Өмірі – ұрпаққа үлгі

Биыл біздің отбасымыз үшін ерекше әрі аса маңызды дата — ардақты әкеміз бен мейірімді атамыз Омар Тыхметов 80 жасқа толып отыр. Бұл мерейтой — жай ғана жас емес, адал еңбекке, адамгершілікке және елге қалтқысыз қызмет етуге толы өмір жолының айқын дәлелі.

Омар Мұхамединұлы 1946 жылғы 7 ақпанда Қарағанды облысы Өспен ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Отбасында 11 бала тәрбиеленген. Ол жастайынан еңбекке, өзара көмекке, жауапкершілікке баулынып өсті — бұл қасиеттерді ол бүкіл ғұмыры бойы сақтап келеді.

Еңбек жолын ол ерте бастады. 1962 жылы, небәрі 16 жасында, Қарағанды совнархозына қарасты Ақшатау байыту комбинатының Өспен кенішінде қара жұмысшы болып еңбек етті. Білімге, мамандыққа деген ұмтылыс оны 1964 жылы Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қарқаралы зооветеринарлық техникумына алып келді. 1969 жылы аталған оқу орнын «Ветеринария» мамандығы бойынша бітіріп, ветеринарлық фельдшер біліктілігін алды.

Оқу барысында, 1967 жылдан бастап, ветеринариялық санитар болып жұмыс істеп, теорияны тәжірибемен ұштастырды. 1970 жылы Қаражал қаласына қоныс аударып, Қаражал қалалық ветеринариялық станциясына ветеринариялық техник қызметіне қабылданды. Осы қала оның өмірімен, еңбек жолымен тығыз байланысты туған мекеніне айналды.

Омар Мұхамединұлы көптеген жылдар бойы ветеринария саласында абыройлы еңбек етті. Ол бұл мамандықты жай ғана қызмет емес, шынайы өмірлік миссия деп білді. Оған тәуліктің кез келген уақытында адамдар үй жануарларын алып келетін, ал ол ешқашан бас тартпай, әрдайым алғашқы ветеринариялық көмек көрсететін. Көлік қатынасы қиын кезеңдерде ол Қаражал қаласының шалғай аймақтарына — Ескі Қаражал және Площадка ықшамаудандарына жаяу барып, көмек көрсеткен кездері аз болған жоқ.

1995 жылы Омар Мұхамединұлы Қаражал қалалық ветеринариялық станциясының басшысы болып тағайындалды. 1999 жылдан бастап мемлекеттік ветеринариялық инспектор, маман ретінде қызметін жалғастырды. 2008 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Кәсіби қызметімен қатар, ол қаланың қоғамдық өміріне де белсене араласты. Қалалық іс-шараларға қатысып, «Қызғалдақ-көктем» фестивалінде ән шырқап, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, бірнеше жыл бойы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып, көрсетілген сенімді абыроймен ақтады.

Омар Мұхамединұлының көп жылғы адал еңбегі мен ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды. 2024 жылы ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды — бұл оның еңбегіне берілген мемлекеттік деңгейдегі лайықты баға болды.

Біз үшін ол тек еңбек жолындағы жетістіктерімен ғана емес, отбасында орнатқан қарапайым да терең өмірлік даналығымен де қымбат. Үлкен немересі балалық шағын еске ала отырып, шетелдік тәттілер енді ғана пайда болған кездері атасының жымиып айтып отыратын сөзін ерекше жылылықпен еске алады: «Киндер-миндер — ерунда, Хлеб – всему голова». Бұл сөздерде оның өмірге деген көзқарасы, еңбекке деген құрметі мен ең басты құндылықтарды бағалай білуі жатыр.

Бүгінде Омар Мұхамединұлы — қамқор әке, мейірімді ата мен шөбере сүйген абыз ақсақал. Оның өмірлік тәжірибесі мен адамгершілігі отбасымызды біріктіріп келеді. Оның өмір жолы бізге адал еңбек етуді, жауапкершілікті, қарапайымдылықты және адамдарды құрметтеуді үйретеді.

Осы мерейлі күні біз атамызға, сондай-ақ, оның жары — аяулы әжеміз Гүлнарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жан тыныштығы, отбасылық береке мен молшылық тілейміз. Әрбір күні қуанышқа, құрметке және жарқын сәттерге толы болсын.

Балалары мен немерелері және шөберелерінің атынан Таңшолпан НАМАЕВА.