Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта «Тәрбиеге және тұрақты дамуға ықпал ететін құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған педагогикалық орта: тәжірибе, өзгеріс, жоспар» тақырыбында Ұлытау облысы білім басқармасының алқа отырысы өтті. Оған Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали, аудандық, қалалық білім бөлімдері мен ұйымдарының басшылары, мұғалімдер, білім беру саласының ардагерлері қатысты.
Алқа отырысында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали кездесуге қатысушыларды құттықтап, педагогтардың алдына бірқатар міндет қойды. Нақтырақ айтқанда, білім беру ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету үшін «Жаңа кәсіптер атласын» және ұзақ мерзімді Жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды белсенді іске асыруды жалғастыруды тапсырды.
Іс-шараның ерекшелігі – қоғам өкілдері, ата-аналар мен оқушылардың алқа жұмысына тікелей қатысуы болды. Жиналғандар өткен жылдың қорытындысына, сондай-ақ білім беруді дамыту стратегиясына және педагогтердің озық тәжірибесіне назар аударды. Отырыста бірден бірнеше сұрақ қарастырылды. Қатысушылар «Мектеп жасына дейінгі балалардың ерте дамуы: баланың даралығы мен субъективтілігін қалай қолдауға болады?», «Интеграциядан-инклюзияға: инклюзивті мәдениетті қалай құруға болады?», «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қажетті мамандарды қалай дайындаймыз?», «Баланы табысты өмірге бейімдейтін өнімді ортаны қалай құруға болады?», «Технологиялық серпіліс дәуірінде мұғалімдерді қалай өзгертуге болады?», «Мұғалімдер мен ата-аналардың педагогикалық одағын қуатты тәрбиелік күшке қалай айналдыруға болады?», «Оқыту сапасы: оны қалай өлшеуге болады?» деген тақырыптарда өз тәжірибелерін ортаға салып, пікір алмасты. «Баланы табысты өмір сүруге бейімдейтін өнімді ортаны қалай құруға болады?» проблемалық сұрағы бойынша Қаражал қаласының балалар өнер мектебінің директоры Әбдірәсіл Рақым тәжірибесімен бөлісті.
Отырысты облыстың қалалары мен аудандарында өткізілген арнайы воркшоптар мен педагогикалық симпозиумдар жалғастырды. Қорытынды іс-шара екі бөлімнен тұрды. Бірінші кездесуге қатысушылар «Басқарушылық тәсілдің нәтижесі – оқытуға және тұрақты дамуға ықпал ететін құзыреттерді қалыптастыруға ынталандырылған команда» тақырыбын талқылады.
Екінші бөлім пленарлық сессия болды. Пленарлық сессияда Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова «Ұлытау білімі» облыстық бағдарламасын таныстырды.
Алқа отырысында 6 педагогке «Ұлытау облысының үздік педагогі» куәліктері, балалар жылында ерекше үлес қосқан азаматтарға, қоғам белсенділеріне, меценаттарға, әлеуметтік қорғау, денсаулық, мәдениет, спорт, білім салаларының, бұқаралық ақпарат құралдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінің арнайы марапаттары табысталды.
Ізбасар ОЙБАС.