Жәйрем кентінде маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі жүзеге асып, кенттегі модульдік автоматтандырылған газ құю станциясы (АГЗС) толыққанды қызмет көрсете бастады. Бұл нысанның іске қосылуы Жәйрем кенті әкімінің аппаратының бастамасымен және Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қолдауымен мүмкін болды. Газдың тапшылығы жиі орын алып жүрген кентіміз үшін бұл үлкен қуаныш болмақ.
Газ құю пункті тәуліктің кез келген уақытында, тоқтаусыз 24/7 тәртібінде жұмыс істейді. Оның ашылуы тұрғындарға тұрмыстық газды еш кедергісіз алуына және жүргізушілердің көліктерін тиімді әрі жылдам жанармаймен қамтамасыз етуіне зор мүмкіндік береді.
Станция Жәйрем кентіндегі «Бекарыс» жанармай құю бекетінің аумағында орналасқан. Бұл орынның таңдалуы – келушілер үшін ыңғайлы болуын және газбен қамтамасыз ету қызметінің сапасын арттыруды көздейді.
Газды жеткізумен сенімді серіктес саналатын «БЕРКУТПЕТРОЛ» ЖШС айналысады. Компания өңірдегі газ инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған жұмыстарға ұзақ жылдан бері тұрақты түрде үлес қосып келеді.
Жаңа АГЗС-та газ келесі бағалар бойынша беріледі:
— тұрмыстық тұтынушыларға – 150 теңге;
— көліктерге арналған газ – 117 теңге.
Бұл тарифтер кент халқына шығындарын тиімді жоспарлап, газды қолжетімді бағамен алуына мүмкіндік береді.
Модульдік станцияның ашылуы Жәйремдегі инфрақұрылымды жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Аталған жоба: табиғи газды тоқтаусыз жеткізуге, көлікке қажетті газ көлемін толық қамтамасыз етуге, тұрғындардың күнделікті жағдайын жақсартуға, кенттің экономикалық дамуына оң әсер етуге бағытталған.
Жергілікті атқарушы органдар бұл нысанның ашылуы тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі жоспарлы жұмыстардың жалғасы екенін атап өтті.
Теректі ШАҒАТАЙ.
