Адам баласының қадірі атқарған қызметінің атағымен емес, сол істі қандай адалдықпен, қандай табандылықпен орындағанымен өлшенеді. Өмір жолына көз жүгіртсек, қара жұмыстың қасиетін түсініп, маңдай терімен адал нан тауып, елге өнеге болып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Теміржол цехының поезд құрастырушысы Адамбай Құлмағанбетов.
Кейіпкеріміз 1969 жылдың 11 тамызында Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданының Ақтау совхозында дүниеге келген. Кең даланың төсінде, еңбек адамдары көп шоғырланған ауылда өскен бала жастайынан маңдай тердің қадірін сезініп ержетеді. 1976 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1986 жылы орта білім алады.
Ол кезде ауыл баласының өмірі бүгінгідей жеңіл емес еді. Мектептен кейін бірден еңбекке араласу қалыпты жағдай болатын. Сондықтан, ол да қол қусырып отырмай, туған совхозында қойшы көмекшісі болып жұмыс істейді.
Жастайынан еңбекке араласқан азамат үшін өмірдің нағыз мектебі де осы кезең болды. Табиғаттың аптабын да, қақаған аязын да көріп өскен ауыл баласы төзімділікті, жауапкершілікті және табандылықты ерте меңгерді.
1987 жылы әскери қызметке шақырылып, Ресей Федерациясының Самара облысындағы сол кездегі Куйбышев қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. Әскер әр азаматтың мінезін шыңдайтын үлкен мектеп екені белгілі. Екі жылдық қызметтен кейін елге оралған ол туған жерінен қол үзбей, совхоздың жылқысын бағуға кіріседі.
Бұл кезең еліміз үшін де, ауыл шаруашылығы үшін де күрделі уақыт болатын. Алайда, қандай қиындық кездессе де, еңбек етуден ешқашан қашқан емес. 1993 жылы совхоз тарағаннан кейін де жұмыссыз қалмай, жеке шаруашылықта қойшы болып еңбек етеді.
Сол жылы өміріндегі тағы бір маңызды оқиға орын алып, отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Өмірлік жары Гүлсім Исаева екеуі тағдырдың талай сынағынан бірге өтіп, берекелі отбасының негізін қалады. Бүгінде олар бес ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі атаана ретінде елдің құрметіне бөленіп отыр.
1996 жылы отбасы Қаражал қаласына қоныс аударады. Осы жерде ол «Өркен-Атасу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жол жөндеуші болып жұмысқа орналасады. Кез келген жұмыстың жеңілі болмайды. Теміржол саласы да үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Екі жылдан кейін, 1998 жылы поезд құрастырушысы қызметіне ауысып, теміржол ісінің қыр-сырын меңгере бастайды. Еңбек жолындағы алғашқы тәлімгері — тәжірибелі маман Аманбай Сағындықов болды. Ұстаздан үйренген тәртіп пен кәсіби шеберлік оның кейінгі еңбек жолында ерекше рөл атқарды. Бүгінде Аманбай ағасы зейнет демалысында болғанымен, шәкірті тәлімгерін әрдайым құрметпен еске алады.
2002 жылы Құлмағанбетовтер отбасы Жәйрем кентіне қоныс аударып, теміржолшы аға «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ теміржол цехына поезд құрастырушысы болып жұмысқа орналасады. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт бойы бір орында табан аудармай еңбек етіп келеді.
Қазіргі қоғамда жұмыс орнын жиі ауыстыру қалыпты құбылысқа айналған кезеңде оның бір кәсіпке адалдығы ерекше құрметке лайық. Ол таңның атысы мен күннің батысын теміржол бойында өткізіп, кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Мұндай тұрақтылық пен жауапкершілік кез келген адамның бойынан табыла бермейді.
«Әкеге қарап ұл өсер» деген халық даналығы бұл отбасыға дәл айтылғандай. Бүгінде балалары әр салада еңбек етіп, ата-анасының үмітін ақтап жүр.
Тұңғыш ұлы Сәкен Қуандықов әкесінің жолын жалғап, теміржол цехында поезд құрастырушысы болып еңбек етеді. Екінші ұлы Еламан Қуандықов полиметалл байыту фабрикасында сепараторшы қызметін атқарады. Үшінші ұлы Айбек Қуандықов «Жәйрем марганеці» АҚ-да дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Төртінші ұлы Рамазан Қуандықов «Шұбаркөл көмір» ЖШС-де сынама іріктеуші. Кіші ұлы Темірлан Қуандықов Қарағанды қаласындағы политехникалық колледжде «Геология» мамандығы бойынша білім алуда.
Отбасының жалғыз қызы, ата-анасының мақтанышы Ақниет Қуандықова Қарағанды медициналық колледжін «Фельдшер» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, қызыл диплом иегері атанды. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында еңбек етіп жүр.
Балалардың жетістігі — ата-ананың өмір бойғы еңбегінің жемісі. Ерлі-зайыптылар бала тәрбиесіне әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Олар ұл-қыздарына еңбекқорлықты, адалдықты, үлкенге құрмет көрсетуді үйретіп, өмірлік дұрыс бағыт-бағдар бере білді.
Гүлсім Қыдырқызы ұзақ жылдар бойы отбасының ұйытқысы болып келеді. Үй шаруашылығы сырт көзге оңай көрінгенімен, оның жауапкершілігі аз емес. Ал жер үйдің тіршілігі ешқашан таусылмайды. Балаларының тәрбиесімен айналысып, отбасының берекесін арттырып отырған ана шаңырақтың шырайын кіргізіп келеді. Осындай қамқор жардың арқасында отағасы да еңбекке алаңсыз көңіл бөліп, отбасының тірегі болып отыр.
Өзі бос уақытын тиімді пайдалануға тырысатын жан. Қолөнерге бейімі бар, кей кездері пышақ жасаумен айналысады. Сонымен қатар, көңіл толқынын өлең жолдарына түсіретін қасиеті де бар. Бұл оның тек еңбек адамы ғана емес, рухани дүниесі бай азамат екенін көрсетеді.
Кейіпкеріміз көп балалы, өнегелі әулеттен шыққан. Бірге туған төрт ұл мен екі қыздың ортасында өскен ол отбасылық құндылықтарды бала күнінен бойына сіңірді. Үлкен ағасы Нарбай Қуандықұлы туған жері Ақтау ауылында бас имам қызметін атқарады. Одан кейінгі ағасы Бурабай Қаражал қаласында тұрады. Інісі Боранбай Ақтау ауылында жеке шаруашылықпен айналысып, бүгінде 80 жастағы аналары Мәдина ананы бағып отыр. Үлкен қарындасы Бибіажар Ақтау ауылында тұрса, кенже қарындасы Әсия Қарағанды қаласында тұрады.
Әкесі Қуандық өмір бойы моторист әрі комбайнер болып еңбек еткен қарапайым жан еді. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтті. Алайда, балаларына қалдырған ең үлкен мұрасы – адал еңбекке деген құрмет пен жауапкершілік болды. Сол өнеге бүгінде Адамбай ағамыздың бүкіл өмір жолынан анық байқалады.
Ол ешқашан биік мансап пен атақ қуған жан емес. Бар бақыты — отбасы. Басты арманы да қарапайым әрі қастерлі: балаларын үйлі-жайлы етіп, барлығының шаңырақ көтергенін көріп, немерелерінің қызығын тамашалау.
Қарапайым еңбек адамдарының арқасында өндіріс те дамиды, ел де өседі. Осындай азаматтардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болуы тиіс. Оның ғұмыры – адал еңбек пен отбасылық құндылықтарға негізделген тағылымды өмірдің жарқын көрінісі.
Ол қара жұмыстан қашпады, қиындықтан тайсалмады, кәсібіне адал болып, балаларына өнегелі тәрбие берді. Бүгінде әріптестері оны тәжірибелі маман ретінде құрметтесе, отбасы арқасүйер әке, қамқор жар, асыл азамат ретінде бағалайды.
Осындай еңбекқор жандар елдің еңсесін көтеріп, қоғамның берік іргетасын қалыптастырады. Оның өмір жолы адал еңбек еткен адамның абыройы әрдайым биік болатынын айқын дәлелдейді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
