Бұл аптаның басында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды. Баспасөз мәслихатында баяндама жасаған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жан басына шаққанда облыстағы жалпы аймақтық өнім көлемі республика бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткенін, яғни 3,4 млн теңгемен 4 орынды иеленіп тұрғанымызды айтты. Бұл көрсеткіш жыл соңына 7,5 млн теңгені құрайды деп күтілуде.
Брифингте Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен мәлімдеді. Биылғы он ай ішінде өнеркәсіптік өндірісі 3,4%-ға төмендеген. Бұған тамыз айында Жезқазған мыс балқыту зауытының кен-термиялық пешін күрделі жөндеуге байланысты бірқатар жұмыстардың тоқтауы әсер еткен. Облыста Жезқазған мыс балқыту зауытының үлесі барлық өнеркәсіптік өндірісінің шамамен 63%-ын құрайды. Ал «Қазақмыс компаниялар тобы» өңірдің барлық өнеркәсіптік өндірісінің 72%-ына ие.
Осы тұста брифингте республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың аздығына байланысты қалған керекті соманы «Қазақмыс» корпорациясынан алу мүмкіндігі туралы сұралды. Бұл бойынша Берік Әбдіғалиұлы «Қазақмыс» корпорациясымен арада жасалған меморандум негізінде компания облыстағы жобаларды жүзеге асыруға 35 млрд теңге бөлетіндігін айтты.
– Бұл соманы компания тікелей әкімдіктің қалтасына салып бермейді. Әкімдік бекіткен жобаларға сәйкес тиісті қаржы аударылып, құрылысқа тікелей компания өзі басшылық етеді. Биылдың өзінде «Қазақмыс» корпорациясынан 12 млрд теңге бөлінді, – деді өңір басшысы.
Өз баяндамасында жауын-шашынның ұзаққа созылуы нәтижесінен ауыл шаруашылығында ішкі өнім үлесі төмендегенін, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктен Ұлытау облысында тек ұн, нан және ет қана өндірілетінін айтқан Берік Әбдіғалиұлы шаруаларды қолдау шараларына көңіл бөлінетіндігін жеткізді.
Жиында мәлім болғандай, өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру 54%-ға, негізгі капиталға инвестициялар 22%-ға, көлік пен сауданың 4%-ға өсуі байқалады. Десе де, облыс статусын алғалы тұрғын үй бағасы бірнеше есе қымбаттаған. Бұған құрылыс материалдары бағасының өсуі де себеп болған.
-Алдағы жылдары тұрғын үй бағасын 20 %-ға дейін төмендетуді мақсат етіп отырмыз, — дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Орташа айлық жалақы көлемі 471 300 теңгеге дейін өскен. Бұл республикалық деңгейден 1,3 есе жоғары, нақтырақ айтсақ, республика бойыша 3 орын. Бұған өңірдегі тұрғындардың басым бөлігі «Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істейтіндігі тікелей әсер етіп тұрғаны түсінікті.
Облыстық бюджет 144,5 млрд теңгені құраған. Салық базасын кеңейту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы көрсеткіштер бастапқы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28%-ға өсті. Жыл басынан бері кірістер 36 млрд теңгеден 46,5 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Облыста атқаруға тиісті жұмыстар әлі де жетерлік. Мысалы, өңірде әлі күнге дейін облыстық аурухана, перинитальды орталық жоқ екенін, қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастар саны бойынша алдыңғы орында тұрған облыста әліге дейін онкологиялық ауруларды емдейтін орталық салынбағаны да сөз болды. Онкологиялық аурухана алдағы жылы қолданысқа беріледі дейді облыс басшысы. Әзірге мұндай орталық жаңадан салынбайды. Тек ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Экономиканы әртараптандыру бағыттарының бірі инвестиция тарту екені белгілі. Негізгі капиталға инвестиция салу 1,2 есеге өсіп, шамамен 153 млрд теңгені құраған. Инвесторларды тарту арқылы Ұлытау облысында қуаттылығы жылына 20 млн дана кірпіш шығаратын кірпіш зауыты іске қосылды, бұл облыстың құрылыс өніміне тәуелділігін 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыста кірпіш зауытының салынуымен құрылыс та қайта жанданады деп күтілуде. Себебі, бұған дейін үй тұрғызуға ниетті инвесторлармен кездескенде олар жақын маңайда кірпіш зауытының жоқтығын алға тартып, ұсыныстан бас тартатын. Жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асатын 3 нысанды іске асыру жалғасуда. 2027 жылға дейін 2000 жаңа жұмыс орнын құрумен 760 млрд теңге сомасына 15 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Бұл ретте, өңір жер қойнауын пайдалануға байланысты дәстүрлі қызмет түрлері бойынша ғана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіптік қызмет саласында және басқа да бірқатар электр энергиясының жаңартылатын көздерін дамыту сияқты жаңа жобалар жүзеге аспақ. Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы салынады. Станция құрылысына отандық материалдар қолданылатын болады. Яғни, жел мұнараларының металл конструкциялары қазақстандық зауытта жасап шығарылады. ЖЭС құрылысын салу барысында 300-ге таман адам жұмыспен қамтылатын болады. Станция толықтай іске қосылғаннан кейін 80-ге жуық маман тұрақты жұмысқа орналасады. Ал зауыттағы жаңа тұрақты жұмыс орындарының саны 230-ды құрайды. Өндірістік жоспар жылына 100 жел электр станциясының мұнарасын орнатуға негізделген. Сонымен қатар, қытайлық инвесторлар көмегімен құны 7,5 млрд теңге болатын кремний зауыты салынады.
Өңірде жол мәселесі, су, жылу желілерін жаңарту жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Жалпы облыстағы ең күрделі үш мәселе ретінде Жезқазған-Қызылорда, Жезқазған-Арқалық сынды жолдардың жай-күйі, Жезқазғандағы ауыз су мәселесін және экологиялық проблемаларды атады өңір басшысы өз сөзінде. Әйткенмен, бұл мәселелердің барлығы да көп күттірмей шешілуге тиіс екенін де атап өтті.
Көлемі жағынан алда тұрған облыста 230 мың ғана халық тұрады. Оның 80%-ы қалада қоныстанған. Осы тұрғыда облыс халқының санын көбейту мақсатында оңтүстік өңірлерден отбасылар көшіру жобасы жүзеге асырылып жатқанын да тілге тиек етті аймақ басшысы. Сырттан келген отбасылардың мал, егін шаруашылығымен айналысуына қолдау көрсетіледі. Әкімдік жер беруге дайын. Тек әттегенайы әзірге жаңа жұмыс орындары ашылып жатқан жоқ. Көшіп келген отбасыларға үй мәселесі де қиындық тудырады. Оған қоса оңтүстікпен байланыстыратын Жезқазған-Қызылорда жолына «Азиялық Даму банкі» қаржы бөлгенімен, нақтылы мердігерлер әлі анықталмай тұр. Қызылорда-Жезқазған жолының конкурстық рәсімдері жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде, оған 2024 жылға 50 млрд теңге қарастырылған. Осы жылы Жезқазған-Арқалық автожолының бойында 20 шақырымның 13 шақырымына ірі асфальтбетон төселді, 2024 жылдың соңына дейін тағы 37 шақырымын жөндеу жоспарлануда.
Ұлытау өңірін тарихи-мәдени орталыққа айналдырып, «бренд» жасау үшін де алдымен жолдың сапасы дұрыс болуы тиіс. Сол себепті Берік Әбдіғалиұлы республикалық маңызы бар жолдардың жөнделуі Мемлекет басшысының тікелей назарында екенін жеткізді.
Ізтай Белгібайұлы