Қазақ халқының аңыз әңгімелеріндегі Толағай батырды білмейтін жан кемде-кем шығар. Сол аңыздағы елін, жерін қуаңшылықтан қорғау үшін Алатаудан Сарыарқа даласына тау көтеріп әкелген Толағай батырға теңдес күштері бар, білектері шымыр, жүректері мықты азаматтар біздің өңірде жетерлік. Солардың бірі – жәйремдік азамат, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ тау-кен көліктерінің жүргізушісі Рахат Сабырұлы Ханафин. Ол аңыздағы Толағайдай тау көтермесе де, ауылының намысын қорғап, үлкен жарыстарда салмақтары өз салмағынан екі, үш есе асатын қошқар, бұқа, өгіз көтеріп, тонналаған ауыр көліктерді белімен тартқан қара күш иесі ғана емес, шаршы алаңда ала допты ұршықша иірген мықты футболшы, Қазақ күресінде жауырыны жерге тимеген палуан, білегі бүгілмеген, жұдырығы жазылмаған салмақты қол күресші. Білегінің күшімен Қаражал-Жәйрем өңіріне ғана емес, маңайдағы көптеген елді мекендерге аты танымал бола бастаған қара күш иесіне еліміздегі Спорт күні қарсаңында жолығып, сұхбаттастық.
– Рахат Сабырұлы, сіздің есіміңізді соңғы жылдары қошқар көтеру, бұқа, өгіз көтеру жарыстарында жиі естіп жүрміз. Бұл спорттың бір түрі ме, әлде халық арасында ойластырылған сайыс па?
– Бұл қазақ халқының ұлттық спорт түрлерінің бірі. Ежелде қазіргі сом темірлер мен зіл болаттардан жасалған кір тастары, штангалар болмаған кезде ауыл арасындағы той-домалақтарда қара күш иелері осылай төрт түліктерді көтеріп, күш жарыстырған. Кейінгі кезде заманауи спорттық құрылғылар пайда болғаннан соң, бұл сайыс түрлері сәл ұмытыңқырап барып, Аллаға шүкір, соңғы кездері жиі ұйымдастырылып жүр. Қошқар көтеру жарысымен қатар өгіз көтеру жарыстары қазір кеңінен тарала бастады. Бірақ, тек ауыл ішіндегі жарыстарда ғана ұйымдастырылатын жарыс. Бұл сол халықаралық штанга көтеру жарыстарымен үндес спорт түрі ғой. Әлемдік деңгейдегі жарыс емес.
– Бұл өте ауыр және өте қауіпті спорт түрі. Осы кейінгі көршілес Ералиев ауылында болған Дәулеткелді елінің ата-бабаларына берген асында сіздің өгіз көтеріп келе жатып, оңбай құлап түскен видеоңыз таралды. Көріп отырған жанның өзіне қорқынышты көрінді. Сіздің осыншама қауіпті сайысқа қатысуыңыздың сыры неде және осы уақытқа дейін қанша өгізге ие болдыңыз?
– Қазақ халқында «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақал бар емес пе? О баста қызық көріп, жігіттер бір-бірімізбен жарысып көтеріп жүрдік. Кейіннен сайысқа барған жерден үнемі бас жүлде арқалап қайтып жүрген соң, маған одан сайын қызық бола бастады. Әрине, оңай емес, белің, аяғың, мойның мықты болу керек. Жалпы денсаулық болмаса, бірыңғай қара күшке сену де дұрыс емес және ауыр салмақты көтерудің де өзіндік амал-тәсілдері бар. Қырағы болу керексің және бұлшық еттеріңді жинап, салмақты бар деңгейге бірдей тең қалыпта ұстауың керек. Соны қатаң сақтамасаң, мың жерден алпауыт күшің болса да, сүрініп кетіп, үлкен малдың астыңда қалып, жарақаттану қауіпі жоқ емес. Аллаға шүкір, соңғы 1-2 жылда қанжығама 4 өгіз және 3 қошқар байланды. Қанжығама байланған жүлделерім ата-анамның үлесі. Әкем — Сабыр Сырттанбеков отбасымыздағы үш ұлды да (мен және менен кейінгі екі інім) кішкентайымыздан спортқа баулыды. Өзі де спортпен жақсы шұғылданған. Әкемнің ағалары, менің үлкен әкелерім марқұм Серік Сырттанбеков, Ғалым Сырттанбеков қазақ күресі, дзюдо спортының спорт шеберлері болған. Өкінішке орай екеуі де қазір арамызда жоқ. Арамызда жүрсе менің әр жетістігіме қатты қуанар еді.
– Енді сіз өзіңіз айтқандай үлкен мерекелерде болмаса күнде қошқар не болмаса өгіз көтере бермейсіз ғой. Ал қара күш үнемі жаттығып тұруды қалайды. Бос уақытыңызда немен айналысасыз, бойдағы күш-жігерді қалай дамытып тұрасыз?
– Ия, жаңа айтып өткенімдей қошқар не болмаса өгіз көтеру жарыстары тек ауыларалық тойларда, кешегі Ералиев ауылында берілген құдайы ас сияқты үлкен шараларда ғана ұйымдастырылады. Өз ауылымызда Құрбан айт мейрамының құрметіне орай, Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мейрамында болатын үлкен тойларда бұл спорт түрі міндетті түрде өтеді. Менен басқа да қошқар, өгіз көтеретін азаматтар жетерлік. Бірде мен аламын, бірде басқа жерлесіме бұйырып жатады. Жалпы бойдағы Алла берген күш-қуатты демеп, жаттығып тұру керек. Біздің Жәйремде өзім еңбек ететін «Казцинк» компаниясы жанынан құрылған «Жәйрем дамуы» Корпоративтік Қорға қарасты Спорт Федерациясында халыққа арналған, тегін жаттығу залдары бар. Ол жерде жергілікті халық тегін спорттың кез келген түріне жаттыға алады. Ерлерге бөлек, әйел адамдарға бөлек арналған арнайы секциялар бар. Қолым тигенде сол залда жаттығамын. Ал жалпы өзім футбол ойнағанды, қазақ күресімен айналысқанды ұнатамын. Бізде жылда Кәсіподақ ұйымы ұйымдастыратын шағын спорттық жарыстардан бөлек, Спорт Федерациясында спорттың барлық түрінен үш айға созылатын спартакиада ұйымдастырады. Сол шарада спорттың барлық түрінен жарысамыз. Мен міндетті түрде қазақ күресіне, қол күресіне, арқан тартысқа және футболға қатысамын. Командамызбен жүлдесіз қалған емеспіз. Кәсіподақ ұйымы ұйымдастыратын «Силовой экстрим» жарысында үлкен тау-кен көлігін қолмен тартып, орнынан қозғап, жүргізу, 100-150 кг-нан жоғары салмақты зіл темірлерді уақытқа тасымалдау тәрізді қара күш сыналатын сайыстарға да өз цехымның намысын қорғап, талай жүлделі болдық. Компаниямыздың бас офисі орналасқан Өскемен қаласында Казцинктің барлық бөлімшелері арасында болатын спартакиада да біздің салауатты өмір салтын ұстануымызға көп септігін тигізеді. Ол жақтан да талай жүлде арқалап қайттық.
– Өзіңіз еңбек ететін «Казцинк» компаниясын жиі тілге тиек етіп отырсыз. Жалпы кім болып еңбек етесіз? Жұмыс берушінің жұмыскерлерге жасайтын қолдаулары жайында бірнеше рет айтып өттіңіз. Жалпы, компания жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайына қалай қарайды?
–Мен «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да тау-кен көліктерінің жүргізушісі болып еңбек етемін. Еңбек өтілім – 7 жыл. О баста жеңіл көліктер цехында еңбек еттім, тау-кен көлігіне отырғаныма бір жылдан астам уақыт болды. Жұмыс беруші тарапынан жұмыскердің денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігіне барлық жағдай жасалған. Өндірісте еңбек ету әрине оңай емес. Жалпы, қандай жұмыс болмасын, үлкен жауапкершілікті талап етеді ғой. Дегенмен, өндірісте ұқыптылық, жинақылық, ең бастысы сақтық және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Арнайы жұмыс киімдерімен, тегін тамақпен қамтамасыз етілеміз. Жұмысқа барып-қайту тегін. Жалақымыз уақытылы. Еңбек демалысы кезінде емдік санаторийларға бара аламыз. Медициналық ем-домдарға жұмсалған қаражатымыз қайтарылып беріледі. Көп балалы отбасыларға да керемет көмектер жасалып жатады. Мен әзірше бойдақпын. Бірақ, әріптестерімнің ризашылықтарын естіп, біліп жатамын. Аллаға шүкір, жалпы компанияның жұмыскерге жасап отырған әлеуметтік пакеті көңілге қонымды.
– Жалпы спортқа деген қабілетіңізді ел арасында талай естіп жүргенмен, өзіңізге жолығудың сәті енді түсті. Спорттан бөлек, өнерге де қатысыңыз бар екенін білеміз. Кәсіподақ жанынан құрылған «Өндіріс волонтерлары» тобының да мүшесі екенсіз. Қысқасын айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» дейді ел сізді. Сол жайында не айтар едіңіз?
– Ел асыра мақтап жіберген екен. Ия, ән айтқанды ұнатамын. Отбасымда әкем де, анам да ән айтады. Сырттанбековтар әулетінде «әу» демейтін адам кемде-кем. Оны жергілікті халық жақсы біледі. Менің тегім атамның атынан Ханафин, ал Сырттанбековтар менің түпкі әулетім, яғни, әкем және әкемнің бауырлары. Атам Ханафия кіндігінен 15 бала тараған. Солардың бәрі де спорттан да, өнерден де құр алақан емес. Кәсіподақ ұйымы ұйымдастыратын дәстүрлі «Алтын микрофон» сайысында бірнеше рет жүлделі болдым. Ия, «Өндіріс волонтерлары» тобындамын. Бұл топтың құрылғанына биыл бес жыл болады. Осы бес жыл бойы кентіміздегі аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарт-қарияларға, ерекше бала тәрбиелеуші жалғызбасты аналарға қолдан келген көмегімізді жасаймыз. Сонымен қатар, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жұмыскерлерінен құралған «Акцент» көңілді тапқырлар клубының мүшесімін. Мұның бәрі мен үшін мақтаныш емес. Жалпы өзім мақтанғанды және мақтағанды ұната қоймаймын. Бүгін маған уақыт бөліп, хабарласқан екенсіздер, көңілдеріңізді қалдырмайын дедім. Әйтпесе, мен ерекше ештеңе жасап жүрген жоқпын. Өзімдей жастардың жасайтын еңбегін жасап, өз қатарластарыммен түрлі бағытта өзімді сынап келемін. Жас кезімізде қолдан келіп тұрған шаруаға араласып, неге бақ сынамасқа? (күлді).
Әрі спортшы, әрі әнші, волонтер, КВН ойыншысы деп тізбектегенмен, ең бастысы Рахат Ханафин қарапайым еңбек адамы, қара күш иесі. Отбасындағы үш баланың үлкені. Өзінен кейінгі інісі Қайрат Ханафин де «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ еңбек етеді. Кіші інісі Ернар Ханафин Қарағанды политехникалық университетінің студенті. Екеуі де ән салып, екеуі де спорт саласында көзге көрініп жүрген жандар. Асқар тау әкесі Сабыр Сырттанбеков «Жәйрем марганеці» ЖШС еңбек етсе, анасы Сәния Сырттанбекова жергілікті «Балдырған» балабақшасында тәрбиеші.
Жүрген жерінде өзіндік орны бар, өндірісте енді өркендеп келе жатқан, сегіз қырлы, бір сырлы азаматқа біз тек сәттілік тілейміз. Спортта да, өндірісте де, сахнада да тек биіктен көрініп, алар асуы биік болсын.
Теректі ШАҒАТАЙ.