ДҮБІРІ ДҮЙІМ ЕЛГЕ ЖЕТКЕН ДОДА дала өркениетін жаһанға жеткізді

Сонымен, 8 қыркүйек күні ел ордасы Астана қаласында V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары ресми түрде жалауын көтерді. Ел «Көшпенділер олимпиадасы» деп бағалаған дүбірлі дода бұл жолы бес құрлықтың басын біріктірді. Бұл байрақты бәсекеге тұңғыш рет қатысып отырған елдер де бар.

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл аламанның әшейін жарыс емес, күллі әлемге дала өркениетін паш ететін айшықты шара екенін атап көрсетті.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды.

Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде.
Орайы келгенде айта кетейік, «Астана Арена» стадионында өткен V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы Президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ, ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Ашылу салтанатына арналған іс-шараға 3 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Олардың арасында әлемге әйгілі әнші, жерлесіміз Димаш Құдайберген мен Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан мен Қырғызстанның Халық әртісі Роза Рымбаева да болды. Салтанатты шараны 20 мың көрермен тамашалады. Ал, көшпенділер ойынында бақ сынауға 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

АСТАНАДАҒЫ ОЙЫНДАР ТУРАЛЫ
шетелдік қонақтар не дейді

Хоош. Сонымен, V Дүние­жүзілік Көшпенділер ойындары бас­талды. Көптен күткен оқиға отан­дық қана емес, шетелдік туристердің де назарын аударды. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары алғашқы күндерден бастап өз алаңына ондаған мың қонақты жинады. Олардың арасында көшпенділердің ерекше мәдениетімен танысу үшін Астанаға арнайы келген шетел азаматтары да көп.

Джимми Нельсон Астанаға Голландиядан ұшып келген. Мұнда ол ойындар өтетін бес күн бойы болмақ.
– Біз Астанадағы V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына қатысу үшін бес күнге келдік. Бұл таңғажайып оқиға, мен мұндағы адамдардың сұлулығы мен қонақжайлылығына таң қалдым. Қазақстан сияқты ел өзінің бай мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға көп қаржы жұмсайтыны таңғаларлық. Мұнда болу – бір мәртебе екен, мен мұндай мүмкіндікке дән ризамын, – депті мейман БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Вероник пен Тим Бродбент Көшпенділер ойындарын көру үшін Франциядан ұшып келген.
– Біз Астанада болдық, бұл – бірегей оқиға. Бүкіл әлем Орталық Азияның орталығында жиналды. Әрине, бізге де осында келу бұйырды. Біз кеше, дәл ашылу күні келдік, бәрі керемет болды. Мұнда бәрі сондай тату-тәтті екен, – депті Франциядан келген қонақтар.
– Біз көшпелі спорт туралы бұрын-соңды ештеңе білмедік, білсек те өте аз ғана шығар. Бірақ қазір бұл біз үшін өте қызықты әрі көңілді, – деді испандық турист Кристина Прунелл.
Досы садақ атумен айналысатындықтан, аустриялық Малкольм Дауни көшпенділер ойындарына қызығушылық танытыпты.
– Біз Аустрияда тұрамыз, садақ атумен, яғни, венгриялық садақ атумен айналысатын досымыз бар. «О, Мариан осымен айналысады, біз мұны міндетті түрде көруіміз керек» деп ойладық. Алғашқы әсеріміз осылай болды, – дейді мейман.
Астанадағы көшпенділер ойындары кезінде көрсетілген садақ ату сайысы Аустралиядан келген қонақты да таңғалдырды.
– Бүгін таңертең біз Венгр стиліндегі садақ атуды көрдік. Бұл өте керемет болды. Мен бүркітпен аң аулауды және көкпардан жарысты көргім келеді, – деді аустралиялық қонақ Элоди Гарриман.
Орайы келгенде айта кетейік, V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясында Астанада 5 этноауыл жұмыс істейді, олар «Қазанат» ипподромы, «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» паркі, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумақтарында орналасқан.
Елорда тұрғындары, қонақтары мен ойын қатысушылары үшін этноауылдың барлық мәдени іс-шараларына кіру тегін. Ал Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының спорттық жарыстарына тек билетпен кіруге болады.

КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ
ЖАРЫСЫНДА
Ұлттық құрамамыз көш бастап тұр

Басқа олимпиадалардан бә­сіміз төмен болса да «көшпенділер олимпиадасында» қазақстандық спортшылар ерлеп тұр. Жарыстың алғашқы күндерінде-ақ суырылып алға шыққан Ұлттық құрама көш басында келеді. Оиынның 4-ші күнінде біздің қоржынымызға 48 медаль түсті. Оның 21-і алтын, 10-ы күміс, 17-сі қола.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда Қазақстан ұлттық құрамасы Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының екінші жарыс күнін 14 алтын, 3 күміс, 8 қола медальмен аяқтапты. Атап айтқанда, қазақ күресінен бақ сынаған сегіз спортшының барлығы алтын медаль алған. Жамбы атудан «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен додада Азия стилінен жүлделі үш орынды да қазақстандық спортшылар жеңіп алды. Батыр Бексауыт – алтынға, Айтбек Сарыбай күміс жүлдеге ие болса, қола медальді Ералхан Айкөз еншіледі.
Қазақстандық спортшылар аударыспақтан үш салмақ дәрежесінде де алтын медаль алды. 60 келіде Ермек Құралбай, 70 келіде Алмат Ләтіпбек, 80 келіде Дарын Өткелбай жеңімпаз атанды.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен ерлер мен әйелдердің әрқайсысы төрт салмақ дәрежесінде сынға түсті. Әйелдер арасында 48 келіде Айжан Жылқыбаева, 52 келіде Назерке Азаматова, 56 келіде Рауза Нұрмахамбетова, 60 келіде Бақыт Құсақбаева алтын медаль алды. Ал ерлер арасында 55 келіде Бекжан Төлепов, 60 келіде Мейіржан Берекетов, 66 келіде Дидар Тұқышев, 74 келіде Жұмажан Қожамбеков алтын медальға ие болды.
Көкпаршыларымыздың да қарқыны қатты. «Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпардан іріктеу кезеңінде Қазақстан Өзбекстанды 16-0 есебімен жеңді. Көкбөріден ұлттық құрама спортшылары АҚШ-тың ковбойларын да қақырата жеңіп, 18-0 есебімен айқын басым түсті.

ҰЛЫТАУЛЫҚ ҰЛАН
мерейімізді үстем етті

«Алау» мұз айдыны сарайында кураштан, мас-рестлингтен және асық атудан бәсеке өтті. Кураштан қазақстандық 6 спортшы жүлдеге ие болды. Ал, Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен ерлер арасында 65 келі салмақта жерлесіміз Бірімжан Асылмұрат қола медаль иеленді.

Мас-рестлингтен ерлер арасында 65 келі салмақ дәрежесінде ұлытаулық ұлан — Бірімжан Асылмұрат үшінші орынға моңғолиялық спортшы Тцеренцогол Пуревсуренмен таласып, қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. Осылайша, Асылмұрат V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының қола жүлдесін қанжығалады.
Бірімжан Асылмұрат Ұлытау облысы полиция департаментінің қызметкері. Ол Ұлытау ауданы Шеңбер ауылында дүниеге келген. Жұбайы екеуі бір ұлды тәрбиелеп отыр. Жастайынан спортты жанына серік етіп, түрлі жарыстарда жеңіске жеткен.

АНЫҚТАМА ҮШІН АҚПАРАТ:

— Ұйымдастырушылардың мәлі­ме­тінше, Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары тарихында халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынған. Жалпы, БАҚ-қа арналған аккредитацияға 64 елден 1185 өтінім түскен.
— «Ұлы Дала дүбірі» ұранымен өтіп жатқан халықаралық іс-шараға 1,5 мың ерікті тартылған.
— Астана төрінде өтіп жатқан дүбірлі додаға 89 елден 2 430 қатысушы тіркелген. Оның ішінде жаттықтырушылар, спортшылар, мәдени және ғылыми жобаларға қатысатын ғалымдар, зерттеушілер де бар.
— 2014 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан көшпелілер ойындарында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
— Медальдің жалпы саны – 581 дана.
— Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жүлде қоры – 250 млн теңге.
— Қонақтарды қабылдау үшін Елордадағы 20 қонақ үй мен 331 көлік құралы жұмылдырылады. Қатысушылар үшін қонақ үйлерден спорттық нысандарға арнайы шатл басстар ұйымдастырылады.

Топтаманы әзірлеген
Ізтай Белгібайұлы.