Ахмет Байтұрсынұлы: Мұғалім мектептің жүрегі деп, бекерден-бекер айтпаған. Мектеп қабырғасында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие беретін ұлағатты ұстаздарымызға қойылатын талап пен артылатын жүктің салмағы ауыр. Бала болашағының баянды болуына үлкен үлес қосатын, жолын жалғастыратын өскелең ұрпақты тәрбиелеу қажырлы еңбекті талап етеді. Ал мектеп табалдырығын аттаған әр оқушының ертеңгі күніне артылатын үміт пен сенім мол. Мұғалімдер болса, солардың ертеңгі күнін ойлап, жаңа дағдылардан пайдаланып, ерінбей еңбек етіп ізденісте жүреді. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаз мамандығы. Биыл елімізде Білім күні әдеттегідей 1 қыркүйекте тойланды. Оқушылар мен студенттер, білім мен ғылым саласындағы ұстаздар мен оқытушылар, барша қызметкерлер үшін 1 қыркүйек жаңа бастамалардың, жаңа ізденістердің, жаңа идеялардың символы. Осы мереке қарсаңында қаламыздың 40 жылға жуық еңбек өтілі бар ұстазымен сұхбаттасып, мектеп өміріне «саяхаттап» қайттым.
«Алты алаштың баласы бас қосса да, төр — мұғалімдікі» деген тұжырымдаманы алаштың ақиық ақыны Мағжан атамыз айтқан. Өйткені, ұстаз — ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, болашаққа да дұрыс бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалауы тегін емес. Осыдан-ақ, ұстаз деген ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған.
Бүгінгі кейіпкерім де осындай құрметке ие ұлағатты ұстаз, үш тілді жетік меңгерген №1 жалпы білім беретін мектебінің шет тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Тұрғанбекова жайлы болмақ.
– Айгүл Хамзеқызы, ең алдымен туып-өскен жеріңіз жайлы сұхбатымызды бастасақ.
– 1963 жылы өзімнің қазыналы Қаражалымда дүниеге келдім. Алайда, 1965 жылдары Сәкен Сейфуллин ауылына көшіп, сол жақта Ынтымақ орта мектебінде оқыдым.
– Ұстаздық жолыңыз қалай басталды?
– Мектепті тәмамдаған соң, Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетінің неміс және ағылшын тілі мамандығын оқыдым. Жоғары білім алған бетте, 1987 жылы Жаңаарқа ауданы, С.Сейфуллин совхозының Ынтымақ орта мектебінде мұғалімдік жолымды бастадым. Алғашқы сыныбым 1975 жылғы оқушылар болды.
– Қазіргі заманауи, жаңа технологияға бейім балалармен жұмыс жасау қиын шығар. Жалпы жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма?
– Қазіргі заман жаңалықтар, жаңа технологиялардың дамыған заманы, оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру үшін жаңа технологияларды қолданамыз. Біздің мектептің техникалық материалы жақсы жабдықталған, оқушылармен жұмыс жасау жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, жауапкершілігі мол, әрі қызық деп ойлаймын. Әлбетте, жұмысым өзіме ұнайды. Ұнаған соң өмірімде тек бір салада қызмет етудемін.
– Қазыналы қалаңыз жайлы, сондай-ақ, ұжымыңыз жайлы не айтасыз?
– Қаражал – менің туған жерім, отбасы құрған жерім, үш баламның да кіндік қаны тамған жер. Балаларымның балалық шақтары осы қазыналы қалада өтті. Туыстарымыз, жолдастарымыз, әріптестерімізбен барлық қызығымызды бөліскен ортақ жер. Ал ұжым жайлы айтсам, №1 ЖББМ мен үшін екінші отбасым. Осы мектепте 24 жыл қызмет етіп келемін. Біздің мектеп ұжымының ерекшелігі -ұйымшылдық, оқушыға деген құрмет, педагогикалық шығармашылық, жастардың үлкенге деген сыйластығы деп білемін. №1 мектеп кәсіби біліктілігі мол мектеп басшысымен бірге әрі қарай дамып, мәртебесі биік болатынына сенімім мол.
– Бірнеше жыл еңбек өтіліңізбен бірге еңбек жетістіктеріңіз де біршама болар?
– Мектепішілік, қалалық білім бөлімінің грамоталары, Қаражал қаласының жылдық мерейтойына орай төсбелгі, кәсіподақтың Құрмет грамотасы және ҚР оқу-ағарту министрінің грамотасы бар. Алайда ұстаз үшін ең үлкен жетістік – ол шәкірттің жетістігі. Айта кетсем, Салия Шойынбаева, Айдана Сұлтан, Ақнұр Байжұманова ҰБТ-дан жоғары балл жинап, грант иегері атанған. Есіме түспей тұрған оқушы қаншама. Мен үшін үлкен жетістік осы.
– Отбасыңыз жайлы не айтасыз?
– Жолдасым Ардақ Тұрғанбеков «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің Автокөлік цехының бас жүргізушісі, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалінің иегері. Тұңғыш ұлым Алмас Қаражал қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының бас маманы. Қызым Айдана Қарағанды облысының ресурстық тілдерді дамыту орталығының мониторинг бөлімінің басшысы. Күйеу балам Темірлан – Абай аудандық патрульдік полиция взводының инспекторы, полиция капитаны. Қызымнан Хаким есімді жиен-немерем өсіп келеді. Ең кенжем Дінмұхамет Қарағанды қаласының полиция басқармасы патрульдік полк инспекторы. Ал келінім Ақгүл, №1 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі. Аллаға шүкір деймін.
– Айгүл Хамзеқызы, мағыналы сұхбатыңызға көп рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын. Ақылды да дарынды шәкірттеріңіз көбейе берсін.
– Әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін мәселе. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ