Ел дамуы жолындағы маңызды жиын

Мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы 12 наурызда Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өтіп, оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және еліміздің барлық өңірлерінен келген екі мыңға жуық депутат қатысты. Олардың арасында Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары да болды.

Президент бұл басқосудың ел дамуы үшін ерекше маңызын атап өтіп, мұндай форумдар өңірлік саясаттың тиімділігін бағалауға, қоғамның көкейкесті мәселелерін талқылауға және олардың шешімін іздеуге үлкен мүмкіндік беретінін айтты.

  • Шын мәнінде, бұл кездесу еліміз үшін аса маңызды. Бүгін залда миллиондаған отандастарымыздың мүддесін қорғап жүрген екі мыңға жуық депутат отыр. Сіздер халықпен тығыз жұмыс істеп, олардың мұңмұқтажын, талап-тілегін жақсы білесіздер, – деді Мемлекет басшысы.

Ол сонымен қатар, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи реформалар іске асырылып жатқанын, олардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

– Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың рөлі бүгінгі күні айтарлықтай күшейгенін, олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызы бұрынғыдан да артып отырғанын ерекше айтты.

– Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Біз мәслихаттардың беделін көтердік және олар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен, мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндеттерді орындауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту, жергілікті экономиканы дамыту, әлеуметтік нысандардың сапасын арттыру, халықпен тұрақты кері байланыс орнату – мәслихат депутаттарының басым бағыттарының бірі болуы тиіс.

Форумға қатысқан Қаражал–Жәйрем өңірінің мәслихат депутаттары әріптестерімен тәжірибе алмасып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіруге бағытталған жаңа идеялар мен ұсыныстарды талқылап қайтты. Олар Президенттің айтқан тезистері жергілікті деңгейдегі жұмыстың жаңа міндеттерін айқындай түскенін атап өтті.

Жиында еліміздің түрлі аймақтарынан келген депутаттар өз өңірлеріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, әлеуметтік-экономикалық даму бастамаларын ұсынды.

Форум қорытындысында мәслихаттардың жұмысын жетілдіруге, өңірлік мәселелерді тиімді шешуге және мемлекеттік саясатты сапалы іске асыруға бағытталған ұсыныстар жинақталды.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА