Аптаның басында Ұлытау облысының аграрлары өздерінің төл мерекелері – Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін атап өтті. Облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ қатысуымен өткен салтанатты шараға ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, фермерлер, облыстағы аграрлық сала жұмысын ұйымдастырушы мамандар мен ардагерлер қатысты.
Мерекелік шараны облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өзінің ақжарма тілегімен ашты.
– Біздің облыс негізінен өндіріске бейімделген өңір және облысқа қарасты аймақтардың дені қалалар. Ауыл шаруашылығымен айналысатын екі ауданымыз ғана бар. Десек те, өңірде агроөнеркәсіпті өрістетуге үлкен қадамдар жасалып, тың жобалар мен берері мол бағдарламалар қолға алынуда. Әсіресе егін, суармалы егін және бау-бақша саласын дамытуды қолға алмақпыз. Өңірімізде көпжылдық шөп егу де жоспарда бар. Осылайша аймақтың ауыл шаруашылығын әртараптандыру үшін үлкен жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл бағытта Ұлытау, Жаңаарқа аудандары мен Қаражал-Жәйрем өңірінде қазірдің өзінде бастамалар қолға алынуда. Келешекте осы істі өрістете түсетін боламыз, – деген аймақ басшысы кәсіби мерекеге арналған жиынның шағын көлемде өткізіліп отырғанын, келер жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні кең ауқымда тойланатынын да тілге тиек етті.
– Еліміздің көптеген өңірлерін де ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жетістіктері сараланатын малшылар мен диқандар мерекесін тойлайды. Келер жылы біз де осындай ауқымды шараны бастағалы отырмыз. Бұл мереке Ұлытау ауданынан бастау алатын болады. Сөйтіп, ол өңіріміздің өзге аймақтарына ауысып отырады. Онда дала батырларының еңбегі дәріптеліп қана қоймайды, ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы озық әдістер мен іс-тәжірибелер де сарапқа салынып, бір-бірімізден үйренетін боламыз, – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.
Берік Әбдіғалиұлы жиын барысында Ұлытау облысының ауыл шаруашылығын дамыту мен аймақтың экономикасын арттыруға, елдің әлеуетін жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген бір топ сала мамандарына республикалық және облыстық деңгейдегі марапаттарды табыс етті.
– Биыл тұңғыш рет біздің аймақтың әр саладағы еңбек адамдары мемлекеттік ордендер мен медальдарға ие болып жатыр. Олардың қатарында ауыл шаруашылығының майталмандары да бар. Келешекте де өңіріміздің аграрлары осындай жоғары марапаттарға ие болады, – деді облыс әкімі аймақ аграрларына марапаттарын табыстай келіп.
Орайы келгенде атап өтейік, «Еңбек ардагері» медалімен Шален Шуданбеков, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен Абзалбек Мулаков, Ержан Нұрбеков, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен Азатбек Кыдырпатшаев, Азамат Салмұхан, Нұрсұлтан Төлеген, Гүлназ Омарова, Ұлытау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Виктор Галле, Бекмағанбет Аймағанбетов, Амантай Төлеушин, Куандық Түсіпов, Бауыржан Бегенов, Бүркіт Әлин, Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хатымен Дәулет Дөңгелеков, Валентина Белякова және Әбілжан Үкібаев марапатталды.
Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ