Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Лəззат РАНОВА мəлімдеді. Сала басшысының баспасөз мəслихаты «Денсаулық сақтау саласының даму келешегі» тақырыбымен ұйымдастырылды.
Бұған дейін дəстүрлі түрде өтіп жүрген брифингтерге қарағанда, бұл баспасөз мəслихаты ұзынсонар сандық көрсеткіштерді алға тартып, есеп берумен емес, осы жүйеде қордаланған мəселелер мен оларды шешу жолдары жəне алда тұрған міндеттерді саралаудан басталды. Лəззат Нəбиқызының əңгімесінен бұл бағытта елді елең еткізетін жобалардың бар екені анық аңғарылды.
– Жаңадан құрылған денсаулық сақтау басқармасының алдында ауқымды міндеттер тұр. Елдің денсаулығын нығайту, осы жолда жұмыс істейтін өңірдегі емдеу мекемелерін түбегейлі жаңғырту, қажеттерін тың талап тұрғысынан ашу – күн тəртібінде. Оларды оңайлы шешу жолдары жан-жақты ойластырылуда. Бұл тұрғыда бүгінгі күннің өзінде ауыз толтырып айтарлықтай істер бар, – дей келіп, басқарма басшысының міндетін атқарушы алда тұрған ауқымды істерді «жіпке тізгендей» етіп, айтып шықты.
Оның мəлімдеуінше, Жезқазған қаласындағы көпсалалы ауруханада кардио-ревматологиялық, аллергологиялық бөлімдер жаңадан ашылып, бұрынғы травматология, хирургия бөлімдері кеңейтілетін болады. Сондай-ақ мемлекет пен жеке бизнестің бірлескен жобасы аясында гемотология бөлімі, қан тамырларына ота жасау бөлімі жаңадан салынатын болады. Қазір осы жаңа жобаларды жүзеге асыруға күш салынып жатыр.
Баспасөз мəслихатында денсаулық сақтау саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету мəселесі де кеңінен сөз болды. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар ойластырылып жатыр екен. Медицина университеттерін тəмамдаған жастарды тарту, дəрігер-мамандарға талапқа сай жағдай жасау, бас панамен қамтамасыз ету, көтерме жəрдемақы төлеу жайы да ойластырылуда.
Аймақ аумағынағы денсаулық сақтау мекемелері де назардан тысқары қалып жатқан жоқ. Таяу жылдары олардың да материалдық базасы мақсатты түрде жаңғыртылатын болады. Бұл бағытта «Ауыл – Ел бесігі» жəне ауылдық жерлердегі емдеу мекемелерін жаңғырту жөніндегі ұлттық бағдарламалар көмегімен үлкен жұмыстар, ауқымды жобалар жоспарда тұр. Биылғы жылдың өзінде біршама шаруалар қолға алынбақшы. Ауылдарда жаңадан 14 фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 8 медициналық пункттер салынатын болады. Жаңаарқа ауданындағы іргелі аурухана аудандық көпсалалы аурухана ретінде қайыра жабдықталады. Бірқатар елді мекендерде жаңадан ауруханалар да салу жоспарда бар. Мəселен, Ұлытау ауданында 100 адам қабылдайтын 25 төсектік орны бар жаңа аурухана салынып, пайдалануға беріледі. Ауылдарды жедел жəрдем көлігімен қамтамасыз ету мəселесі де күн тəртібінде өткір тұр. Бұл бағытта басқарма бюджетінен алдағы жылдары қомақты қаржы бөлу көзделуде.
Баспасөз мəслихатында Лəззат Ранова жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға байыппен əрі орнықты жауап берді. Журналистер өңірдің денсаулық сақтау саласында қордаланған мəселелерді еш бүкпесіз көтерді. Басқарма басшысына қазіргі таңда кең етек алып тұрған сырқат түрлері мен оларды емдеу бағытындағы жобаларға қатысты сауалдар да қойылды. Лəззат Нəбиқызы бұл сауалдардың бəріне дерлік қанағаттанарлық деңгейде толыққанды жауап берді.
Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.