Қазақтың Қанышы немесе бір суреттен өрбіген сөз

Халқымыздың асыл перзенті, атақты геолог, академик, Қазақстанның ғылым ордасының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні көктемнің шуақты айымен бірге келіп жетеді. Атамның осы туған күні қарсаңында мен де бір ой толғағанды жөн көрдім…

Оған осы мақаламен қоса берілген сурет себепкер болып отыр. Бұл суретті Қаражал қаласына қарасты Жәйрем кентінде тұратын інім Түсіп Шәмшіұлы жіберіпті. Суреттің тарихы – тым тереңде. Шешем марқұм көзі тірісінде «Әкелерің Қаныш аталарыңмен араласып тұрушы еді. Қаныш Қарсақбайда тұрғанда да, Алматыда тұрғанда да іздеп баратын. Сондай бір барыс-келісте Қабиболла қайнағаға Қанекең «Ағам Қабекеңе естелік інісі Қаныштан» деп жазып суретін берген екен. Қағаз сурет жырым-жырым бола бастаған соң оны мынадай етіп ағашқа үлкейтіп қойғанбыз» деп отырушы еді жарықтық.

Бұл сурет қазір Жәйремде інімнің үйінде тұр.

Осы жерде бұл кісілердің Қанышпен қандай жақындығы бар екен деген заңды сұрақ та туындары сөзсіз. Айтайын. Қанекең әулетімен біздің әулет арасы – 4 ата. Жай ғана рулас емес, жақын туыс. Кеше осы өңірде өндіріс ашылған кезде әкелеріміз сол Қаныш атамызды қара тұтып келсе керек. Жезқазғанды Жарық станциясымен жалғастырған темір жол салынғаны белгілі. Міне, сол отызыншы жылдары Баянауыл өлкесінің екі жігіті – теміржол мамандары осы жаққа жолдамамен келеді. Біреуі – отыздан асқан менің әкем Сауғабай Тұрсынбайұлы, екіншісі – әкейдің ағасының баласы, жиырмадан асқан жас жігіт Шәмші Қабиболлаұлы. Әкей – Жаңаарқаға, інісі Түйемойнаққа орналасады. 1942 жылы әкей бронь арқылы берілген құқығын бұзып, өз еркімен соғысқа аттанады, ал інісі броньмен қалады. Сол жердің қызына үйленеді. Жеңгеміз – бертінде Жезқазғанда қайтыс болған, руы шағыр, танымал теміржолшы Шора Қалменовтың туған апасы. Әкейдің інісі кейін Жеңіс станциясының бастығы қызметіне барады.

Әкей соғыста жүргенде әйелі қайтыс болып, бала-шағасы Жеңісте тұратын туыстардың қолында болады. Соғыстан аман-есен оралып, Ақмоланың қызына – біздің шешейге үйленіп, Жеңіске келеді. Үй салады. Шешей марқұм айтатын: «Әкелерің 49-50-жылдары Алматыға барып, Қаныштың үйінде жатып, емделіп келуші еді» деп. Соғыстан алған жарақаты бар, «мұз жастанып, қар төсеніп» қираған көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары денсаулығына әжептәуір нұқсан келтірген болу керек. Сондай бір барыс-келіс кезінде болған ерекше оқиғаны әкей тамсана отырып айтатын.

– Бірде Қанекең қыздарымен ағылшынша сөйлесіп отыр екен. Мен: «Қаныш аға, ортақ тіл – орысшаны да қимадыңыз ба?» дедім еркелеп. Жарықтық Қанекең кең адам ғой. «Ә, Сәукежан сені байқамаппын» деп кеңкілдеп күліп, қазақша әңгімеге көшті. Қазіргілер ғой, ешкімді керек етпей, өзінің ыңғайымен ғана жүретін» деп отыратын.

Осындай дара тұлғаның туысымын деп айту мен үшін үлкен бақыт. Зор мақтаныш. «Қажет еткен тіршіліктің барлық жақсы күйінен бас тартып, Қазақстан қиырында «кезбе» болып, өмір-бақи кен іздеуге әзірмін» деген екен Қанекең сонау 1927 жылдары әйеліне жазған хатында. Кең-байтақ Қазақстанның өзге өңірлерін былай қойғанда, ғалымның Жезқазған төңірегінде аяқ баспаған жері аз шығар. Қарсақбайға отызға толар-толмаста геолог болып келіп, 1941 жылы Алматыға ғылыми жұмысқа ауысқанға дейінгі 15 жылда Ұлытау-Жезқазған аймағының қазба байлықтарын ашу жолында қаншама жанқиярлық еңбек жасады десеңізші?!

Үлкенге де, кішіге де бірдей ізетті, үлкен мәдениет пен ақылдың иесі Қаныш атам туралы естеліктерді оқи бергің келеді, айта бергің келеді. Мына бір естелікті тыңдап көрейік. Бірде, Жезқазған өңіріне келген Қанышты қарсы алып, сусынын ұсынып отырған ауыл ақсақалы Әбдірахман қария:

– Қаныш, шырағым, кейінгі кезде біздің Наушабайға келуді жиілеттің, немене, мұның да астынан бірдеңе таптың ба? – деп сұрайды, тегене толы қымызды сапырып отырып.

– Мұның кереметі астында емес, үстінде болайын деп тұр, Әбеке. Білгіңіз келсе, ауыл адамдарын шақыртыңыз, айтып берейін, – дейді Қаныш бір қызық әңгіменің ұшын шығарып.

Қаныш Имантайұлы серіктерімен бірер аяқ қымыз ішкенше киіз үй іші кісіге лық толады. Бала-шаға, әйелдер де қалмайды. Жұрт тынышталғасын Қанекең:

– Бұл жердің Наушабай аты сақтала ма, сақталмай ма білмеймін, бірақ, анығы – сіздің ауыл қонып отырған жарқабақтың үстінен үлкен қала салынады. Көшелері оқтай түзу, биік сәнді, көрген жан таң қалғандай сұлу қала болады. Жайқалған гүл, мәуелі ағаш өседі. Үлкен вокзал, самолет қонатын аэродром салынады. Қала ғана емес, үлкен завод та орнайды, – дейді.

Қанекеңнің бұл сөзіне халық есі шыға қуанып, таңданыстарын жасыра алмайды. «Аузыңа – май, астыңа – тай» деп, ел Қанекеңе риясыз ризашылықтарын жеткізіп жатады.

– Салынбақ фабрика мен заводқа мол су керек, Кеңгірдің жоғарғы бойы түгел шалқыған айдын көл болады. Әлгінде мен айтқан бау-бақша, мәуелі ағаштар, гүлдер сонымен өседі, – дейді Қанекең елді ынтықты ра түсіп. – Мына кішкене балақандар зәулім мектепте оқып, мыс заводын билейтін, алып шахталарды жүргізетін инженерлер болады, көсегелерің көгереді, – деген Қанекеңнің сөзіне ел не дерін білмей дағдарып қалады. Ауыл ақсақалы:

– Апыр-ай, осының бәрін бір өзің ойлап таптың ба, шырағым? – дейді таңданысын жасыра алмай.

Елге ертегідей көрінген Ұлы ғалымның бұл сөздері көп кешікпей жүзеге асты. Әуелі жаңа Жезқазған қаласы салына бастады. 1940 жыл Кеңгір су қоймасының құрылысы басталды. Сөйтіп, Қаныштың Жезқазғаны өмірге келді. Баянауыл тұрғыны, қарапайым малшы Қанекеңді: «…Қатарынан озған бұл Қаныш,

Ғұлама еді, кең еді.

Қолдан келер шара жоқ,

Амандығы жөн еді» деп жоқтапты дейтін әңгіме де елдің, қазақтың Қанышына деген шексіз махаббатын білдірсе керек.

Иә, өкінішке орай, Қаныш Имантайұлы өмірден ерте озды, еті тірі, туыстықты сақтап тұрған әкей Қанекеңнен де бұрын о дүниелік болды. Бірде Жезқазғандағы «Дидар» телеарнасынан Қаныш Сәтбаев туралы туған күніне орай деректі естелік хабар беріп жатыр екен. Жанымда отырған әйелім, марқұм Ақзәуреш Айранбаева әзілдеп, «Көрдің бе, біздің найман елі қалай Қанекеңді ханша құрметтеп, төбелеріне көтерген?!» деп еді.

Расында, Жезқазған өңірінде Қаныш Имантайұлының туған күні ерекше зор құрметпен аталып өтеді. Осы мақаланы жазар алдында қойын дәптерімді қопарып отырып, мына бір өлең жолдарын тауып алдым. 1998 жылы қызым «Қыз сыны» байқауына қатысқанда шығарған таныстыру өлеңі екен.

«Арғында Қаржас деген елге жатам,

Дем берсін тұла бойға алған батам.

Ана тұрған көшенің қақ төрінде,

Академик Сәтбаев менің атам!», – деп жазыппын.

Иә, ол кездегі ескерткіш пен қазіргі ескерткіштің жөні бөлек. Қанекеңнің еңселі де сымбатты тұлғасы Кеншілер алаңына көрік беріп тұр. Қасынан қанша өтсем де: «О, шіркін, қайран Қаныш ата!» – деймін іштей тәу етіп.

Жәми ТҰРСЫНБАЕВ,

зейнеткер-кенші.