Бұл балалар мекемесі Жәйрем кентінде қолданысқа берілді. Балабақшаның өзгелерден ерекшелігі сол – ондағы топтар Ыбырай, Абай, Қаныш сынды ұлт зиялыларының есімімен аталады. Қазіргі уақытта балабақша 20 маманды жұмыспен қамтып отыр.
125 орындық, қосқабатты балабақшада 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін заманауи даму аймақтары, STEM кабинеті, хореография залы және емдік тұзды бөлме жабдықталған.
Орайы келгенде айта кетейік, осы уақытқа дейін кентте бір ғана мемлекеттік балабақша жұмыс істеп келген болатын. Енді міне, жеке кәсіпкер өз қаржысы есебінен жаңа, заманауи үлгідегі екінші балабақшаны ашып, жерлестерін қуанышқа бөледі. Енді балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер осы балалар мекемесіне қабылданатын болады. Қазірдің өзінде мектепке дейінгі тәрбие мекемесінде төрт топ іске қосылған. Бесіншісін жасақтау жұмыстары жүріп жатыр.
Қаражал-Жәйрем өңіріне жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы осы жап-жаңа балабақшаның ашылу салтанатына қатысып, жәйремдіктерге жаңа балабақша тарту еткен жеке кәсіпкерге алғысын жеткізді.
– Балабақша ашу – жауапты да сауапты іс. Мекемеге сұраныстың артуы – халық санының көбейіп жатқанын көрсетеді. Былтыр қолға алынған істі жүзеге асырып, халық игілігі үшін бастама жасап отырған Еділхан Берденбек мырзаға алғыс айтамын, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ