Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ Қаражал-Жәйрем өңіріне жұмыс сапарымен келіп, тұрғындарды Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарымен таныстырды.
ЖӘЙРЕМНІҢ БОЛАШАҒЫ – ЖАРҚЫН
Облыс әкімінің жұмыс сапары Жәйрем кентінің тұрғындарымен кездесуден басталды. Оған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпорындардың жұмысшылары, кент активі мен өзге де санаттағы азаматтар қатысты.
Өз сөзінде облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кейбір қорытындыларына тоқталып, Ұлытау облысының 2022- 2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары туралы айтты.
– Жалпы, бұл жоспар Мемлекет басшысының қолдауымен қабылданды. Біз төрт ай бойы осы кешенді жоспарды жасап, оны қайта пысықтап, Президентке ұсындық. Жоспар мақұлданып, Үкіметтің қарауына берілді. Енді облысымыз барлық сала бойынша үлкен өзгерісті бастан өткеретін болады. Әрине, одан Қаражал-Жәйрем өңірі де қалыс қалып отырған жоқ. Жәйрем кентінің өзінде алдағы жылдары қадау-қадау жобалар жүзеге асырылатын болады. Соның нәтиесінде елдің әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Осы бағытта 2024-2025 жылдары кентке газ келеді деп күтіп отырмыз. Қазір компания Жезқазған қаласындағы жұмыстарын аяқтап келеді. Жалпы Үкімет Ұлытау облысын газдандыруға 35 млрд. теңгедей қаражат бөліп отыр, – деген өңір басшысы Жайрем өңірін жаңғыртуға қатысты өзге де жобаларды жіпке тізгендей етіп әңгімеледі.
Аймақ басшысының айтуынша, кешенді жоспар аясында Жәйрем кентінде Оқушылар үйін салу, мектепті жөндеу, кент ауруханасына медициналық жабдықтар сатып алу, кәріз желілері мен марганец кен орнының шахталарын қайта жаңарту сияқты ауқымды жұмыстар жоспарлануда.
Алқалы жиында Жәйрем кентінің қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев егжей-тегжейлі айтып берді.
– 2022 жылдың жоспарында Жәйрем кенттін абаттандыруға жергілікті бюджеттен 332 млн. теңге қарастырылып, айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Жастар саябағын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 25 млн. тенге бөлінді. Осы жұмыстардың аясында саябақтың қоршауы айырбасталып, теннис алаңқайы орнатылды. Балалар алаңы да жабдықталды, – деді Тілектес Темірбекұлы.
Қала әкімі өз баяндамасында кентке қатысты өзге де атқарылған істер мен шешімін күткен мәселелерге тоқталды.
Бұдан соң облыс әкімі кент тұрғындарын толғандырған мәселелерді тыңдады. Сұрақ қоюшылардың санына қарағанда 11 мыңдай халқы бар шағын кенттің тұрғындарын толғандыратын мәселелердің аз емес екені аңғарылды. Жиында автожолдарды жөндеу және күтіп ұстау, газдандыру, тұрғын үй бөлу, коммуналдық қызметтердің жұмысы, шағын және орта бизнесті дамыту және басқа да өзекті мәселелер сөз болды.
Тұрғындар көтерген ең бір өзекті мәселе балабақша жайы болды. Қазірдің өзінде кентте 160-қа тарта бүлдіршін балабақшаның кезегінде тұр екен.
Аталған мәселені өңір басшысы «Казцинк» ЖШС-мен жасалған меморандум шеңберінде шешу қажеттігін айтты.
Тұрғындар сондай-ақ, жайылымдық жер мәселесін де көтерді. Барлық мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріліп, нақты орындау мерзімдері белгіленді.
– Жұмыс мұнымен тоқтамайды. Алда әлі қыруар шаруалар атқарылады. Өңірдегі өндіріс орындарының да екінші тынысы ашылады. «Үшқатын», «Батыс Қаражал» кен орындары жаңғыртылады. Кентте келер жылы жаңадан өрт сөндіру бекеті ашылып, қажетті техникалармен, құрал-жабдықтармен жарақталатын болады. Кенттің 20 тұрғыны осы өрт сөндіру бекетіне жұмысқа алынады, – деп түйіндеді кездесуді Берік Әбдіғалиұлы.
Екі жарым сағатқа созылған есепті кездесуден кейін аймақ басшысы кент тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға келген 12 азамат өздерін толғандырған ауыз су мәселесін, су мен жылу қысымының төмендігін, көпқабатты тұрғын үйлердегі құбырлардың тозығы жеткенін тілге тиек етті. Тұрғын үй кезегі мен аулалардың тазалығы да тұрғындармен арадағы әңгіменің өзегі болды.
Мәселен, кент Тұрғыны Мая Карина өзі тұратын үйдің жертөлесінің жағдайын айтты.
– Біз тұратын 2-орамдағы көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесі адам төзгісіз жағдайда. Оны жергілікті билік өкілдері де біледі. Бірақ, еш шешімі болмай отыр, – деді ол.
Бұл мәселеге орай жауап берген сала басшысы жертөлелерді жөндеуге 64 млн. теңге қаражат қаралғанын, алайда, қазіргі қымбатшылыққа байланысты аталған қаржы сомасы жұмысты толық аяқтауға жетпейтінін айтты.
Тұрғындардың өтініш-шағымдарын жеке-жеке тыңдаған облыс әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуын тиісті сала мамандарына, басшыларына тапсырып, оның қашан және қалай орындалатындығы жөнінде хабарлап отыруды міндеттеді.
Жұмыс сапарының соңында Берік Әбдіғалиұлы кент мәдениет үйі жанынан ашылған шағын мұражайға барды және тұрғын үйлердің жертөлелерін жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
ҚАРАЖАЛДЫҢ КЕЛЕШЕГІ – КЕМЕЛ
Жәйрем кентіндегі кездесуден кейін облысының әкімі Қаражал қаласына атбасын бұрды. Мұнда аймақ басшысы тұрғындарға қазыналы өңірдің даму жоспары туралы айтып берді.
Алқалы жиында қала әкімі Тілектес Досаев баяндама жасап, өңірдің қазіргі жағдайы жайлы жанжақты әңгімеледі. Оның айтуынша, Қаражалдың даму көрсеткіші – қарқынды. Қаланы дамытудың бас жоспары бекітілген. Жұмыстар осы жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Шаһар көркін бұзып тұрған, ешкім тұрмайтын ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер мен өзге де әлеуметтік нысандар салынуда. Тұрғындардың өскелең талабын қанағаттандыру мақсатында қалада заманауи жабық бассейн құрылысы басталған.
Қала әкімі өз сөзінде 2022 жылдың өткен он айында экономиканың барлық салаларында динамиканың оң үрдіс алып отырғанын да тілге тиек етті. Барлық салаларда даму – қарқынды. Соның нәтижесінде қаланың әлеуметтік әлеуеті артып келеді.
– Кент негізінен өндіріске бейімделгенімен мұндағы агроөнеркәсіп кешені де алға басып келеді. Өткен он айда ауыл шаруашылығында 5,2 пайыз өсім болды. Инвестиция 15 пайызға өсті. Бүгінгі күні оның сомасы 20 млрд. теңгеге жетіп отыр
. Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде. 3 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 100 пайыз орындалды. Бұл – өткен он айдың көрсеткіші.
Кәсіпкерлікті дамытуда соңғы үш жылдың ішінде айтарлықтай ілгерілеушілік байқалып отыр, – деді Тілектес Темірбекұлы өз сөзінде.
Баяндамадан соң тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарды қойды. Оның дені білім беру мен медицина саласына қатысты болды. Мәселен, қаладағы №7 мектептің жөндеуіне қатысты сұрақ қойған тұрғын мектептің күні кеше ғана оқушыларды қабылдағанын тілге тиек етті. Жұмыстың сапасыздығынан жөндеу жұмыстарының созылып кеткенін айта келіп, бұл олқылыққа кім жауап беруі керек деген сауалын көлденеңінен қойды.
Көтерілген мәселеге орай, облыстық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова тұшымды жауап беріп, мектептің құрылысына қатысты кемшіліктер анықталатын болса, тиісті құзырлы орындар арқылы шара көретінін жеткізді.
– Облыс құрамындағы қала, кент, аудан, ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді аймақ басшысына тікелей келіп қозғай алмайды. Жер – шалғай, жұмыс – қауырт, уақыт – тығыз. Сондықтан біз, өзіміз елге шығып, халықпен кездесеміз. Бүгінгі сапарымыз да – соның дәлелі. Мен өзім болмасам да, орынбасарларым ай сайын ел ішінде болып, сіздердің өтініш-тілек теріңізді жеткізетін болады, – деді облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Аймақ басшысы одан әрі тұрғындарды жаңа облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабардар етіп, Қаражал қаласының даму жоспарлары туралы да айтып берді.
Облыс әкімі атап өткендей, қалада әлеуметтік және индустриялық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар іс-шара жоспарланған. Атап айтқанда, Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында Қаражалда 80 орындық мектеп пен жабық жүзу бассейнін салу, орталық аурухананы, балалар бақшасы мен емханасын күрделі жөндеу жоспарлануда. Қаланың қолданыстағы мектептері базасында «Балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы» КММ ашу мәселесі пысықталу үстінде. Сондай-ақ, Қаражал-Шалғия бағытындағы автокөлік жолын орташа жөндеу, кәріз желілерін және жалға берілетін 3 үйді қайта жаңарту, халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін пәтерлерді сатып алу жоспарланған.
Сонымен қоса, аймақ басшысы қала мен кентті жылумен жабдықтауды жақсарту, аулаларды абаттандыру, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, автожолдарды күтіп ұстау және жөндеу сияқты өзекті мәселелер бойынша қала басшылығының алдына бірқатар міндет қойды.
Есепті кездесуден кейін облыс әкімі қала тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қаражалдықтар көтерген негізгі мәселенің басым дені сонау тоқсаныншы жылдардан бері тұрып келе жатқан пәтерлерін жекеменшікке алу жайы болды. Сондай-ақ, тұрғындар өңірде өсім болғандықтан, қалада қосымша тағы екі жанармай бекеті ашылса деген ұсыныстарын да білдірді.
Қабылдауға кәсібін кеңейтіп, нәсібін арттыруға ниеттілер де көмек сұрай келді. Мәселен, жеке кәсіпкер Жанар Әлиева өзінің кәсібін ұлғайтқысы келеді екен. Өңірдегі табысты бизнес иесі негізінен наубайғана ісін жүргізіп отыр. Күніне мыңға жуық нан пісіріп отырған кәсіпкер өз шаруасын өрістету мақсатында қосымша жер алғысы келеді. Бірақ жердің нарқы – қымбат. Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына бұл мәселені зерттеп-зерделеп көмек көрсетуді тапсырды.
Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ