2 ақпан – Қазақстандағы баспасөз күні. Дәл осы күн таңдалуының да нышандық мәні бар. 1913 жылы 2 ақпан күні Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының бастауымен, қазақтың ұлтсүйер ауқатты азаматтарының қостауымен тұңғыш ұлттық қоғамдық саяси және әдеби-мәдени басылымы «Қазақ» газетінің бірінші номері жарық көрді.
Газеттің бірінші бетіндегі рәміздік бейнедегі киіз үйдің есік-жабығының қос босағасына Ахмет Байтұрсынұлы негіздеген төте арабша қаріппен ҚАЗАҚ деген сөз жазылған. Бұл – осы ел мен жердің иесі де, есігінің қос таянышы да қазақ халқы, қос босағаң берік болсын, әрі ұлт зиялыларының сөзімен айтқанда «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын», – деген ишаралы аңсар-арман еді.
Ұлттық баспасөздің ерте шыққан бәйшешегіндей болған «Қазақ» газеті бірінші санынан бастап-ақ алаш жұртының санасын оятып, алға бастырар шамшырағына айналды. Мұнда жарияланған ірілі-ұсақты материалдардың бәрі де қазақ әлемі үшін аса қызықты да, пайдалы болды. «Қазақ» газетінің рухани дүмпуі тек Ресей патшалығының қарамағындағы қазақтар ғана емес, Цинь империясына бағынышты қазіргі Қытай, Моңғолия қазақтарына да, тіпті, өзге бауырлас халықтарға да жетіп жатты. 1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылға дейінгі аралықта 265 номері жарық көрген «Қазақ» газеті осы аз ғана жыл ішінде өзінің алға қойған миссиясын: бодандық шырмауындағы қазақ халқын бостандық үшін күресуге, ол үшін жас ұрпақты ғылым мен білімге ұмтылуға, ұлттың бірлік-берекесін нығайтуға шақыруды біршама орындап үлгерді деуге болады.
Ақпараттың ақиқат жолындағы күресі – қашанда ауыр болған. Қазақ ұлтының саяси санасына сәуле түсіріп, ояту жолында белсенді әрекет еткен «Қазақ» газетінің де жолына патша үкіметі барынша кедергі қойып, бақылау жасап отырды. Орынборда жарық көрген ұлттық баспасөздің алғашқы қарлығашы «Қазақ» газетінен кейін ондаған газет-журналдар әр өңірде басылып шығып, ұлтымыздың оянуына, тілі мен ділінің, салт-санасының біртұтастануына игі ықпал етіп жатты. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай, газет һәм басқа баспасөз құралдарының адамзат баласының ақпараттық қажеттілігін өтеудегі маңызы әрқашан зор болып келді және бола да беретіндігін бүгінгі ХХІ ғасыр дәлелдеп отыр.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алуына байланысты, баспасөз саласында үлкен серпіліске мүмкіндік туды. Халықаралық еркін ақпарат айдынына шығуға байланысты, тоқсаныншы жылдары басылымдардың саны аса көп деңгейге жетті. Баспасөз құралдарының мақсаты – ашықтық, жариялылық негізінде іс-әрекет жүргізе отырып, елімізде демократиялық құндылықтарды орнықтыруға, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға, бейбітшілік пен татулықты нығайтуға атсалысу дегенімізбен, осы аталғандарға қарама-қайшы келетін бағыттағы басылымдар да бой көрсетпей қойған жоқ.
1991 жылы Қазақстанда 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп, 21 теле және радио арна эфирге шығып тұрған. Ал, 2024 жылғы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 5 804 БАҚ тіркелген болса, оның үш мың тоғыз жүз сексен бесі – мерзімді баспасөз басылымы, екі жүз он екісі – телеарна, тоқсаны – радио, мың екі жүз жиырма екісі – ақпараттық агенттіктер және желілік басылымдар екендігіне қарап-ақ еліміздегі ақпарат саласының кеңістігі қаншалықты кеңейе түскенін бағамдауға болады. «Төртінші билік» аталған БАҚ – мемлекеттің ұстанған саяси-экономикалық бағытын сәтті жүргізуге селбесіп, қолдаушы орасан әлеуетке ие сала екендігі белгілі. ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы 2 ақпан күні отандық баспасөз қызметкерлеріне арналған құттықтау сөзінде: «Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті. Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді», — деген болатын.
Бүгінгі ақпарат өнімі – ертеңгі тарихтың куәсі. Ақпараттарды ертеңгі ұрпақ үшін сақтау технологиялары да өзгеріске түсіп жатыр. Әлемдік баспасөз тарихында ойып орын алып, сонау ХІХ ғасырдың соңынан бері үздіксіз шығып келе жатқан кейбір басылымдардың өзі ғаламторлық қалыпқа көшіп жатқаны – бүгінгі күннің ақиқаты десек те, қағаз басылымдар адамзатқа әлі де болса қызмет ете берері анық. Оймақтай ғана көлемді сандық ақпарат жады жүйесінде орасан зор ақпараттарды сақтауға мүмкіндік туды. Бұл – заманауи жетістік болып саналғанымен, архивте сақталған газет-журналдарды көзбе-көз (визуалды) көріп, қолмен ұстай парақтай отырып, дәуірлердің тынысын сезіну – мүлде өзгеше әсер екенін де жоққа шығаруға болмайды. Демек, газет пен журналға деген сұраныс та бола береді.
Материалды әзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.