Жаңа Конституция: қоғам сұранысына жауап беретін құжат

Қазақстанда конституциялық реформаны қоғамдық талқылау кезеңі жалғасып жатыр. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап өңірлерді аралап, түрлі әлеуметтік топтармен кездесулер өткізуде. Бірнеше апта ішінде коалиция мүшелері еліміздің тоғыз өңірінде болып, мыңдаған азаматпен жүздесіп, ұсыныстар мен пікірлерді саралады. Бұл үдеріс жаңа құжаттың мазмұнына қоғамның нақты сұранысын енгізуге бағытталған.

Өзгерістер кезеңі және жаңа талаптар

Соңғы жеті жылда ел ауқымды саяси жаңғыру кезеңінен өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалар пакеттері жүзеге асырылып, 2022 жылғы конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесіне елеулі түзетулер енгізді.

Сонымен қатар, әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуі, цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуірінің басталуы құқықтық жүйені заман талабына сай бейімдеуді талап етеді. Өткен жылы Қазақстан қолданыстағы Конституциясының 30 жылдығын атап өтті. Осы уақыт аралығында құжатқа бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Сарапшылардың пікірінше, жинақталған түзетулерді жүйелеп, жаңа редакцияда қабылдау – құқықтық айқындық пен тұрақтылықты күшейтудің бір жолы.

Әлеуметтік мемлекет қағидаты: алаңдаушылық пен нақты жауап

Өңірлердегі кездесулер барысында азаматтарды толғандырған басты тақырыптардың бірі – білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы тегін қызметтердің болашағы. Қоғамда «бұл қызметтер толықтай ақылы болады» деген пікірлер тарағаны байқалады.

Алайда Жаңа Конституция жобасында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесі сақталатыны нақты көрсетілген. Мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Құжатта азаматтардың тегін медициналық көмек пен білім алу құқығы бекітілген және бұл нормалар қысқартылмайды.

Сондай-ақ, қолданыстағы Конституциядағы «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген нақтылау алынып тастау ұсынылуда. Бұл өзгеріс мемлекеттік гранттардың тек мемлекеттік емес, жекеменшік университеттерде де тең дәрежеде қолданылуына құқықтық негіз береді. Бүгінде грант иегерлері KIMEP University, Maqsut Narikbayev University және Turan University сияқты жоғары оқу орындарында білім алуда. Ұсынылып отырған норма осы тәжірибені конституциялық деңгейде бекітуді көздейді.

Сөз бостандығы және құқықтық тепе-теңдік

Қоғамдық ортада жиі талқыланған тағы бір мәселе – сөз бостандығы. Жаңа редакцияда сөз еркіндігі айқын бекітіледі. Сонымен бірге сын айту құқығы мен адамның ар-намысын әдейі қорлау арасындағы шекара нақты ажыратылған.

Халықаралық құқықтық тәжірибеде де абырой мен қадір-қасиетті қорғау қағидаты кең таралған. Сондықтан ұсынылып отырған нормалар сөз еркіндігін шектеуге емес, құқықтық жауапкершілік аясын нақтылауға бағытталған.

Арнайы құқықтық режим: инвестициялық тұрақтылық кепілі

Даулы тақырыптардың бірі – арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі. Бұл норма елдің экономикалық егемендігін нығайтуға бағытталған құрал ретінде түсіндіріледі. Конституциялық деңгейде бекітілген кепілдіктер ірі және ұзақ мерзімді инвестициялық жобалар үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Мысал ретінде Alatau қаласын немесе Astana International Financial Centre жобасын атауға болады. Мұндай бастамалар инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердегі өмір сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен бірге мемлекеттің унитарлығы мен аумақтық тұтастығы өзгеріссіз қалады.

Алдағы референдум қарсаңында қоғамдық талқылаулар жалғасуда. Сарапшылар мен қоғам өкілдері азаматтарды ұсынылған нормалармен мұқият танысып, өз ұстанымдарын саналы түрде білдіруге шақырып отыр.