Абай – қазақ әдебиетінде қайталанбас ерекше стиль қалыптастырған ұлы тұлға. Дала данышпаны өз туындыларында ақиқаттты басты назарда ұстау арқылы әлеуметтік һәм өзекті тақырыптарды қозғап, қоғамдағы ащы шындықтың «су бетіне қалқып шығуына» себепкер болды. Абыздың қара сөздері – осы тұжырымның нақты дәлелі. Ұлы ақын шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, тереңдігіне, логикалық мәніне де зер салған. Қара сөздердің ерекше даралығы – осында.
Хакімнің қара сөздері – өзінің өмір тәжірибесінен құралған прозалық шығарма. Бұл туралы олардың әлқиссасы саналатын бірінші қара сөзінде: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», – дейді.
Әр қара сөзі ащы шындыққа, насихатқа және асыл сөздерге толы. Мәселен, жетінші қара сөзінде сіз бен біз елемей жүрген бос күлкі жайында сөз қозғалады. Сол арқылы бізге күлкі өзі бір мастық екенін, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан құр қалатынын, уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қылу керек екенін, сол уайымқайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек екенін логикалық түрде шебер жеткізеді. Бұл туралы Абай Құнанбайұлы «Әрбір орынды мінез өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!» – деген екен.
Енді жетінші қара сөзінің қадіріне тоқталсақ, онда жан мен тәннің құмарлығы жайлы сөз қозғалады. Бұл тақырып қай заманда болсын, өзектілігін жоғалтпаған. Жанның емес, тәннің құмарлығын алғашқы орынға қоятын адамдардың қатары көбейіп келе жатыр. Мұндағы жанның құмарлығы білсем, көрсем, оқысам деген ұғымдар, ал тәннің құмарлығы – ішсем, жесем, ұйықтасам деушілік. Осы қара сөзінен үзінді келтірсек: «Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңіріай, кімнен кім артық дейсің!» дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз».
Иә, бұл – қазіргі қоғамның бейнесі. Алла Тағаланың өзі адамдарды оқысын, білсін дегендей, адамның жанын хайуанның жанынан ірі жаратқан. Бұл – адам баласы мен хайуанның басты айырмашылығы. Соны қолдана алмасақ, нені болсын құр көзбен ғана көрсек, біздің хайуан малдан неміз артық?
Сондықтан, Абай атамыз айтқандай, тәннің құмарлығына емес, жанның құмарлығына аса мән беруіміз керек.
Адам баласы ақылсыздығынан азбайды, ұғымының төмендігінен азады. Осы мәселе Абай атамыздың он төртінші қара сөзінің басты тақырыбы ретінде алынған. Бұл жайында Хакім «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе, Құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?» – деген екен.
Абай атамыздың отыз жетінші қара сөзінің орны, тіпті, бөлек. Себебі, бұл қара сөзде ұлы тұлғаның адамзаттың рухани құндылығына айналған нақыл сөздері көрініс тапқан:
- Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
- Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың.
- Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің?…
- Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық;
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала арт ық.
- Жаман дос – көлеңке:
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың;
Басыңды бұлт алса,
Іздеп таба алмайсың.
Міне, қара сөздің қадіріне үңіле білсек, қаншама тәлімтәрбие жатыр, қаншама шындық жатыр, қаншама асыл сөздер жатыр. Оның кіршіксіз, таза адами құндылыққа жетелейтін дәл осы қара сөздері көптеген адамның тұлға ретінде қалыптасып, өмірге көзқарасының түбегейлі өзгеруіне септігін тигізеді.
Ендеше, қара сөздің қадірін білу, Хакім Абайдың өшпес мұрасын қастер тұту – біз үшін басты парыз!
Балғын ҚАЛДЫБАЕВА,
Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.