге, нақтырақ айтсақ, Қаражал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мереке Жұманбаеваға, Қарағанды облысынан келген қонақ Шахмарал Кабуловаға, тыл ардагері Сабила Дауқараеваға, ардагер ұстаз Тыныштық Әлішқызына, көп балалы ана, өнегелі әже Қарлығаш Әлжаппароваға Алғыс хаты мен естелік сыйлықтарын табыстады.
Жалпы жәйремдік өнерпаздармен қатар, облысымыздан сырнайларын арқалай келген қонақтар, атап айтсақ, Ұлытау облысы Аналар кеңесінің мүшелері Тентек Жұмаділдақызы, Жезқазған қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Ғайныш Телғозина, Ұлытау облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, «Ақ әжелер» ансамблінің әншісі Төлеуғайша Науанова өздерінің әсем әндерімен әдемі кешті қыздыра түсті.
Ана, бала, әжені бір арнаға тоғыстырған әдемі кештің соңында Ұлытау облысынан келген қонағымыз Төлеуғайша Науанова әжейдің әуелете салған «Кездескен қандай жақсы» әні кеш қонақтарын толқытып, әсерлі етті.
Ана — тірліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен де ананың мейірімінен нәр алып өседі. Ұрпағына тағылымды тәрбие берген ардақты аналар қашан да құрметке лайық. Сол құрметтің бір көрінісі бүгінгі кеште тамаша әсер берді.
Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз әке мен ана еңбегін биіктен көрсетер тұлға болып қалыптасып, еліміздің өркендеуіне адал қызмет ете берсін! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, ұрпақ тәрбиесінің мәуелі жемісін тілейміз, құрметті асыл жандар, аналар!

Теректі ШАҒАТАЙ.