Туған кентінің кетеуі кетіп, қаңырап қалғанын және 20 жылдан кейін біртіндеп қалпына келгенін өз көзімен көру, жаңа мамандықты игеру үшін шалғайдағы қалаға аттанып, бірнеше ай бойы оқытудан өтіп, оралған соң туған комбинатында аянбай еңбек ету – шабыттандыратын фильмнің оқиғасы іспетті. Ал, бұл Жәйрем кен байыту комбинатының қызметкері Гүлнаш Дюсенбаеваның шынайы өмірі.
2006 жылы ол Үшқатын кенішіне тау-кен жұмысшысы болып жұмысқа орналасады. Үш жылдан кейін конвейер машинисі мамандығын игеріп, 10 жыл Жәйремдегі марганец фабрикасында жұмыс істейді. Ал, 2019 жылы Гүлнаш басқа мамандықты игеруге мүмкіндік алды.
– Төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырғандықтан, мен мамандық таңдамадым. Қандай жұмыс ұсынады, соған білек сыбана кірістім. Үшқатын кеніші жабылып қалған кезде, Жәйрем кен байыту комбинаты полиметалл байыту фабрикасының құрылысы басталған еді. Адамдарды жұмыссыз қалдырмау үшін арнайы комиссия бізді Алтай қаласына қайта даярлауға жіберді, – деп әңгімесін бастады Жәйрем КБК ПБФ бас корпусының жетекші инженер-технологы Гүлнаш Дюсенбаева. – Менің анам да бұрын кеніште жұмыс істеген, ол тоқтап қалғаннан кейін реагенттерді мөлшерлеуіш мамандығын игеріп алды. Бастапқыда мені қоюлатқыш аппаратшысына оқытып, жұмыс істеуге жіберу жоспарланған болатын. Мен бұл мамандықтың не екенін, қандай жұмыс атқаратынын тіпті білген де жоқпын. Алдын ала сұрастырып, танысуға тырыстым, бірақ, бәрібір түсінбедім. Содан флотацияда жұмыс істеуге үйретуді өтіндім. Біз тәжірибеден өттік – Алтайдағы байыту фабрикасында үш вахта жұмыс жасап қайттық. Комбинатта мен үшін жаңа салада еңбек етіп жүргеніме үш жыл болды, бірнеше ай бұрын қызметімде жоғарыладым.
Бес жыл бұрын Алтайда 12 болашақ флотатор оқудан өтті. Содан бері бөлімшеде бастапқы командадан тек үш адам ғана қалды. Қалғандары басқа учаскелерге ауысты, біреулері көшіп кетті немесе зейнеткерлікке шықты. Жаңадан қабылданған қызметкерлерді осында жұмыс істеуге қалғандар оқытты. Гүлнаш пен оның әріптестері жаңадан үйреніп жүргендерге тәлімгер болды.
– Менің алты оқушым бізбен бірге жұмыс істейді. Жас мамандардың үйреткеніңді бірден қағып алатыны қуантады. Көпшілігінің еңбек өтілі әзірше аз, жұмыс істегендеріне бір жыл болмағандар да бар. Біз оларға бағыт-бағдар беруді жалғастыра береміз, кей жағдайларда қалай әрекет ету керектігін айтып отырамыз, – дейді Гүлнаш Дюсенбаева. – Маған флотациядағы жұмысым ұнайды. Біз кенді концентратқа өңдеу бойынша операциялардың ұзақ тізбегінің соңында тұрмыз. Ең соңындағы өнімнің қандай болып шығатыны командамыздың жұмысына тікелей байланысты. Флотаторлардың басты міндеті – талаптарға сәйкес келетін концентрат шығару. Міндеттерімізді мінсіз орындасақ, жалпы нәтиже бүкіл комбинат ұжымы үшін де, жерлестеріміз үшін де жақсы болады, өйткені, кентіміз одан әрі өркендеп, дамиды. Діттеген мақсаттарымызға жету үшін өз жұмысымызды үнемі жетілдіріп отыруымыз керек, көрсеткіштердің өзгеруі, жабдықтың тоқтап қалуы немесе жаңа құрылғыларды қосу сияқты әртүрлі жағдайларға жедел және дұрыс әрекет етуіміз қажет. Мысалы, биыл бас корпуста флотацияның соңғы сатысының сапасын жақсарту үшін қосымша жабдық орнатылды. Мен онда жұмыс істеп үлгердім. Жаңа жабдықтың нәтижелері көңіл қуантарлықтай.
Гүлнаштың отбасын кеншілер әулеті деп атауға әбден болады. Оның анасы комбинатта 18 жыл жұмыс істеді және өткен жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Гүлнаштың өзі 16 жыл, ал ұлы Алып 4 жыл еңбек етеді. Ұлы пульпасорғы станциясының сүзу бөлімінде сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмыс істейді. Әулеттің Жәйрем кен байыту комбинатындағы жалпы еңбек өтілі – 38 жыл. Үлкен қызы Диана мердігерлік ұйымда менеджер болып жұмыс істеді және комбинатқа жұмысқа орналасқысы келеді. Екінші ұлы Олжас жақында әскерден оралды. Кіші қызы Аягөз университетте оқиды.
Гүлнаш өзі және оның төрт баласы өскен кенттің өзгерісін ширек ғасырдан астам уақыт бойы бақылап келеді. Кей кездері оңай болған жоқ әрине, бірақ, барлық қиындықтар артта қалды, қолдау мен татулық бар жерде барлық қиындықтарды жеңуге болады.
– 1998 жылы институтта оқып жүріп, Жәйремге каникул кездерінде келгенімде көрші үйлерде адамдар тұратын, – дейді Гүлнаш, жалғыз қалған тұрғын үйлерін қоршап тұрған қаңырап қалған бес қабатты үйлерді нұсқап. – Анам оң жақтағы үйде тұрған. Кейіннен көбі көшіп кетті, пәтерлер босап қалды. Қалғандары бәрі бір көп қабатты үйге жиналып тұрды. Жылусыз қалып, адамдар пәтерлерінде пеш жаққан күндер де болды. Балаларыммен осында көшіп келгенімде, анам бізге қатты көмектесті, әрдайым жанымыздан табылды. Қиындықтарды елмен бірге еңсердік. Енді міне, көз алдымызда кентімізде өмір қайнап, біртіндеп бос қалған үйлер қалпына келтіріліп жатыр, оның ішінде қарсыдағы бес қабатты үй де бар. Басқа да бос қалған ғимараттармен де мәселе шешілсе дейміз. Әзірше оларды қалпына келтіре ме, әлде бұза ма белгісіз.
Гүлнаш өзінің туған кентін жақсартуға және мұқтаж тұрғындарға көмектесуге тырысады. Ол биыл өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтетін комбинаттың «Өндіріс волонтерлері» тобының жұмыстарына белсенді қатысады.
Гүлмира АСИПОВА.