Сәрсенбінің сәтінде өңірімізге ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында сенаторлар «AMANAT» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.
Жоғары палатаның депутаттармен жүздесіп, оларға өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қоюға, өтініштерін білдіруге келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Олардың қай-қайсысы болмасын өз жеке бастарының емес, өңіріміздегі өзекті мәселелерді көтерді. Кездесуде өңірдің экологиялық ахуалы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жылу-энергетика орталығы мен ауыз судың жайы жан-жақты айтылды. Қоғам белсенділері «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстың әлеуметтік қолдаудан шет қалып отырғанын айтып, дабыл қақты. Ал, «Адал еңбек» қызметкерлері жәрдемақы беру шарттарын қайта қарастыру керектігін алға тартты.
«Ұлы тағзым» қоғамдық бірлестігінің басшысы Балғын Салықова сенаторларға қымыз мерекесін облысымызда қайта жандандырып, оны дәстүрлі түрде республикалық деңгейде жыл сайын өткізуге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен қаржылай қолдау болса және министрлік өздерінің жылдық жоспарына енгізсе деген ұсынысын жеткізді. Осы мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтергенімен еш ескерілмей келе жатқанын қынжыла баяндады.
Халық қалаулылары кездесуде көтерілген мәселелерді мұқият зерттеп, бір шешімін қарастыратынын жеткізді.
– Қабылдауда көтерілген барлық мәселе қаралып, керек деңгейде өз шешімін табу үшін қыркүйекте жұмысқа кіріскенде пысықтаймыз, – деп жиынды түйіндеді ел үмітін арқалағандар.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.