Облыс әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков бірқатар инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен та-нысты, деп хабарлайды облыстық Қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметі.
Жалпы, өңірімізде бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында өңдіріс, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі сын-ды маңызды деген жобалар да бар. Солардың бірі — «КазХимСинтез» компаниясының химиялық реагент өндіру зауыты. Аталмыш зауыт жылына 12 000 тонна ксантогенат шығарады. Облыс әкімінің орынбасары осы зауыттың құрылысымен танысты. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Бүгінде жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Өңірімізде азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру, тұрғындарды көкөніспен қамтамасыз ету бағытында да ірі жобалар бар. Талап селолық округі аумағында орналасқан «Қожахметов» және «Ким» шаруа қожалықтарының негізгі жұмысы осыған бағытталған. Аталмыш шаруашылықтарда биылғы жылы 85 гектар жерге картоп және бақша дақылдары егілді.
Жезқазған және Сәтбаев қалаларында құс етін өндіруге бағытталған жобалар да іске қосылуға әзір. Мәселен Жезқазған қаласында жылына 2 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы салынып жатыр. Жоба бойынша мұнда 70 жұмыс орны құрылады. Сол сияқты, Сәтбаев қаласында қуаттылығы 5 мың тонна құс союға арналған цехтың құрылысы да сәтті жүруде. Мұнда жоба бойынша 50 жұмыс орны ашылмақ.
Дастан Рыспеков өз кезегінде Жезқазған қаласында салынып жатқан жалпы 86 жатын орны бар 2 қонақ үйдің құрылысымен де танысты. Сала мамандарының айтуынша, бұл жоба іске қосылғанда жаңадан 70 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Іссапар қорытындысы бойынша Д.Рыспеков жобаларды іске асыруға жәрдемдесу және проблемалық мәселелерді шешу бойынша жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берді.
Өз тілшіміз.