Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін және шағын шаруашылықтарды қолдау мақсатында, «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екенін атап өткен болатын.
Былтырғы жылы Ұлытау облысына «Ауыл аманаты» бағдарламасына қаражат бөлініп, облыстың ауылдық округтері мен кент тұрғындары қатыса бастаса, тамыз айынан бастап Қаражал сияқты шағын қалаларда бұл бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды.
Микрокредит беру — Жезқазған қаласындағы «Ұлытау» ӘКК арқылы жүргізіледі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының басты мақсаты – ауылдық жерлердегі тұрғындардың табысын арттыру. Ауыл тұрғындары банктен несие алу үшін көп кедергілерге тап болып жатады. Себебі, кепілге қоятын мүлкі жоқ, не талапқа сай емес. «Ауыл аманатының» артықшылығы — берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатыны.
Сонымен қатар, биылғы жылы кепілге алынатын жылжымайтын мүліктің жасы ұзартылды. Облыс орталықтарындағы мүліктің жасы 65 жылдан 70 жылға дейін, басқа елді мекендердегі мүлік үшін 60 жылдан 65 жылға дейін ұзартылды.
Жеке тұлғалар үшін жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада тұрғылықты жері бойынша кемінде 12 ай (микрокредит алуға өтінім беру күніне) тұрақты тіркеудің болуы қажет.
«Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары:
1) ауыл шаруашылығы саласындағы тауарларды өндіру, өңдеу және қайта өңдеу;
2) өсімдік шаруашылығын дамыту, жылыжай құру;
3) ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау;
4) мал шаруашылығын дамыту;
5) ауыл шаруашылығы техникасы мен жаңа жабдықтарды сатып алу;
6) басқа бағыттағы бизнес жобалар.
Несиенің негізгі шарттары:
1) шағын несие мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін;
2) шағын несиенің ең жоғарғы сомасы — ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (9.2 млн теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (29.5 млн теңге) дейін;
3) сыйақы мөлшері жылына 2,5 пайыздан аспайды.
Тағы бір айта кетер жайт, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Несие талаптары:
1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;
2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;
3) Мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;
4) кепілмен қамтамасыз ету;
5) зейнет жасына жетпеген;
6) ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қора) болуы қажет.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қосымша ақпарат немесе кеңес алуға Қаражал қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне немесе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалына хабарласуларыңызға болады.
Марат САТАНОВ,
Қаражал қаласының кәсіпкерлік
және ауыл шаруашылығы бөлімінің
басшысы.