Біздің өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту инвестицияларды тартумен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жеке инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл маңызды міндеттер жергілікті деңгейде белсенді қатысуды және жұмыстарды талап етеді.
Өндірісті жаңғырту және озық технологияларды енгізу үшін инвестицияларды тарту қажет. Заманауи ауыл шаруашылығы шығындарды азайтуға, өнімділікті арттыруға және өнімнің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін автоматтандыру мен цифрландыруды қажет етеді. Осы мақсатта мемлекет субсидиялау бағдарламалары, салық жеңілдіктері және жеңілдетілген несие беру арқылы қолдау шараларын ұсынады, бұл агроөнеркәсіптік кешенді инвесторлар үшін тартымды етеді.
Былтырғы жылы «Агробизнес» бағдарламасы арқылы «Кенсаз» шаруа қожалығы 110 млн.теңге несие алып, 150 бас етті бағыттағы асыл тұқымды ақ бас ірі қара малдарын алған болатын. Мемлекеттің қолдау шараларын пайдалану арқылы әр басқа 150 мың теңгеден субсидия алды. Етті бағытта өнімділікті арттырғаны үшін мемлекеттен жыл сайын асыл тұқымды әр аналық басқа 15 мың теңгеден субсидия төленеді.
Сонымен қатар, осы шаруашылыққа инвестиция құю мақсатында былтыр 2 ауыл шаруашылық техникаларын қосалқы тіркемелерімен алса, биылғы жылы Беларус-422.1 тракторын алды, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидасына сәйкес, мемлекет барлық алған техникаларының 25 пайызын субсидиялады.
«Кенсаз» шаруа қожалығының басшысы А.Төлеушин өндірісті жаңғырту және озық технологияларды енгізу мақсатында, биыл 70 Га жер жыртып, оған бидай шөптері (житняк) мен жоңышқа егуді қолға алды.
Инвестиция салмай, шаруашылықтың жұмысын жетілдіру мүмкін емес. Осы орайда, биылғы жылы «Али» шаруа қожалығы МТЗ-82 ауыл шаруашылық тракторын алса, «Жамболов» шаруа қожалығы шөп престеуіш техникаларын алып, техника базаларын жаңартуда.
Мемлекет тарапынан жеңілдетілген «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 адам несие алса, оның ішінде 20 жоба ауыл шаруашылығына тиесілі. Бұл бағдарламада мал шаруашылығына несие 7 жылға дейін 2,5 пайыз жылдық мөлшерлемемен беріледі.
Қаражал қаласы үшін инвесторлар басымдық беретін бағыттар:
— мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы — өнімділік пен өнімділікті арттыру үшін заманауи агротехнологияларды енгізу;
— ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу — өндірілетін өнімнің қосылған құнын арттыру үшін қайта өңдеу қуаттарын кеңейту және жаңғырту;
— агроинновациялар — өндірістік үдерістерді цифрландыру шығындарды оңтайландыруға, өндірісті бақылауды жақсартуға және ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қаражал қаласының агроөнеркәсіптік кешенінде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау — біздің басты міндетіміз. Президент Жолдауында айтылған мақсаттарды жүзеге асыру агроөнеркәсіптік кешеннің өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашады, аймақтардағы өмір сүру деңгейін жақсартады және біздің өңірдің ел экономикасына елеулі үлес қосуына мүмкіндік береді.
Марат САТАНОВ,
Қаражал қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.