Қазіргі күнде білім беру саласындағы тың өзгерістер мен жаңалықтардың болуы заман талабына да байланысты. Қоғамның өзі біліммен толыққанды сусындаған тұлға тәрбиелеу керектігін көрсетіп отыр. Әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер еліміздің білім беру жүйесіне де соқпай кетпейді. Білім беру саласына өзгеріс енгізу – болашақ ұрпағымыздың терең де жан-жақты білім алып, өмір көшінен қалмауы болып саналады.
Кез келген елдің экономикалық қуаты, халқының өмір суру деңгейінің жоғарылығы, дүниежүзі қоғамдастығындағы орны мен салмағы сол елдің технологиялық даму деңгейімен анықталмақ. Жалпы қоғам дамуы мен жаңа технологияны ендіру сапалығы осы елдегі білім беру ісінің жолға қойылғандығы мен осы саланы ақпараттандыру деңгейіне келіп тіреледі. Экономикасы күшті дамыған елдердің көрсетіп отырған білім деңгейлерінен көруге болады. Алдымызда қазіргі заманның цифрлық технологиясын толық игеру міндеті тұр. Тұтас алғанда әлемдік технологиялық даму деңгейіне сәйкес өзіміздің жаңа экономикамызға қажетті білімнің баршаға ортақ базасын ұдайы жаңартып отыру үшін ілгері талаптар қойып, тиісті инфрақұрылым қалыптастыру керек.
1991 жылы американдық ғалымдар Нейль Хоу мен Вильям Штраустың «Ұрпақтар теориясын» жасады. Онда былай деп атап көрсетеді: «2011 жылы туған ұрпақтар альфа ұрпақтар болып табылады. Альфа ұрпақ бұлар өмір мен интернетті түбегейлі біріктіреді. Ғалымдар оларды футуролог деп атайды. Қолына гаджет ұстап өмірге келгендер әлемді цифрлы технология арқылы таниды. Олар жаялықта жатқан кезінде-ақ біз білген ақпараттан он есе көп ақпарат қабылдайды. Қазір адамдар көп қыдыратын, саяхаттайтын болған. Ал альфа ұрпақ үшін өзге елдің тілі, жері, салт-дәстүрі өте қызық. Сондықтан, келешекте бұл ұрпақ жаңа әлем құру үшін кез келген елдің адамдарымен тіл табысып кете алады. Ақпаратты өңдеп, қорытуда бұл ұрпақ тіпті, алдыңғы зумер, Z ұрпақтан асып түсетін болады. Альфа ұрпақтар бір тәулік ішінде өте үлкен көлемдегі ақпаратты қабылдай алатын қабілетке ие. Бұл балалар есейген шақта кез келген уақытта жаңа ережелерге тез үйренеді. Себебі, олар үздіксіз сабақ алуға дағдыланған. Альфалар жан-жақты білімді, ой-өрісі кең ұрпақ». Ендеше, осындай ұрпақпен жұмыс істеу үшін ұстаздар да үнемі ізденісте болу керек.
Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық үрдістің қарқыны – ұстаздың білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Ол – жаңа техника-технологияны жақсы меңгерген жеке тұлғаны жан-жақты дамыту. Ол үшін білім беру саласында қазіргі дидактикалық мүмкіншіліктер мен жаңа идеяларды және инновациялық технологияларды тиімді пайдалану қажет, мұның бірі – компьютерді қолдану. Сол арқылы цифрлық технологияны пайдалану, жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне интеграциялау міндеттері тұр.
Биылғы Астана қаласында өткен тамыз Самитте де, Ұлытау облыстық білім басқармасының да өткізген тамыз кеңесінде де, бүгінгі қалалық білім беру ұйымының ұйымдастырып отырған тамыз кеңесінің де тақырыбы біреу ғана, ол – «Жаңа замандағы білім беру».
Білім сапасының ең өзекті көрсеткіші – өскелең ұрпақтың жетістігі мен әлеуметтенуі. Ұзақ жылдық тәжірибеге сүйенетін болсақ, мектепте білімі мол, табысты оқушының кейінгі өмірде де, қызметте де табысты болуына кепілдік жоқ. Ондайлар күнделікті өмірде кездесіп жатады. Оған басты себеп, оқушы мектептен алған білімін мектептен тыс уақытта қолдана алмауы мүмкін, өз кезегінде бұған себеп болып отырған оқушының шығармашылық қабілеті мен ойлау икемділігінің жеткілікті қалыптаспауы. Сондықтан, тәрбиенің басты мәселесі, оның ішінде педагогикалық қызметтегі маңызды проблеманың бірі – білім берудің негізгі үш тармағына қол жеткізу: оқуға үйрету, еңбекке баулу және өмір сүруге үйрету қажет.
Өңірдегі білім беру ұйымдарының саны — 11, оның ішінде 7 жалпы білім беретін мектеп, 1 бастауыш мектеп, 3 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 1 қосымша білім беру ұйымы бар. Биылғы жылы Жәйрем кентінен жеке меншік «Ажар» бөбекжайы ашылып, онда 115 бүлдіршін тәрбие алуда.
Барлық мектептерде білім алушылардың саны — 3404 оқушы. 1-4 сыныптарда 1385 оқушы, 5-9 сыныптарда 1629 оқушы, 10-11 сыныптарда 390 оқушы. Биылғы жылы мектеп табалдырығын 350 оқушы аттамақшы.
Қалалық білім беру ұйымының әдістемелік кабинетінің белгіленген жоспарына сәйкес, біршама жұмыстар жүргізілді. Қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Шебер педагог — табысты оқушы» атты қазақ тілі, дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдері өткізді. Бастауыш сынып мұғалімдері арасында «Бағалауға арналған тапсырмаларды талдау, дайындау жолдары» атты облыстық семинар да ұйымдастырылды. Мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Мобильді топ қызметі мен консультациялық пункт жұмысын тиімді ұйымдастыру жолдары» атты облыстық вебинарда «Балдырған» бөбекжайының тәрбиешілері іс-тәжірибесімен бөлісті. «Мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ тілін меңгертудің тиімді тәсілдері» атты облыстық вебинарда «Балбөбек» бөбекжайының тәрбиешілері өз іс-тәжірибелерімен таныстырды. Оқушы мен жетекшінің жетістігімен қоса жеке мұғалімдердің де жетістіктерін айтып өтсек, математика пәні мұғалімдеріне арналған республикалық «Математикалық регата» олимпиадасының облыстық кезеңінің 3 дәрежелі дипломының иегері атанған №7 ЖББМ математика мұғалімі Зәуре Қожамсейітова, Ұлытау облысы математика және физика мұғалімдерінің 1 шығармашылық байқауының жеңімпазы болды. 1 дәрежелі дипломмен Ұлытау облысы математика және физика мұғалімдерінің 1 шығармашылық байқауының жеңімпазы Ольга Рымар жетістікке жетті. География пәнінен (жетекшісі Береке Кәріп) №7 ЖББМ 10 сынып оқушысы Айзада Сатанова облыстан 1 орын иеленіп, республикаға жолдама алып, алдыңғы қатардан көрінді. Сонымен бірге, Өмірбек Жолдасбеков атындағы 11 сынып оқушыларына арналаған математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсының жүлдегері Ануар Қарымсақов Ұлытау облысының намысын қорғады. Пән мұғалімі Айшагүл Серікқызы №10 ЖББМ математика пәнінің мұғалімі. Конкурстар, пәндік олимпиадалар, республикалық байқаулардан 54 оқушы мен олардың жетекшілері зор жетістіктерге жетті.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын атап, білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударуды тапсырды. Осыған орай, 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді. Бағдарлама білім алушылардың ар-ұят, еңбекқорлық, білім алуға құштарлық, сыни және креативті ойлау, құқықтық және экологиялық мәдениетті, медиа сауаттылық, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруды көздейді. Осының барлығы жас ұрпақтың бойынан табылады деп сенеміз. Барлық ата-аналарды, ұстаздар мен оқушыларымызды жаңа оқу жылымен құттықтаймыз. Толағай табыстарымыз көп болсын!
Тілеш Аштаев,
«Қаражал қаласының білім бөлімі» ММ
басшысының міндетін атқарушы.