Өмірі даңғаза тірліктен, даурықпа әңгімелерден ада – әділдік, сабырлылық және шыншылдықпен өрілген адамдар болады. Олардың дәл осы қарапайымдылығы айналасына қадірлі ететін асыл қасиеті. Мұндай адамдарға әріптестері де, отбасы да иек артады.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ «Жәйрем» кенішінің тау-кен массасын тасымалдау көлігінің жүргізушісі Аманғали Темешбаев сондай жандардың бірі. Кезінде 1994 жылы Жәйремге жұмыс бабымен көшіп келген еді. Екі жылдан соң БелАЗ жүргізушісі болып жұмысқа тұрады. Содан бері, міне, өз мамандығына адал болып, абыроймен еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдың жүзі болды.
– Ең алғашқы жұмыс күнімде аздап қобалжу болды, – деп есіне алады Аманғали Есенгелдіұлы. – Бұрын-соңды бұндай үлкен 40 тонналық БелАЗды жүргізіп көрмегенмін, кейін жұмыс барысында үйренісіп кеттік. Жұмысқа жаңадан шыққан әр адамның бойында қобалжу сезімі болады деп ойлаймын.
Бүгінде адал еңбек пен маңдай тер төгілген жылдар, мыңдаған ауысымдар мен шақырымдар артта қалды. Осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді.
– Бұрын машина бұзылса өзіміз жөндейтін едік. Қазір заманауи техника, біздің міндетіміз – басқару, – деп бөлісті Аманғали Темешбаев. – Жұмыс біршама жеңілдеді. Бірақ, бұл жерде ең керегі тәжірибе, төзімділік пен ұқыптылық сынды қасиеттер, өйткені, бір қателік қаншама шығын алып келуі мүмкін.
Аманғали ағаның жұмыс күні таңғы сегізден басталады. Айтуынша, ұжымы тату, сондықтан да жұмысы үзеңгілестерімен қызықты өтеді.
Дегенмен, небір кезеңдер де өтті.
– 90-шы жылдары біршама қиыншылықтар болды, – деп бөлісті ол. – Айлық аз, ақша жетпеді. Ол кезде заман сондай болды ғой.
Және, оның ойынша, өзінің не үшін еңбек етіп, өмір сүріп жүргенінің нақты көрсеткіші – ыстық ұясы отбасы.
– Үйге келіп, немереңді көріп, бір иіскеген соң бар шаршауың басылады, – дейді Аманғали Есенгелдіұлы.
Бала Аманғали үшін болашақ мамандығы күні бұрын шешіліп қойылғандай еді. Әкесі, Есенгелді Темешбаев, ауыл бөлімшесінің бригадирі болды. Ойын баласы ес кіріп, ержеткеннен әкесімен бірге техниканың қасында жүрді.
– Кішкентайымыздан көріп өскен үлгі тұтар адамымыз әке ғой. Сол себепті болар, еш ойланбастан осы мамандықты таңдағаным, – деп ағынан жарылды кәсіби жүргізуші.
Кейіпкеріміздің бойында даңғазалық пен даурықпалық жоқ, қарапайым оралымды ойлары көкейге қонымды:
– Адамға мақтану үшін бір дәреже, атақ алу қажет деп ойламаймын. Отбасымызға адал табыспен адал нан жегізіп отырғанымыздың өзі біз үшін жетістік болар.
Атқа деген қызығушылығы бала кезден басталған еді. Ол кезде отбасыларында ат ұстауға мүмкіндік болмады. Бірақ, жылдар өте келе осы бір текті жануарға деген сезімі өшпегенін түсінді.
– Баламның бойынан да атқа деген қызығушылықты байқадым, – деп жылулықпен әңгімелейді Аманғали Есенгелдіұлы. – Сол себепті де есейген соң, 18 жасына асыл тұқымды ат сыйладық. Менің де атқа деген қызығушылығым қайта оянды десем болады.
Бүгінде Аманғали үшін жылқылар – әуестігі ғана емес, өмірінің бір бөлігі. Алғашқы сәйгүлігі – ағылшын тұқымды Бастау есімді жүйрік – өзінің мінезімен есте қалды.
– Өте ерке, қағылез еді, – дейді ол. – Тұлпарымның көңіл-күйін көз-жанарынан білемін. Тілі жоқ болса да барлығын түсіндіреді.
Бәйгеге дайындық – бұл кездейсоқтық немесе сәттілік емес. Бұл – күнделікті атқарылатын еңбек. Ат баптау оңай шаруа емес, оның тамағы, дайындығы, бабы бар, жалғыз адамның қолынан келе бермейді.
Қыста жылқының жілік майын толтырады. Әбден семірді-ау деген уақытта жәй жүріспен 15-20 күн мінеді. Содан әрі қарай желістен шабысқа жалғасады. Көбінесе өкпеге, төзімділікке жұмыс жасайды. Бәйгеге жақын қалғанда тері алынады.
– Бір тұлпарды баптауға шамамен жүз күн уақыт кетеді. Әр тұлпар әр уақытта бапталады, – деп түсіндірді атбегі. – Жүйрік жылқының өзіне тән мінезі болады.
Бәйге басталар алдында толқу болады – уайым мен үміт. Жылдап дайындалған нәтиже жарты сағатта шешілетін сәт, сондықтан, бей-жай отыру мүмкін емес.
Жылқы жануары да бәйгенің жақын қалғанын сезеді. Бәрі бірден бола салмайды. Кейде – жеңіліс. Кейде – жарақат. Әр жеңіліс сабырлыққа үйретеді.
Ең қиыны аттың аяқтан қалып, бәйге жолын аяқтағаны, қаншама еңбек далаға кетеді.
– Еңбегіңнің ақталып, атыңның оза шауып келгені ерекше қуаныш сыйлайды, – деп бөлісті Аманғали Есенгелдіұлы. – Бастау тұлпарым алғашқы бәйгесінде оза шауып, бас жүлдені олжалады. Бұл естен кетпес сәт!
Бірақ, жеңістерде де ең бастысы: сәйгүлік пен шабандоздың амандығы.
Үйінде Аманғалиды жақындары күтеді. Әйелі Назгүл СЭС-та жұмыс істейді. Ұлы Жалғас әкесінің ізін қуып, ол да – жүргізуші. Бос уақытында ат баптайды.
Келіні Аружан бала күтіміне байланысты демалыста. Нұртас атты немересі бар. Бос уақыттарында әртүрлі іспен шұғылданады – таза ауаға шығып, серуендейді, демалыс орындарына барады.
– Жақындарым менің әуестігімді қолдайды, – дейді кейіпкеріміз. – Отбасымызбен жылқыны жақсы көреміз.
Аманғали Есенгелдіұлының арманы бар. Өте ауқымды десе де болады: Дүниежүзілік көшпенділер ойынында жеңіске жету. Бұл ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода.
Балалық шағындағы қызығушылығы осындай ірі мақсатқа жетелеп келді. Ең бастысы — өмірде кездейсоқ шешімдер болмайды деп есептейді Аманғали Темешбаев. Барлығы – еңбек, төзімділік және уақытпен келеді.
– Жылқылар мені темірдей төзімділікке, сабырлылыққа үйретті. Атқа мінген адам алысқа қарап үйренеді және де рухы оянады, – дейді ол сеніммен. – Ал дұрыс жолды таңдай алсаң, міндетті түрде нәтижесін көресің.
Және де, оның тура жолдан тайқымай, тізгінді мықтап ұстап келе жатқаны айдан анық.
– Аллаға шүкір, бауырым бүтін! Анам аман-есен тілеуімізді тілеп, ортамызда қызығымызды қызықтап жүр. Бір сөзбен айтқанда – бақытты жанмын.
Теректі ШАҒАТАЙ.
