ҚАНЫШ ЕСІМІН ҰЛЫҚТАҒАН АЙТЫС өңір жұртшылығын екі күн жырға бөледі

Өткен аптаның соңында Сәтбаев қаласында Ұлы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Қаныштың қазыналы әлемі» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Аталмыш аламанға еліміздің түкпір-түкпірінен талай жыр додаларында бақтары мен баптарын сынап жүрген «мен» деген 12 ақын қатысты.

Жыр додасы ұлы ғалымның рухына тағзым ету шарасымен басталды. Аламанға келген айтыскер ақындар мен қазылар алқасы қаланың бас алаңындағы Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қалалық мұражайды тамашалады.
Айтыстың шымылдығы Сәтбаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмат Сауқымовтың құттықтауымен түрілді.
– Айтыс – халықтың төл өнері. Осынау ұлы өнерде ұрпаққа берілетін сарқылмас тәрбие мен тәлім жатыр. Оның үстіне Ұлытау өңірінде осындай өнерді дәріптемесек, бізге сын. Биылғы ақындар айтысының тақырыбы да ауқымды. Ол дара тұлға, ұлт мақтанышы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр. Аламанға қатысқалы отырған ақындарға сәттілік тілеймін, – деді Алмат Сауқымов өз сөзінде.
Сәтбаев қаласына жиналған жыр саңлақтарының өнеріне белгілі ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Ал, айтыстың тізгінін әдеттегідей ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев ұстады.
Көмейлерінен көмкерілген көркем жырды домбыраның шанағына сыйғызып жүрген 12 ақын 6 жұпқа бөлініп, өңір жұртшылығын екі күн бойы жырға бөледі. Аламан айтысты тамашалауға келген көрермендердің де қатары қалың болды.
Жырдан маржан тізген сөз зергерлерінің өнерін бағалау қазылар алқасына да оңайға түскен жоқ. Ақындар өзгелердің сезбесін сезіп, көрмегенін көріп, ойламағанын болжап, тілі жетпегенін халықтың атынан жеткізе білді. Қазылар да соны дөп басып, лайықты бағасын беріп отырды.
Екі күнге созылған аламан айтыстың қорытындысы бойынша Бас жүлде Қызылорда облысынан келген Мейірбек Сұлтанханға берілді. Оған өңіріміздегі іргелі кәсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен алынған темір тұлпардың кілті табыс етілді. Ал, бірінші орын және 1 500 000 теңге сомасындағы ақшалай сертификатты жерлесіміз Өміржан Көпбосын қанжығасына байлады.
Қазылар алқасының шешімімен екінші орын және 1 000 000 теңге сомасында ақшалай сертификат Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы) мен Дидар Қамиевқа (Қарағанды облысы) берілді. Үшінші орынды 700 мың теңгемен Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) және Айым Асылбек (Алматы облысы) иемденсе, Ш.Ділдебаев пен К.Салықов атындағы арнайы жүлделер мен 500 мың теңгелік ақшалай сертификаттар Біржан Байтуков (Шымкент қаласы) пен Жігер Бөкенге (Павлодар облысы) табыс етілді.
Орайы келгенде айта кетейік, Сәтбаев қаласында осындай ақындар айтысын өткізу дәстүрге айналған. Ал бұл жолғы айтыстың мәні мен маңызы тіптен зор. Айтыстың өркендеуіне өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы да қолдау танытып отыр.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ