Нәзіктік пен парасаттың мерекесі

Көктем – табиғаттың жаңарып, жүректерге жылу сыйлайтын ерекше мезгіл. Осы бір шуақты кезеңде Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығының көрермендер залында әйел затының сұлулығы мен парасатын ұлықтаған дәстүрлі «Ару ғұмыр-2026» қалалық байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл кеш – нәзіктік пен көркемдіктің, өнер мен өнегенің, мейірім мен даналықтың мерекесіне айналды.

Байқаудың жыл сайынғы дәстүрінен биылғы шараның ерекшелігі болды. Бұрындары қатысушылар комиссия шешімімен портфолио арқылы іріктелсе, биыл 18 үміткердің арасынан 6 қатысушы таңдалып, олар сахнада өзара бақ сынасты. Қолдап келген көрермендердің қошеметі де ерекше әсер сыйлады.

Кештің шымылдығы әсерлі би қойылымымен ашылды. Сахна төрінде «Шапағат» би тобы мен байқауға қатысушы арулардың орындауындағы «Рухты ару» биі көрермендерді бірден ерекше әсерге бөледі. Ұлттық рух пен нәзік әсемдік үйлесім тапқан бұл көрініс залға жиналған қауымды бір сәтте әсем өнер әлеміне жетеледі.

Қазақ халқы қашанда әйел затына ерекше құрметпен қараған. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөздің мәні де осында. Өйткені, әйел – отбасының шырағы, қоғамның тірегі, ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы.

Бұл байқау тек сыртқы сұлулықты дәріптейтін сайыс емес. Бұл – өмірдің мәнін еңбек пен махаббаттан, мейірім мен адамгершіліктен таба білген жандардың өнегелі жолын насихаттайтын ерекше мәдени шара.

Байқауға төрелік еткен қазылар алқасы қоғамда өзіндік орны бар, тәжірибесі мол, беделді тұлғалардан құралды. Олар қатысушылардың өнері мен шеберлігін әділ бағалап, әр кезең бойынша өз пікірлерін білдірді.

Қазылар алқасының құрамында Қаражал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мереке Жұманбаева, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова, Қаражал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Тілеухор Байшукенова, «Болашақ Қаражал» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәния Тоқабаева болды. Олар байқаудың әр кезеңіне мұқият назар аударып, қатысушылардың өнері, таланты, сахналық мәдениеті мен шығармашылығына жан-жақты баға берді.

Биылғы байқауға түрлі салада еңбек етіп жүрген, өз ісіне адал, отбасының берекесін кіргізіп жүрген парасатты арулар қатысты.

Байқауға қатысушылар қатарында Айдана Байғабылова – Жәйрем кенті ауруханасының медициналық тіркеушісі, екі баланың анасы, Дарайым Қуатова – мектеп психологы, тігін ательесінің негізін қалаушы, хореограф, екі баланың анасы, Бақытгүл Төлеуханова – «Балбөбек» бөбекжайының дене шынықтыру маманы, үш баланың анасы, Баянсұлу Жақсыбекова – жеке кәсіпкер, мамандығы дәрігер, екі баланың анасы, Нұрайна Жүсіпбекова – «Жәйрем» спорт клубының хореографы, үш баланың анасы, Мөлдір Сүлейменова – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, үш баланың анасы болды.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, өмірлік ұстанымдары мен құндылықтары туралы баяндады. Әрбір арудың сөзінен даналық, мейірім мен өмірге деген сүйіспеншілік байқалды.

Келесі кезең – «Өнерлі ару». Бұл бөлімде қатысушылар өз өнерлерін паш етті. Бірі әсем ән шырқап, бірі мың бұралған биімен тәнті етсе, енді бірі көркем сөз оқып, көрермендердің көңілін баурап алды. Өнер – жүректің тілі десек, сол кеште әр ару өз жүрегінің үнін сахна арқылы жеткізе білді.

Кештің ең сәнді әрі әсерлі кезеңдерінің бірі – «Сән көрсетілімі» болды. Арулар ұлттық нақыштағы, өз қолдарынан шыққан әсем киім үлгілерін киіп, сахнада ерекше сымбатпен жүріп өтті. Қазақтың дәстүрлі киім мәдениеті мен заманауи сәннің үйлесімі көрермендерге эстетикалық ләззат сыйлады. Әрбір образ – нәзіктік пен талғамның, шығармашылық пен көркемдіктің айқын көрінісі болды.

Одан кейінгі «Үй тапсырмасы» кезеңінде қатысушылар өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынып, сахналық шеберліктерін көрсетті. Атқарылған жұмыстар LED-экран арқылы көрсетілді. Бұл бөлімде бірі бес минутта шапан тігіп ұсынса, енді бірі өз қолынан шыққан тағамдарын таныстырды. Қатысушылардың ізденісі, таланты мен ерекше идеялары айқын көрінді.

Байқаудың ең ойлы әрі танымдық кезеңі – «Бір сұрақ – бір ой» бөлімі болды. Бұл кезеңде қатысушылар қазақтың салт-дәстүріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз ойларын қысқа әрі нақты жеткізді. Арулар тек әдемілік қана емес, білім мен парасаттың да иесі екенін дәлелдеді.

Кеш барысында көрермендер үшін арнайы дайындалған музыкалық нөмірлер ұсынылып, сахнада әсем әндер шырқалды. Әрбір өнер көрсетілімі кештің көркін арттырып, залды шаттық пен қуанышқа бөледі.

Қазылар алқасының әділ шешімімен байқау қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Салтанатты марапаттау сәтінде сахна төріне шыққан арулар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Нәтижесінде байқаудың Бас жүлдесі Нұрайна Жүсіпбековаға бұйырды. Ал I орын Дарайым Қуатоваға табысталса, II орын Мөлдір Сүлейменоваға берілді. III орын Айдана Байғабыловаға бұйырды. Сонымен қатар, байқау барысында ерекше өнер көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленген Бақытгүл Төлеуханова мен Баянсұлу Жақсыбековаға арнайы ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Осы орайда, біз байқау жеңімпаздарымен тілдесіп, олардың әсері мен ой-пікірлерін білген болатынбыз. Жәйрем кентінің тұрғыны, үш баланың анасы, «Ару ғұмыр–2026» байқауының Бас жүлде иегері Нұрайна Жүсіпбекова:

– Бұл байқау мен үшін үлкен жауапкершілік әрі ерекше тәжірибе болды. Сайыс оңайға соққан жоқ. Әрбір қатысушы тыңғылықты дайындалып, өз өнері мен қабілетін жоғары деңгейде көрсетті. Сондықтан, мұндай мықты қарсыластардың арасынан топ жарып шығу – мен үшін үлкен қуаныш. Маған қолдау білдірген отбасыма, әріптестеріме және жанкүйер болып келген барша көрерменге алғысымды білдіремін. Осындай әдемі кештің бір бөлігі болғаныма және жеңіске жеткеніме шын жүректен қуаныштымын, – деді ол.

«Ару ғұмыр–2026» байқауы тағы бір мәрте әйел затының тек сұлулық иесі ғана емес, рухани байлықтың, мейірім мен даналықтың, еңбек пен төзімнің символы екенін дәлелдеді. Әйел – өмірдің көркі, отбасының берекесі, болашақтың бастауы. Осындай парасатты, өнерлі, жүрегі мейірімге толы арулар барда қоғамның да, ұлттың да болашағы жарқын болары сөзсіз.

Көктемнің шуағындай шуақты кеш қала тұрғындарының жүрегінде ұзақ сақталатын ерекше мәдени мерекеге айналды.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ