Есіңде ме желтоқсан?

«Желтоқсан оқиғасының» бел ортасында болып, Кеңестік қатаң тәртіптің қыспағына түсіп, небір тауқыметті басынан кешкен жандар арамызда аз емес. Сол бір жылдары олар осы оқиғаға қатысқанын айтпақ тұрмақ, оны көрдім, білдім деп айтуға қорқатын. Әйтсе де, желтоқсан құрбандарына оң көзбен қарай бастаған кезден бері ғана кейбір куәгерлер сол бір үрейлі күндерін ептеп болса да айта бастады.

Әлі күнге зәрем ұшады
Солардың бірі Жәйрем кентінің тұрғыны Айгүл Тұрсынбекова. Ол тіпті өзінің ақталғаны жайлы құжаттың өзін кешіктіріп барып алған. Сол сүреңсіз күндерден қалған үрей оның бойын әбден билеп алғаны соншалық, ол жайлы ойлаудың өзіне қорқады. Күштік құрылымдардың кеңсесіне барса қайыра қамауға алатындай көрінсе керек. «Тергеу мен тексеру күндері есіме түссе әлі күнге зәрем ұшады», дейді Айгүл Шахманқызы.

Бейбіт шеру еді
– Негізі, оқиға 17 желтоқсан таңертең басталды ғой. Алматыдағы барлық оқу орындарының маңында студенттер жинала бастады. Білетіндер мән-жайдың бәрін түсіндірді. «Қазақпын» деген студент жатақханада жатқан жоқ қой, сабақта да болған жоқ. Біз де елмен қатар алаңға бардық. Мен ол кезде тігіншілікті оқитынмын. Ал, желтоқсан оқиғасы басталғанда мен практикада жүр едім. Жатақханамыз Комсомольская көшесінде болатын. Сол күні қала көшелерінің бойымен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін айтқан жастар легі Брежнев алаңына қарай ағылып жатты.
О баста жастардың бейбіт шеруімен басталған жиынды таратпақ болған биліктің іс-әрекетінен ештеңе шықпады. Содан соң өкімет қарсы милиция мен әскер күшін шығарып, алаңдағы жұртты күшпен басып-жаншуға тырысты. Қолында шоқпарлары бар, қалқандары бар әскерлер тұрған халыққа бірден тап берді. Жұрт басында бірнеше рет қашты, содан кейін ашынды ғой, енді…

Шевченко көшесінде қолға түстім
Кешкі сағат сегізге қарай алаң жастарға толып кетті. «Менің Қазақстаным» және «Атамекен» әнін орындады. Оларды трибунаға жақындатпады. Біраз зиялы қауым өкілі келіп, жастардың қайтуын сұрады. Солардың ішінде Роза Бағланова да бар болатын. Ол жылап тұрып: «Қарақтарым, босқа қырылып қаласыңдар, тараңдар!» деді. Бірақ оған жастар көнбеді. «Бір күнде ұлттың тағдырын неге шеше салады, Қонаевтың өзі шығып айтсын, өз аузынан естиміз, демократия қайда?» деп айғайлай бастады. Бірақ жастардың талап, тілектеріне құлақ асқан ешкім болмады. Қонаевты да ешкім көре алмады.
Айқай-шу басталғанда мұздай киінген, түрлері сұсты, барлығы да еңгезердей, қолына қалқан ұстаған солдаттардың дәл алдында тұрған болатынмын. Қандарын ішіне тартып, сазарып тұрған түрлері әлі көз алдымда. Солдаттар елді ығыстыра бастады. Сарт-сұрт ұрылған соққылар естілді. Мен де елмен бірге қаштым. Бізді милиция мен әскерилер Шевченко көшесінің бойында ұстап алды. Овчарка ит жетектеген әскерилер зәремізді ұшырды. Иттері де арс-арс етіп тап береді. Бәрімізді тықсырып әкеліп автобусқа мінгізді де қаланың сыртына алып кетті.

«Мойында, шыныңды айт» деді тергеуші
Алаң қан-жоса болды. Машиналардың өртенгенін, өрт сөндірушілердің су шашқанын көрдік. Сол сұмдықтан қашып келе жатып қолға түстік. Шевченко көшесінен бізді автобусқа отырғызып қаланың сыртына алып шықты. Төрт-бес сағаттан соң ит жетектеген солдаттар бізді қайыра автобусқа отырғызып, бір үлкен ғимараттың жертөлесіне әкеліп қамады. Сол жерде тергеу, тексеру басталды. Ұсталғандарды тоқпақпен, шынжырмен аямай ұрып-соқты, қыздарды жанды жерден әдейілеп соққылағанда…
«Мойында, шыныңды айт» деді мені тергеген тергеуші. Мен үш күн жаттым сол жертөледе. Әйтеуір, Алланың көмегімен аман қалдым. Сол кездегі тәртіп бойынша комсомолдан шығарылдық, содан соң оқудан да айрылдық. Ауылға келген соң да үреймен жүрдім. Желтоқсаншыларды тергеп, тексеріп жатыр деген хабар естігенде тығылар жер таппайтынмын. Ауылға келген соң да бізге ерекше қарады. Жұмысқа тұру оңай болған жоқ, – дейді «Желтоқсан оқиғасының» куәгері Айгүл Тұрсынбекова.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ