Қысқа дайындық қалыпты

Өткен аптада Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетовтың төрағалығымен штаб отырысы өтті. Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен отырысқа мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер қарастырылды. Ең алдымен, жауыр болған қаламыздағы бірден-бір мәселесі коммуналдық төлемдер бойынша Қаражал қаласы әкімдігінің қалалық коммуналдық шаруашылығының маманы Елена Рахимова баяндама жасады. Оның айтуы бойынша, жаңадан берілген және басқа да көпқабатты тұрғын-үйдің коммуналдық төлем бойынша борышкерлер саны бұрынғыдан азайды. Алайда, олардың арасынан қарыз қайтаруға құлқы жоқтар да аз болмады. Қарызын қайтарғысы жоқтарға тиісті шаралар қолданылу керектігін әкім орынбасары басып айтты.
Келесі кезекте, аймақтың санитарлық ахуалы жайлы Қаражал қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауытбаев баяндама жасап өтті. Облыстың қалалары мен аудандарындағы елді мекендердің сыртқы келбетін жақсарту және өмір сүру жайлылығын қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың 14 қыркүйегі мен 14 қазан аралығында облыстың қалалары мен елді мекендерін абаттандыру мен санитарлық тазалау бойынша күзгі айлық жарияланғанын айтты. Сондай-ақ, күзгі айлық аясында Қаражал қаласын тазарту және абаттандыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіпті. Бекітілген аумақтар облыстық және қалалық сенбіліктерді өткізу кестелері барлық мекемелерге жеткізілді.
Барлығы 4 «Таза бейсенбі» санитарлық күні, 3 қалалық сенбілік, 2 облыстық сенбілік (16 қыркүйек, 30 қыркүйек жалпы облыстық сенбілік деп жарияланды) жоспарланған. Аталған жоспарға сәйкес 16 қыркүйек күні облыстық сенбілік өткізіліп, барлығымыз біріге қатыстық. Сенбілік, бекітілген аумақтар бойынша жүзеге асырылды. 36 мекеме атсалысып, 200-ге жуық адам қатысты. 7 бірлік арнайы техника шығарылып, 3 гектар көлемінде аумақ тазаланды. «Өркен» ЖШС техникаларының көмегімен қала ішіндегі 2 үйіндіден 30 тонна қоқыс шығарылды. Енді 23 қыркүйекте қалалық сенбілік өткізіледі. Сенбілікте Абай, Тойымбеков көшелеріндегі талдарды әктеу жұмыстары жоспарлануда.
Келесі мәселе бойынша, яғни, жылыту маусымына дайындық туралы Нұрсұлтан Бауыржанұлы тәптіштеп түсіндірді. Объектілерді жылыту маусымына дайындау қағидаларына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы объектілердің теңгерім ұстаушылары жұмыс көлемдері бойынша жоспарларды бекітіп, қазандықтарды, жылу желілерін және қазандық жабдықтарын ағымдағы және күрделі жөндеу бойынша жұмыстар басталды. Жалпы айтсақ, 11 білім беру нысандарынан бүгінгі күні 7-еуі, яғни 63%-ға дайын. Қалған объектілер бойынша жұмыстар қыркүйек айының аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Ал, Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті бойынша орталық жылумен қамтамасыз етілген көпқабатты тұрғын үй саны 24 бірлікті құрайды, олар 7 қазандықтың көмегімен жылытылады. Олар бойынша күзгі-қысқы маусымына дайындық жоспары шеңберінде бірқатар іс-шаралар көзделген.
Сондай-ақ, барлық мекемелер жылу көздерін көмірмен қамтамасыз ету шараларын белсенді жүргізуде. Қысқа дайындық шаралары жаман емес. Ал қалыс қалған мекемелерге әкім орынбасары қатаң түрде ескерту жасап, 1 қазанға дейін мәселені тиісті бөлім басшыларына қолға алуды тапсырды.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ