Қазыналы қаланың жылдан жылға өрге басып, өңіріміз өзгергені баршаға аян. Ұлытау облысына ауысқаннан бері де аймақтың жағдайы жақсарып, қысқа мерзім ішінде қазыналы қаламыз өзгерді, өзгергенін көз көрді. Бүгінгі таңда ұлтымыздың рухын көкке көтеретін келешегі кемел Қаражалға айналып келеді. Мұнда салынған тұрғын үйлер, қатарға қосылған өндіріс, әлі де салынып жатқан нысандар құрылыс қарқынын еселей түсті. Өндіріс ошағына айналған аймағымыз дамудың жаңа кезеңіне бет бұрғаны әлбетте билік өкілдерінің жақсы жұмыс атқарып жатқанының айқын бейнесі десек артық емес.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында, әр деңгейдегі әкімдер жыл сайын халықпен кездесіп, атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша есеп беру міндеті жүктелген еді. Осыған орай өткен аптада өңір басшысы Айқын Елеусізов аймақ тұрғындарымен алғаш кездесіп, қаланың тыныс-тіршілігі мен атқарылған біршама жұмыс барысымен таныстырды, есеп берді. Есептік кездесуге қариялар қауымы, қала тұрғындары, мемлекеттік бөлім басшылары мен кәсіпорын қызметкерлері, депутаттар, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысқан басқосуда модератор міндеті Қаражал қаласы мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспановаға жүктелді. Сондай-ақ, айта кетер жайт, есептік кездесу Қаражал қаласы әкімдігінің ресми инстаграм және ютуб қосымшалары арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Өзінің есептік баяндамасын Айқын Қылышұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерінен бастау алды. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі мен тұрғын үйді іске қосудан басқа, негізгі төрт көрсеткіш бойынша өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалатынын айта кетті. Яғни, 2023 жылға арналған жоспар бойынша өткен жылға қарағанда 11,6% өсіммен 4,8 млрд.теңге (4,3 млрд. теңге) сомасында өз кірістерінің түсуі күтілуде. Бюджетіміздің өз кірістерінің негізгі бөлігі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға немесе 50% — ға бағыттайтынын да жасырмады.
Сонымен қатар, билік өкілдерінің міндеттерінің бірі ол – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын сақтау болып табылатын да жеткізді. Есепті кезеңде облыс бойынша барлығы 819 тұрғынды жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, өтініш білдіргендердің 638-і, яғни 77,9 пайызы жұмысқа орналастырылған екен. Оның ішінде 20-сы әлеуметтік жұмыс орындарына, 31-і жастар тәжірибесіне, 138-і жұмысқа орналастырылды. Ал қоғамдық жұмыстарға және басқа іс-шараларға 449 адам жіберілді. Яғни, жоспарға сай 112%-ды көрсетіп тұр. Бұл дегеніміз жұмыстың нәтижесі, яғни, жұмыссыздар деңгейінің (2022 жылы 3,9%-дан) 3,6%-ға (169 адам) төмендеуі болды.
Келесі кезекте денсаулық сақтау саласына келсек, жыл сайын бұл саланы дамыту бағытында пәрменді шаралар қолға алынуда.
«Жәйрем кентінің ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны мен «Қаражал қаласының орталық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылып отырады. 2023 жылы облыстық бюджеттен Қаражал қаласына 25 бірлік құрал-жабдықтар (ашық реанимациялық жүйе, жасанды тыныс алу аппараты, гинекологиялық орындық және т.б.) сатып алуға 150,0 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ, жұқпалы аурулар бөліміне күрделі жөндеу жұмыстарына 146,5 млн.теңге бөлінгенін аймақ басшысы ашып айтты.
Жәйрем кентінің ауруханасы да біраз құрал-жабдықтармен жабдықталды. Айта кетсек, 9 бірлік құрал-жабдықтарды (фототерапия аппараты, науқас мониторы, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатор, гематологиялық анализатор және т.б.) 87,7 млн.теңгеге сатып алынды. Сонымен қатар, 108 млн.теңгеге оттегі станциясын сатып алу жоспарланып отырғанын да ашып айтты.
Жалпы денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң статистика байқалады. Яғни, нәресте өлімі фактілері жоқ, туу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4% немесе 100% деңгейінде, жалпы өлім-жітім 14,5%-ға төмендегенін де қарапайым халыққа түсінікті қылып жеткізді.
Ал енді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына келсек, «Менің аулам» бағдарламасы бойынша жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру белсенді қарқынмен жүріп жатыр. Айта кетсек, 2022 жылы үш ойын алаңы орнатылып, (Битабар көшесі, Күлігер, 12 орам, №3 ғимарат), балалар және спорт алаңдарына шамдар қойылды.
Ағымдағы жылы көрікті қаламызда (Әйтеке би көшесі, Ақтай ықшам ауданы, Тойымбеков көшесі, 24 орам және 25 орам, № 4 және 22 үйлер) тағы алты балалар ойын алаңы мен жарықтандырылған спорт алаңдары орнатылды. Сондай-ақ, балалар ойын және футбол алаңдарын жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қабылданған шаралардың арқасында қаланың барлық шағын аудандарындағы көшелерді жарықтандырумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Биылғы жылы ойын алаңдарына 38 бағана мен шамдар орнатылды. Айта кетсек, М.Мақатаев, Н.Әбдіров, Б.Момышұлы, Добровольский, Т.Әубәкіров және Средний көшелерінде 50 бірлік бағаналар мен көшелерді жарықтандыру құрылғылары орнатылды.
Қаланың сәулеттік келбетін қамтамасыз ету мақсатында 17 ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталды. Биыл тағы 2 аула абаттандырылды (25 орам, №8 және 10 үй). 2022-2023 жылдар аралығында Тойымбеков пен Битабар көшелерінің, Горняков пен Абай көшелерінің қиылысында бағдаршамдар орнатылғанын алдыңғы есептік кездесулерден де естіген едік.
Қала халқына ең қызықты нысандардың біріне келсек, яғни, қазыналы қаламыздың орталықта орналасқан Тәуелсіздік көшесіндегі саябақ. 2022 жылы Тәуелсіздік көшесіндегі саябақты абаттандыру бойынша сәулет жобасы әзірленді. Жоба аясында тротуарларды орнату, саябақ шамдарын орнату, тартаннан жүгіру жолын, қобыз, домбыра, сақина және Шаңырақ композицияларын орнату бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда екен. Бүгінгі таңда тас төсеу, қала алаңын асфальттау, тартаннан жүгіру жолын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жоба құны 315 млн.теңгені құрайды.
Ағымдағы жылда облысымыздың 18,9 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде Қаражал қаласында жалпы ұзындығы 12 шақырым, яғни, 19 көшеге (Чайковский, Ахатов, Ықыласов, Әуезов, Мусин, Переулок Мира, Кляцкий, Әлиев, Кедей Төбе, Нияз батыр, Сәтбаев, Жолқанов, Сейсенбеков, Атасу, Қошқарбаев, Жақыпов, Қаражал, Битабар, Горняков, Северный ауыл) жөндеу жұмыстары қарқынды жүрді.
Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік қызметшілердің қызметін халыққа, мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде бағдарлау маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Есептік кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша шағымдар түспегенін қала әкімі айта кетті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың мүддесі үшін билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог жүзеге асырылады. Есептік кезеңде өтініштер саны 176 (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша 50%) немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ға (204 өтініш) азайды, барлығы қаралып, тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді.
Еліміздегі ең маңызды мәселелердің бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысқа келетін болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес міндеті барлық мемлекеттік мекемелердің алдына қойылған. Қаражал қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия жұмыс істейді, оның отырыстары тоқсан сайын өтетінін Айқын Қылышұлы баса айтты.
Ендігі кезекте өңіріміздің өткір мәселелерін қарастыратын болсақ, біріншіден – орталықтандырылған сумен және кәрізбен 100% қамтамасыз ету. Бүгін де Ақтай елді мекенінің тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері әлі де бар. Құрылыс құнының өсуіне байланысты жоба түзетуге ұсынылды. 2024 жылға бұл жобаны аяқтау үшін қала бюджетінен 214,4 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған екен.
Екіншіден — Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің су бұру жүйесінің апатты жағдайы. Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта жаңғырту бойынша екі жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, түзетулер құны да әлбетте өзгертуге ұшырайтыны анық. Бұл жобалардың аяқталуы 2024 жылға жоспарланған және облыста бұл жобалардың жүзеге асырылуы бақылауға алынған.
Үшіншіден — аймақ бойынша кезекте тұрған адамдарды баспанамен қамтамасыз ету. Ағымдағы жылы Қаражал қаласындағы Тәуелсіздік көшесі 12 үйді қайта жөндеу жұмыстары жалғасты. Жаңа жеткізушісі де анықталды, яғни, Жезқазған қаласынының «Астана Премиум Строй» ЖШС. Алайда бұл нысан 2024 жылда ғана аяқталатыны белгілі болды.
Төртіншіден — спорт нысандарын дамыту. Жобалар бойынша – Жүзу бассейнінің құрылысы және «Горняк» стадионын қайта құру, осы жобаларды реттеуге байланысты нысандардағы жұмыстарды аяқтау 2024 жылға жоспарланғанын айта кетті өңір басшысы.
Жалпы жаңа әкім – жаңа көзқарас. Бір демде өткен бұл есептік кездесу қысқа әрі нұсқа, яғни, жаңа форматта өтті десек те артық емес. Халық алдындағы есебін қорытындылай келе, өңір басшысы Айқын Елеусізов: — Өздеріңізге белгілі, біздің қаламыздың әлеуметтік экономикасын көтеру үшін іске асырылып жатқан жобаларды Тілектес Темірбекұлы бастаған болатын, біраз жұмыстар оң шешіммен аяқталды, осы бағытта өңірімізді көркейту жұмыстарын әрі қарай жалғастыратын боламыз, — деп сөзін аяқтады.
Әлбетте кездесу барысында жиынға жиналған дүйім жұрт пен әлеуметтік желідегі халықтың барлық сұрақтарын қабыл алып, Айқын Қылышұлы өзінің әріптестерімен мүдірмей жауап беруге тырысты. Жалпы халықтың үнемі қойылып жүрген бірсарынды сұрақтардан бөлек, жақында белең алған қызылша ауруы жайлы, қаламыздың электрэнергиясының нашарлығы, Ақтай елді мекенінің мешіт асханасының жөндеу жұмыстары жайлы, Қылыш суының қалаға тартылуы жайлы, қаламыздағы ауруханада УЗИ, МРТ сияқты аппараттың болмауы, қала маңындағы қоқыстың көбеюі, мал соятын жердің жоқтығы, №3 үйдің жылуы жайлы, кейбір көшелердің жарығының жоқтығы, сонымен қатар, төрт түліктің қала орталығында жайылып жүргендігі мен сібір язвасы ауруы жайлы біршама сұрақтар қойылды. Әлбетте тұрғындар тарапынан берілген сауалдар мен ұсыныстар назардан тыс қалмай, мұқият қарастырылып, шешімі табылып жатты. Қажетті жағдайда маңызды сұрақтар мен ұсыныстарға қатысты жауаптар мекеме басшыларына жүктелді.
Кездесуге қатысқан қалың қауымның жаңадан келген қала басшысына зор сенім артқаны және оның әр бастамасын үлкен ынтамен қолдауға әзір екені байқалып тұрды. Жиылған көпшілік әкім есебіне оң бағаларын беріп, жаңа қызметте сәттілік тілеп тарқасты.
Мөлдір ОМАРОВА