Конституциялық комиссияның екінші отырысында Қазақстан Республикасының Конституциясын жетілдіруге бағытталған бірқатар бастамалар қаралды. Отырыста Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Негізгі заңды жаңғыртуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Аталған ұсыныстар қоғам өкілдері, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар тарапынан түскен пікірлерді ескере отырып әзірленген.
Ұсынылған өзгерістер Үкіметтің, Конституциялық соттың, прокуратура мен сот билігі органдарының жекелеген өкілеттіктерін нақтылауды, құқық қорғау тетіктерін жетілдіруді, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар кейбір аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын қайта қарау және Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін регламенттейтін нормаларды жетілдіру ұсынылды.
Түзетулердің жеке бағыты болашақта құрылуы көзделіп отырған бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне арналмақ. Бұл ретте төрағаны тағайындау тәртібі, депутаттық құрамды қалыптастыру және бірқатар рәсімдік мәселелерді нақтылау жоспарланып отыр.
Әділет министрі Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу рәсімінің ерекше маңызын атап өтіп, осы мәселелерді реттейтін нормаларды жеке бөлімге шоғырландыру орынды екенін айтты.
Мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту аясында Үкімет функцияларын регламенттеу де қайта қаралуда. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаларды бекітуге, сондай-ақ мемлекеттік комитеттердің қызметін басқару, олардың актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі бірқатар өкілеттіктерді алып тастау ұсынылады. Бұл өзгерістер мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес жүзеге асырылмақ.
Министр сондай-ақ 2021 жылдан бастап елімізде мамандандырылған әкімшілік соттардың енгізілуі құқық үстемдігін нығайтуда және мемлекет пен азамат арасындағы құқықтық теңгерімді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Осыған байланысты Конституцияда сот билігінің әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асырылатынын нақты көрсету ұсынылады. Бұл әкімшілік соттардың конституциялық-құқықтық мәртебесін күшейтіп, жария-құқықтық даулар бойынша азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттыруға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл тиімділік тек жекелеген тұлғалардың қызметімен ғана емес, сонымен қатар жария билік институттарының сапалы жұмысымен айқындалатыны атап өтілді.
Министрдің айтуынша, аталған бастамалар қоғам үшін мемлекеттің ішкі немесе сыртқы жағдайларға қарамастан дәйекті әрі құқықтық негізде әрекет ететініне деген сенімді нығайтады. Бұл әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына, экономикалық үдерістердің тұрақтылығына және халықаралық міндеттемелердің сақталуына оң әсер етеді.
