Қадірлі жерлестер! Құрметті мұсылман бауырлар!

Баршаңызды қасиетті мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!

Береке мен бірлікті арттыратын құтты мейрам – Құрбан айт адамдардың бір-бірімен етене араласуына, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашады. Осы қасиетті күні халқымыз құрбандық шалып, бір-біріне тек жақсылық тілейді.

Құрбан айт – кең пейілділік пен жомарттықтың, бауырмалдық пен қайырымдылықтың мерекесі.

Құрбан айт кезінде ата-бабаларымыз жетімжесірді жебеу, мұқтажға қол үшін беру сияқты игі дәстүрлеріміз арқылы өзгеге өнеге болатын ізгі әрекеттер көрініс тапқан. Осындай асыл үрдістер ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Дін тірегі – имандылық. Имандылық әр адамды тек жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Әділет пен парасат жолымен ғана жүруге үндейді. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері діліміз, тіліміз, дініміз қайта оралып, еліміз күн санап өркендеуде.

Бірлігі жарасқан ұлт өкілдері арасында қалыптасқан достық ниеттегі келісім арқасында қазақ жерінде 140 этнос пен 17 конфессия бейбіт қатар өмір сүріп жатыр.

Қаламыздың мұсылман қауымы осында мекендейтін өзге дін өкілдерімен өзара бірлігін мақтан етуге болады.

Конфессияаралық келісімге ұйытқы болып, тек имандылықты, инабаттылықты, қайырымдылықты, жан мен тән тазалығын ғана уағыздайтын ислам дінінің ұлтаралық келісімді нығайтуға қосып отырған үлесі зор.

Қадірменді бауырлар!

Әрбір шаңыраққа шалқыған шаттық, баянды бақыт, қуаныш әкелетін әлем мұсылмандарының мерейлі мерекесі Құрбан айтпен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақыт, береке тілейміз.

Құрбан айт мерекесінде жасаған барлық ықылас – ниеттеріңіз қабыл болсын!

Ақжол ҚҰРМАНСЕЙІТ,

Қаражал қаласы әкімінің м.а.

Зәмзәгүл ОСПАНОВА,

 қалалық Мәслихат төрағасы.