Батырлар жанымызда

Соғыс біздің планетамызда ерте заманнан бері тоқтаусыз жүріп жатты. Ал соғыс жолы үрейге толы. Бұған дейінгі кез келген соғыстай Ауған соғысы да тарих қатпарына енді. Ешкімге де ешқашан жарияланбаған, ерлік дастаны мен халық қайғысын арқалаған Ауған соғысы Ұлы Отан соғысына қарағанда 2 есе ұзақ уақытқа созылды.

Айтуға оңай, сұрапыл зобалаң қаншама тағдырды жалмады. Тарих қойнауына кеткен Ауған соғысы бүкіл қазақ еліне салқынын тигізгені белгілі. Бұл соғыс біздің ел үшін ғана емес, әлемді жайлаған қақтығысқа толы қырғынға ұласты. 1979 жылы басталып, он жылға созылған соғыста қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміз, мұздай қаруланған қарсы тараппен кескілескен соғыс жүргізді. Талай сарбаз ерлік жолында мерт болды. Иә, бұл соғыс біреудің өмірін жалмаса, енді бірінің жалғызын алды. Аузынан ана сүті кетпеген боздақтардың көбі дерлік сол қырғыннан Отанымызға мүгедек болып оралды. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала туған жеріне қайта аяқ баспады. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінен мәңгі ұмытылмайды.
Деректерге сүйенсек, Ауған жеріне сол кезеңде КСРО-ның 620 мыңға жуық сарбазы барған. Соның ішінде КСРО құрамында Отан алдындағы міндетін өтеген 22269 қазақстандық Ауған соғысына қатысты. Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тауып, 1015 адам мүгедек болып оралып, 19 адам іс-түссіз жоғалды.
Сұрқия саясат толқынымен болған Ауған соғысының зардабы мен қасірет табы әлі де көлеңкесін түсіруде. Кеңес Одағының державалық мінезін әлемге паш ету ниетімен тұтанған соғыс өрті талай тағдырды шарпыды. Солақай саясаттың тауқыметін арқалап, сол жылдары азаматтық борышын өтеуге 22 мыңнан астам қазақстандық аттанған екен.
Талай отбасын зар қақсатқан жойқын соғыстардың бірі 1979-1989 жылдар аралығын қамтыған Ауған соғысы еді. Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 15 ақпан күні 35 жыл болады. Бұл күн күнтізбеде арнайы белгіленбесе де, қанды соғысты басынан кешірген жауынгер-интернационалистер үшін ұрыс даласынан қайтпаған жауынгер достарын еске алу күні.
Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттарда бірін-бірі бауыр басқан Ауған соғысының жауынгерлері бүгінде біздің Қаражал-Жәйрем аймағында бейбіт күн аспанында халықтың, елдің игілігі үшін әр салада жұмыс істеп жатыр. Ауған соғысы — КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. КОКП және КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген “халықтық-демократиялық үкіметті” қолдап, көршілес елдің социалистік бағытпен дамуын көздеп, “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен оның ішкі істеріне араласты. Бұл “қырғи қабақ соғыс” кезеңі өткеннен кейінгі уақытта да КСРО-ның өзге елдерді өз ықпалына қарату саясатының айқын көрінісі еді. 1965 жылы қаңтарда Ауғанстанда Кеңес Одағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МХК) тыңшыларының қатысуымен жартылай астыртын қызмет атқарған халықтық-демократиялық партия (ХДП) құрылып, біраздан соң ол екіге бөлінген. “Хальк” тобын Н.М.Тараки, Х.Амин, ал “Парчам” тобын Б.Кармаль басқарды. 1977 жылы мамырда Мәскеудің нұсқауымен ХДП-ның екі тобы бірігіп, астыртын қимылдарын ұлғайта түсті. Мұхаммед Дауд үкіметі ХДП-ға қысым жасап, 1978 жылы 26 сәуірде оның басшыларын қамауға алды. Ертеңіне Кабулдағы әскери күштер көтеріліп, Дауд бала-шағасымен қазаға ұшырады. Сөйтіп, Ауғанстанда ХДП билігі орнады. Жаңа үкімет КСРО-ның айтқанынан шықпай, бірден социализм негізін қалауға кірісті. Жер реформасын енгізу, діндарларды қудалау, ағарту саласындағы өзгерістер, кеңестік мамандарды көбірек пайдалану, жергілікті көшпелі тайпалардың әдет-ғұрпымен, салт-мүддесімен санаспау, т.б. бұқара халықтың наразылығын тудырды. 1978 жылы қазанда ірі қарулы қарсылықтар басталды. Ауған үкіметі КСРО-мен достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа отырып (желтоқсан, 1978), Мәскеуге арқа сүйеді. Алайда халық күресі одан әрі күшейе түсті. 1979 жылдың ақырында 26 уәлаятта 18 көтеріліс өрті лаулады. Сондай жағдайда ХДП басшылары өзара тартысып, Кармаль тобы жеңіліп (1978, шілде-тамыз), оның өзін Чехословакияға елші етіп жіберді. Келесі жылғы қыркүйекте Тараки Аминнің қолынан қаза тауып, ХДП мен мемлекет басына Амин отырады. Бұл жағдайды Мәскеу өз мүддесіне қауіп ретінде қабылдады. КСРО МХК Аминді қызметінен шеттетіп, “парчамшылдарды” билікке әкелуге әрекеттенді. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы (Л. И. Брежнев, Ю.В.Андропов М.А.Суслов Д.Ф.Устинов А.А.Громыко) Ауғанстанға Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.
Бұл күнде Ауған соғысының қанды қырғынынан аман-есен оралғанымен, жандары жаралы ардагерлер ортамызда жүр. Айта кетейік, Қаражал-Жәйрем өңірінен Ауған соғысына 35 адам қатысқан. Бүгінгі күннің батырлары нар тұлғалы ағаларымыз әр салада еңбек етуде. Атап айтсақ — Базарбаев Ниязбек Мейірханұлы, Баянов Нұрғали Аманұлы, Бекмағамбетов Ғалым Құдышұлы, Игібаев Серік Ұзақбайұлы, Кәрібаев Нұржан Жамбылбекұлы, Набокин Андрей Иванович, Нұрсафин Тілеуғазы, Садықов Алпысбай, Сосаев Қолғанат Әбдікәрімұлы, Өтемісов Думан Ибрагимұлы, Алшымбаев Бексейіт Төлешұлы.
Олар жастық шағын туған жерден тыс жерде, майдан даласында өткізген азаматтардың ерлік істерін ұрпаққа дәріптеу – біздің бүгінгі басты парызымыз. Осыған байланысты жыл сайын 15 ақпанды Ауған жерінде интернационалдық борыштарын өтеу барысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу күні ретінде атап өтіп жүрміз. Қазақ қашанда «Ер – елдің қорғаны» деп ер-азаматтың қоғам алдында бағасын асырып, мерейін тасыта білген халық. Осы ретте шейіт болған сарбаздарымыз, Ауған соғысы ардагерлері, азаматтық пен батырлықтың биік үлгісін көрсетті, Отан алдындағы парызын адал ақтады.
Соғыс туралы айту қиын, бірақ біз оралмаған азаматтарымыз бен өкініш сезімімен оралған жандар туралы ұмытуға құқығымыз жоқ. Бірақ ештеңеге қарамастан өмір жалғасуда. Уақыт жараны емдейді, өткенсіз бүгіннің де, болашақтың да болмайтыны анық. Оларды есте сақтағанымыз — біздің өмір сүріп жатқанымыздың айғағы. Осы оқиғалар туралы естелік ескерткіштерде ғана емес, біздің жүрегімізде өмір сүреді. Біз Сіздерді мақтан тұтамыз, қымбатты ауған жауынгерлері, және қанша уақыт өтсе де есте сақтаймыз! Өйткені, бұл — біздің тарихымыз. Өткенсіз болашақ болмайды. Бұл күнгі барлық құттықтаулар сіздерге рух, ерлік, өмірге деген құштарлық сыйласын!

Тлеухор БАЙШУКЕНОВА,
«Қаражал қаласының
орталықтандырылған
кітапханалар жүйесі»
КММ директоры.