Дамудың дара даңғылы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы мазмұны мен мән-мағынасы жағынан ел дамуының тың міндеттерін белгілеп берген заманауи құжат деп білеміз. Саяси, әлеуметтік, рухани, экономикалық салалар бойынша атқарылған істердің хронологиялық тізімін баяндамай-ақ, жаңа форматтағы мақсаттарды жүзеге асыру халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны қуантады.

Билік-қоғам-халық арасындағы жанды байланыс, демократиялық үрдістерді тереңдету және тағы басқалары, шын мәнінде, өзектілігімен, өміршеңдігімен дараланады.

Ел бірлігі мен тұтастығы, ұйымшылдығы берік болса, алынбайтын асу жоқ, ол дәл осындай алмағайып, геосаяси ахуал асқынып тұрған сәтте ауадай қажет. Жылдың басты құжаты осындай тереңдік сипаттарымен ерекшеленетінін баса айтуымыз қажет.

Жолдаудағы өзекті де батыл шешім – Ұлытау облысын құрып, орталығын Жезқазған қаласы деп белгілеуі. Бұл жерде Мемлекет басшысының Абай облысын құру туралы, Алматы облысын екі өңірге бөлу туралы ұсынысы ел тарихындағы қасиетті жерлерді құрметтеуі және ол шешімді республика халқының үлкен қуанышпен қабылдауы деп білуіміз керек.

Қалың жұртшылықтың өтініш-тілегіне Мемлекет басшысының құлақ асуы оның төңірегіне қазақстандықтардың ұйысуы, елдегі жаңару үрдістерінің салтанат құра бастауы деп түсінгеніміз абзал. Мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен Парламент палаталарына қатысты түбегейлі тың шешімдерді алға тартуы мемлекетіміздің ішкі-сыртқы жағдаяттарын айрықша ескергендігі деген орынды.

 Қарлығаш ХАМЗИНА,

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.