Әр өлкенің тарихын түптей келсек, тамырын тереңге бойлаған қазына екенін көруге болады. Біздің өңір, сонау соғыс жылдарымен тоғысқан геологиялық барлау экспедициясымен алғашқы парақтары ашылған кенді өлке осындай қалаға айналады десе, сол уақыт адамы сенбес еді. Елсіз қу далада сұрапыл соғыстың қиындығына мойымаған аптал азаматтар адам төзгісіз ауыр жағдайда құрылыс заттарын Жаңаарқадан ат арбамен, жүк машиналарымен тасып, қақаған қарлы боран мен қара суыққа қарамастан, шағын поселок бой көтерді.
Сол жылы Қаражал мен Үлкен Ақтай арасына жүк қатынасын байланыстыратын жол торабы қалыптасып, әр 3 шақырым сайын бекеттер салынып, оларға қараған мен отын сақталды. Өндірілген маргенец рудасы Жаңаарқаға құрылыс материалдарын әкелген көлікпен қайта тасымалданды. Алғашқы өндіріске халық шоғырланып, құрылысшыларға үй-жай, қарапайым барақтар, жатақханалар, асханалар мен қоймалар салынды. Шағын ғана кеншілер ауылындағы құрылыс ауқымы күн санап қарқынды өсе берді. Соғыс жылдарына қарамастан партия қойған міндеттерді Атасу геологиялық барлау экспедициясы орындап отырды. 1945 жылы жоспар бойынша барлық жұмыстар 130 пайызға асыра орындалып, жеңіске деген үлкен сый тартылып, озық еңбеккерлер марапатталды. Соғыс аяқталған соң кенді өлкенің дамуы қарқындай түсті. 1949 жылы Жаңаарқа-Қаражал шойын жолын салу жұмыстары басталды. 1950 жылы Жаңаарқа ауданына қарасты елді мекен Қаражал қала тектес кент қатарына кіргізіліп, Ақтай елді мекені құрамына енді. Осы жылы ең бірінші болып, жеті жылдық орыс-қазақ мектебі ашылып, кеншілердің балалары мектеп табалдырығын аттады. Әлі де қала атауы берілмеген шағын кентке азаматтардың еңбегі мен нәтижелерінің арқасында 1963 жылы қаңтар айында Қаражалымызға қала мәртебесі берілді.
Қаңтар айында алғашқы қалалық партия конференциясы өтіп, Н.И.Шуров қалалық комитеттің бірінші хатшысы болып, В.А.Захарчук екінші хатшы, Абеуов қала прокуроры, С.К.Канапин Атасу кен басқармасы партбюросының хатшысы болып сайланды. Басты жұмысшы күші жастарда екені және Кеңес саясатының негізгі бағыты ұрпақ тәрбиесі мен партиялық идеологияны жоғары сатыға қою, міндетті түрде қаламызда пионерлер мен комсомол ұйымдарының белсенділігін арттырды. Сол себепті, комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып Иман Әбдіреймов сайланды.
Ақпан айында алғашқы қалалық қаржы бөлімі құрылып, Жұмкен Мұсылманбеков басшысы болып тағайындалды. Осы қызметті ағамыз зейнет жасына жеткенше абыроймен атқарды. Уақыт талабына сай Жұмкен ағамыз Кеңес дәуірінің бірнеше марапатына ие болды. Соның ішінде айта кететіні партия сапында мүлтіксіз қызметі үшін медалі. Зейнет жасында да ағамыз қала дамуынан қалыс қалмай табанды еңбек етті. Сол атқарған ісінің арқасында ел ағасына көше атауы да берілгені баршаға мәлім.
1962-1963 оқу жылында Қаражал қаласында он мектеп жұмысын бастады. Оның біреуі қазақ, бесеуі аралас, төртеуі орыс тілінде білім берді. Заман ерекшелігіне қарай ол кезде бастауыш сынып жеке мектепте оқытылып, бастауыш мектеп саны — 5, сегіз жылдық мектеп — 3, орта білім беретін мектеп саны — 2 болды. Мектептерде ұстаз жетіспеушілігі байқалды. Алайда, сол жылы тамыз айында 4 математика, 4 орыс тілі, 1 биолог, 1 тарихшы мұғаліммен толықтырылып, бұл мәселе түбегейлі шешілді.
Алғашқы мәдениет үйі, жинақ кассасы, статистика бөлімі, аурухана сияқты нысандар ашылып, мамандармен толықтырылды. Сол жылы статистика есебі бойынша жаңа қалада отыз бес мың халық шоғырланды. Бір жыл ішінде мектептерді қоса санамағанда жиырма төрт мекеме жұмыстарын бастап кетті.
Міне, қаламыздың туын көтеріп, тәй-тәй басқан алғашқы қадамы осылай айқындалып, шағын аймақ болашаққа деген нық қадамын басты.
Содан бері талай өзен тасып, талай кезең артта қалды. Қаламызда зәулім бес қабатты үйлер мен әсем ғимараттар бой көтерді. Даңқы асқақтаған сонау сексенінші жылдар мен құлдырап, қаңырап бос қалған үйлерімен тоқсаныншы жылдар да әлі күнге жадымызда. Уақыт сынынан сүрінбей өткен шағын болса да әрбір тұрғыны үшін жүрегінен ерекше орын алатын осы алтын аймақтың бүгінгі күні 60 жылдық шежіресіне баршамыз қанықпыз. Дүркіретіп аталып өткен бұл мерейлі тойдың да куәсі халық. Қазіргі таңда, жаңа бейнеге ие болып, түрленіп келе жатқан шағын қаламыз, мен үшін алтын ұя, қадірін түсінген тұлғаға кең шаһар, кенді өлке. Бір қазық қағылса да қуанатын осы өңірдің азаматтары деп ойлаймын. Ендеше, осы бай өңіріміздің болашағы жарқын екеніне де сенетін осы халық. Осынау қаламыздың әрбір таңы мен келген жылы осы аймақ тұрғындарына игілік пен жақсылық әкеле берсін.
Талғат ҚАСЫМОВ,
Қаражал қаласы мемлекеттік архивінің басшысы.