Зияткерлік меншік саласындағы жаңа енгізілімдер. Бірыңғай цифрлық платформа

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елімізде креативті экономиканың ауқымды дамуы үшін жағдай жасауға, оның ішінде зияткерлік меншікті құқықтық тәсілдермен қорғауға басты назар аударылды. Себебі зияткерлік меншік – заманауи мемлекеттің экономикалық дамуындағы маңызды сала.

2025 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) қол қойды. Заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейту мақсатында әзірленді және бірқатар шара қабылдауды қарастырады.

Ең ауқымды және маңызды өзгерістер құқықтарды ұжымдық басқару саласын қамтиды. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма шығарушылар өздерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарды (бұдан әрі – ұйымдар) құруға құқылы.

Мұндай ұйымдар пайдаланушылармен лицензиялық шарттарды жасайды, авторлардың немесе құқық иеленушілердің сыйақыларын жинайды, жиналған сыйақыны құқық иеленушілерге бөледі және төлейді. Алайда аталған салада бірқатар мәселелер бар: сыйақыны жинаудың ашық еместігі, жиналған қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуы, үшінші тұлғалармен түрлі схемалар (жалған мәмілелер), сыйақы жинау деңгейінің төмендігі, авторлар мен пайдаланушылардың құқықтық сауаттылығының жеткіліксіздігі.

Осы мәселелерді шешу және құқықтарды ұжымдық басқару саласын цифрландыру мақсатында Бірыңғай цифрлық платформа (бұдан әрі – БЦП) енгізілді. БЦП ұйымдардың барлық үдерістерін көрсетуге мүмкіндік береді: пайдаланушылармен жасалған шарттар, авторларға төленетін сыйақылар, ұйымдардың бухгалтерлік есептері.

Аталған платформаға қосылу үш кезеңге бөлінген:
– бірінші кезең – 2026 жылдың 23 қаңтарынан бастап эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары (теледидар және радио арналары);
– екінші кезең – 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап театрлар, кинотеатрлар, филармониялар;
– үшінші кезең – 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қалған пайдаланушылар (кафелер, барлар, мейрамханалар, қонақ үйлер және т.б.).

Сонымен бірге Заңмен ұйымдардың қызметін бақылау күшейтіледі. Яғни ұйымның қызметі туралы есеп Әділет министрлігіне белгіленген мерзімде ұсынылмаған немесе жалған мәліметтермен ұсынылған жағдайда, ұйымның аккредиттеу туралы куәлігі үш айға дейін тоқтатылуы мүмкін.

Сонымен қатар жаңа енгізілімдерге сәйкес көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған шығармаларды авторлардың рұқсатынсыз және оларға сыйақы төлемей-ақ көпшілік алдында орындауына, таратуына және жалпыға жеткізуіне мүмкіндік беріледі.

Тауар таңбалары саласында да мерзімдерге қатысты өзгерістер енгізілген. Жалпы тауар таңбасын тіркеу үшін екі кезеңдік сараптама өткізіледі: алдын ала сараптама және толық сараптама. Жаңа өзгерістерге сәйкес тауар белгілерін жеделдетілген тәртіппен тіркеуге болады. Яғни алдын ала сараптама бір айдың орнына он жұмыс күні ішінде, ал толық сараптама жеті айдың орнына үш ай ішінде жүргізіледі. Сонымен бірге тауар белгісі ретінде тіркеуге қарсылық беру мерзімі бір айдан екі айға ұзартылды.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде авторлар, бағдарламалар жасаушылар және кәсіпкерлер өздерінің зияткерлік еңбектерінің нәтижелері заңмен қорғалатынына сенімді болған жағдайда жаңа өнімдерді шығару үшін өз уақытын, білімін және капиталын салуға дайын болады. Осылайша зияткерлік меншікті құқықтық қорғау мемлекеттің экономикалық өсуіне, экспорттық әлеуетіне және халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал етеді.

Диана ЕСЕНОВА,
Ұлытау облысы Әділет департаменті
зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы.