Ұлы Жеңістің шуақты мерекесі қарсаңында біз соғыстың сұрапыл жылдарын көзбен көрген, тылда тер төккен қаһарман ардагерлерімізді ерекше құрметпен еске аламыз. Жеңіс күні — тек қуаныш мерекесі емес, бұл — төзім мен қайсарлықтың, Отанға деген шексіз махаббаттың салтанат құрған күні.
Тарихтың қойнауына үңілсек, әрбір адамның тағдыры – бір дастан. Ал сұрапыл соғыс жылдарының куәгері болып, қиындықты қайыспай көтерген аналарымыздың жөні, тіпті, бөлек.
Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – 1938 жылы Өркендеу ауылында дүниеге келіп, балалық шағын майдан даласының жаңғырығымен өткізген, бүгінде бір әулеттің алтын діңгегіне айналған Амантай Иманбайқызы Жамболова.
Амантай ана 1938 жылы дүние есігін ашқан. Оның ес біле бастаған шағы майдан даласының жаңғырығымен, еліміздің ең қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс келді.
Небәрі жеті жасында ол тағдырдың қатал сынағына тап болды: әкесі Иманбай Отанды қорғауға аттанғанда, анасы бес баламен ауылда қалды.

Амантай анамыздың есін білген сәттен бастап көргені – жетіспеушілік пен еңбек. Небәрі жеті жасында ол тағдырдың қатал сынағына тап болды. Әкесі Отанды қорғауға аттанып, анасы бес баламен ауылда қалған шақ.
«Ішерге тамақ, киерге киім жоқ болды», – деп еске алады ол сол бір күндерді.
Бірақ кішкентай Амантай мен оның құрдастары жас болса да, үлкендермен иық тіресе жұмыс істеді. Соғыстың ауыр зардабын қой бағып, қозы қайырып, еңбекпен жеңуге тырысты.
Сол бір тар заманда адамдардың көңілі мен пейілі керемет кең болған. Амантай ананың айтуынша, бір бөлмелі үйде бірнеше отбасы тұрса да, араларында ешқашан ұрыс-керіс болмаған.
– Бәріміз бірлікте, ойнап-күліп отыратынбыз, – дейді кейіпкеріміз.
Бұл — қиындықтың адамды жасытпай, керісінше, оның жүрегін мейірімге толтыра түсетінінің айқын дәлелі.
Бүгінде Амантай Иманбайқызы — бақытты ана, ардақты әже. Ол 9 баланы өсіріп, тәрбиелеп, олардан 28 немере мен 11 шөбере сүйіп отырған үлкен әулеттің басы.
Амантай ананың бейнесі — тыл еңбеккерлерінің қажырлылығы мен қазақ әйелінің төзімділігінің символы. Өркендеу ауылында басталған өмір жолы бүгінде үлкен бәйтерекке айналып, тамырын тереңге жайған.
Ананың бүгінгі жастарға айтар аманаты да салмақты: ол ең алдымен Отанға адал болып, туған жердің қадірін білуді және араздаспай, бір-біріне демеу болып бірлікте өмір сүруді насихаттайды.
Қарт ананың әрбір әжімінде өткен күннің тарихы, ал әрбір күлкісінде бейбіт күннің бағасы жатыр. Көпті көрген кейуананың амандығын тілей отырып, оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болары анық.
Бізге бейбіт күн мен ашық аспан сыйлаған майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі мәңгі ұмытылмайды.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
