Жайлы өмір сүруге жағдай жасалады

Облыстық мәслихат депутаттарының алдында берген есебінде өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы осылай деп мәлімдеді. Бұған барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын да атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша биыл Ұлытау облысына қосымша 36 млрд теңге тартылыпты.

Өңір басшысы халық қалаулыларына Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті. Осы жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика күтілуде. 2023 жылға арналған облыстық бюджет республикалық бюджеттен трансферттердің нақтылануы мен түсуін ескере отырып, бекітілген бюджетпен салыстырғанда 25 пайызға өсіп, 141,8 млрд теңгені құрады.

Өңір басшысы қызметтің басым бағыттарын белгілеп, депутаттарға жұмыс жүргізіліп жатқан салалар туралы айтып берді. Мәселен, 2023 жылдың 8 айында тұрғын үйді пайдалануға беру 39,7 мың шаршы метрді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 56,7 пайызға артық. Халық санының өсуін ескере отырып, облыста 7 үй салынды: 2 жалға беру, 1 кредиттік және 4 коммерциялық. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 18-ден астам пәтер сатып алынады.

Берік Әбдіғалиұлы денсаулық сақтау саласын дамыту жоспарына да тоқталды. Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында бас-аяғы 9 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек, өңірдің медициналық мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Олар: Сәтбаев қаласының орталық ауруханасы, Жаңаарқа ауданының көпсалалы аудандық ауруханасы, Қаражал қаласының орталық ауруханасы және Жезді кентінің ауруханасы. Сонымен қатар, биыл желтоқсан айында ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығының ашылуы күтілуде. Онымен қоса республикалық бюджет есебінен шамамен 2 млрд теңге сомаға заманауи медициналық жабдық сатып алынады, оның 500 млн теңгесі ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуға бағытталады.

Өңір үшін ең өзекті мәселелердің бірі — алдағы жылыту маусымына дайындық. Өңір басшысы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Бүгінгі күні екі қазандық пен үш турбинаның ағымдағы жөндеуі аяқталды. Екі қазандықта күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, тағы бір қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 4,2 шақырым жылу желілері жаңғыртылып, тағы 40,5 шақырымы жөнделген, осы жылдың соңына дейін 2,6 шқ. желілерді қайта жаңартуға қосымша қаражат бөлінетін болады. Сонымен қатар, Жезқазғанда 43,4 шақырым газ құбыры желісі салынып, 219 абонент қосылды.

Қатынас құралын жақсарту – өңірдегі туризмді дамытуға жол ашады. Осы мақсатта Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне апаратын жол құрылысы келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар 11 қазаннан бастап, Ұлытау облысынан оңтүстік өңірге қатынас жеңілдейді. «Qazaq Air»  әуе компаниясы арқылы аптасына екі рет Шымкент-Жезқазған-Шымкент бағытында ұшақ жолаушы тасымалымен айналысатын болады.

Білім беру саласындағы тың жаңалықтың бірі – «Ұлытау» техникалық университетінің құрылуы болды. Келер жылы білім ордасы студенттерді қабылдай бастайды. Одан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қабанбай шағын ауданында 300 орындық білім ошағы салынады. Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мектеп-интернатына арналған 200 орындық жатақхана құрылысы басталды.

Кешенді жоспар сондай-ақ, облыстың индустриялық-инновациялық дамуын қамтиды. Олар: Жезқазғанда шикі мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдейтін және өнеркәсіптік реагент шығаратын химия зауытын салу, «Жомарт» кен орыны базасында мыс өндіретін Жезқазған мыс балқыту зауытын газдандырумен жаңғырту.

-Осы үш жобаны іске қосу желтоқсан айында жоспарланған, 10 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, 3 мың жаңа жұмыс орыны ашылады, – деп атап өтті Берік Әбдіғалиұлы.

Сонымен қатар, жиында биыл Ұлытау облысына қосымша 36 млрд теңге тартылғаны атап өтілді. 2024 жылға арналған облыстық бюджет жобасы өз кезегінде 1,2 есеге өсті. Жалпы, өңір басшысы жоспарланған іс-шаралардың барлық кешенін іске асыру — облыс тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететінін айтты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ