Қазақстанның саяси тарихында 2026 жыл – ерекше маңызға ие кезең. Елдің даму стратегиясын жаңғыртып, саяси жүйені одан әрі тұрақтандыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 наурызда жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоюы. Бұл – тек ресми құжатқа қол қою емес, әрбір қазақстандықтың болашағына тікелей әсер ететін тарихи оқиға.
Жаңа Конституция жобасын әзірлеу процесі бұрын-соңды болмаған ашықтық пен жариялылық деңгейімен ерекшеленді. Құжатты қоғамға таныстыру және талқылау үшін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, сараптамалық клубтар мен қоғамдық ұйымдар платформалары белсенді пайдаланылды. Азаматтар өз пікірін білдіріп, EGov және eOtinish порталдары арқылы ұсыныстарын жолдай алды.
Қоғамнан түскен 10 мыңнан астам ұсыныс Конституциялық комиссия тарапынан жан-жақты талқыланып, тек техникалық түзетулермен шектелмей, құжаттың мазмұнына маңызды толықтырулар енгізуге мүмкіндік берді. Бұл процесс халықтың Негізгі заңға белсенді қатысатындығын, азаматтық бастамалардың пісіп-жетілгенін және саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті.
Жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында 12 отырыс өткізілген Конституциялық комиссия ерекше жұмыс атқарды. Кез келген бап талқылауға қойылып, әр сөз майшаммен қаралды. Кейбір тұжырымдарға қатысты мамандар арасында қызу пікірталас болды, бұл құжаттың сапасы мен құқықтық үйлесімділігін арттыруға бағытталғанын көрсетеді.
Комиссия жұмысы тек негізгі отырыстармен шектелмей, арнайы жұмыс топтарының күнделікті еңбегін қамтыды. Конституционалист мамандар, тәжірибелі заңгерлер, тіл және құқық саласының сарапшылары мәтіннің сапасы мен мазмұнының толық болуына ат салысты. Мұндай тәсіл әртүрлі өңірлер мен кәсіби салалардың өкілдерінің ұсыныстарын жан-жақты қарауға мүмкіндік берді.
Қоғамда жүргізілген талқылаулар жаңа Конституцияның демократиялық негізін айқындады. Азаматтар өз ұсыныстарын енгізіп, пікірлерін білдірген сайын елдің саяси өміріне белсенді қатысу деңгейі артты. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтып, реформаның легитимділігін арттыратын маңызды фактор.
Сарапшылардың пікірі бойынша, жаңа Конституция адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтеді, билік тармақтарының теңгерімін қамтамасыз етеді және әділетті қоғам құруға жол ашады. Әділеттілік, заң үстемдігі, ашықтық пен жауапкершілік – мемлекеттің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың басты құндылықтары.
15 наурыздағы референдум жаңа Конституцияны бекітуге арналған басты кезең болады. Азаматтар өз таңдауы арқылы елдің саяси дамуына, құқықтық жүйесінің қалыптасуына және қоғамдық институттардың тиімді жұмысына тікелей ықпал етеді. Референдум халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, ортақ болашаққа бағытталған бірлескен қадам болып саналады.
Жаңа Конституция – бұл тек құқықтық құжат емес, елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды құрал. Ол халық пен биліктің бірлескен еңбегінің, ашық талқылаулар мен азаматтық бастамаларды ескерудің нәтижесі болып табылады.
Қазақстандық әрбір азамат өз белсенділігімен және ой-пікірімен мемлекетіміздің жаңа іргетасын бірге қалайды. Жаңа Конституция – ортақ болашаққа сенімді қадам, ел бірлігі мен тұрақтылықтың кепілі.
