Кенші еңбегі – өңірге тірек

Кенші мамандығы — әлемдегі ең қиын әрі қауіпті мамандықтардың бірі. Сол қауіп-қатерге қарамастан қаншама маңдай тер мен адал еңбек етіп жатқан өңіріміздегі кеншілер аз емес. Оның ішінде бірнеше жыл еңбек өтілі бар ер-азаматтар легі де бар. Солардың бірі – «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің жұмыскері, 40 жылға жуық еңбек өтілі бар Ғалым Асанов.

Ғалым Дәрібайұлы 1963 жылы 30 мамырда Қаражал қаласында дүниеге келген. №1 жалпы білім беретін мектебінің түлегі. Мектепті тәмамдаған соң 1982 жылы сол қаладағы арнайы білім беретін ұйымда (ГПТУ), қазіргі тау-кен колледжін аяқтап, бұрғылаушы электр слесарі мамандығын алып шыққан. Сол жылы өндіріс ошағына жұмысқа тұрып, жарты жылдай слесарь болып жұмыс атқарған. Кейін 2 жыл Отан алдында әскери борышын өтеп келген соң, 1985 жылы өндіріске қайта оралып, содан бері 40 жыл бойы сол өндіріс ошағында ұсақтаушы болып қызметін атқарып келеді. Дәл осындай жастарға жол сілтеп, ақыл айтатын тәжірибелі мамандардың арқасында жұмыс жоспары да уақытылы орындалып, өндірістің беделі жылдан жылға артуда. 40 жыл бойы сонша қиын мамандықтан баз кешпей, еңбек етуіне Ғалекеңнің темірдей төзімділігі мен Алланың берген сабырлы мінезі шығар деп топшыладым.
40 жылға жуық ерен еңбек иегері Ғалым ағаның отбасына келсек, 25 жылдан астам уақыт отасқан Анар ханыммен екі бала тәрбиелеп өсірді. Диана қыздары мектеп пен жоғары оқу орнын үздікке бітіріп, Жезқазған қаласына жұмысқа тұрып, сол жақтан теңін тауып, қазіргі уақытта сүйікті жар, бақытты ана. Ал, Диас былтыр №7 жалпы білім беретін мектепті тәмамдап, Астана қаласында жоғары оқу орнында оқып жүр.
«Ер — туған жеріне» демекші, Ғалекең туып-өскен, өнген жерінде қызмет жасап, осы қазыналы қаланың дамуына қосып жүрген үлесі зор десек, артық емес. Сондай-ақ, жұмысын шын сүйіп, ерік-жігермен атқарылған іс әрқашан нардан биік. Тіпті, уақыттың зымырап өткені де байқалмайтыны, осы кісінің өндіріске арнаған 40 жылғы уақытына қарап-ақ, біле беріңіз.
Қазіргі таңда кеншілік саласы еліміздің басты байлығына айналды. Еліміздің басты экспортының көзі де – осы жер астынан шығатын байлығымыз. Осы салада қызмет атқарып жатқан кеншілердің ерен еңбегі ұшан-теңіз. Өзге кәсіп пен шаруашылықтан ерекшеленген бұл кеншілік қызметі үлкен қажырлылық пен қайраттылықты, адал еңбекті талап ететіні айдан анық. Жер бетінен бірнеше шақырымдап жер астына түсіп, өз денсаулықтары мен өмірлерін бәйгеге тіккен кеншілер көптеген қиындықтарды артқа қалдыра отырып, шынайы маңдай термен жұмыс атқаруда. Иә, адал еңбектің зейнеті де берекелі болмақ.