Биыл «Қазыналы өңір» газетінің құрылғанына 25 жыл. Осы аталған мерейтойға байланысты басылымның ең алғашқы негізін қалаушыларының бірі, ең алғашқы редакторы, елімізге танымал ақын, тарихшы, елжанды азамат Төлеген Жамановқа хабарласып, сұхбаттасқан едік.
-
Төлеген Нұрланұлы, «Қазыналы өңір» газетін алғашқы құрушылардың бірісіз. Қай істі болсын тыңнан бастау – қиынның қиыны. Осы тұрғыда газеттің алғашқы санын әзірлеу барысында қандай қиындықтар орын алды? Жалпы оны шығаруға не түрткі болды?
-
«Қазыналы өңір» газеті 2000 жылдың 16 желтоқсанында алғаш рет жарық көрді. Мен оның алғашқы редакторы әрі негізін қалаушысы болдым. Тыңнан түрен салу әрқашан қиын, әсіресе, бұл салада маман болмасаң және тәжірибең жеткіліксіз болса.
Менде осы екі қасиет те жоқ еді. Журналистикаға қатысым болмай, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін жаңа ғана тәмамдаған жас маман болатынмын.
Дегенмен, тіл байлығы мен сөзге шеберлігім арғы тегімнен дарығандықтан, қазақ тілінде еркін сөйлейтін қабілетім бар еді. Сол себепті, сол кездегі қала әкімі Алтынбек Базарбайұлының қолдауымен газеттің негізін қалау міндеті маған жүктелді.
Бар-жоғы 22 жасар жігіт үшін бұл үлкен жауапкершілік еді. Бағыт-бағдар беретін, ақыл-кеңес айтатын адам да аз болатын.
Қалалық бюджеттен қаржыландырылатын бұл басылым аймаққа ақпарат тарату үшін аса қажет болды. Ол кезде интернет жоқ, билік пен бұқара арасындағы байланыс әлсіреген кезең еді. Мемлекеттік бағдарламалар мен атқарылып жатқан жұмыстар халыққа жетпей жататын.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті билік газетті шығаруды қолға алды. Ал редакция жұмысының қиындықтары өз алдына бөлек әңгіме.
Маман жоқ, тілші жетіспейді, тәжірибе аз, баспахана атымен жоқ. Осылардың орнын толтыру үшін қаншама уақыт пен күш жұмсалды.
Бірақ, нәтиже болды: төрт беттен тұратын тұңғыш нөмірі 16 желтоқсанда Қаражал-Жәйрем аймағына жол тартты. Бұл күн әлі күнге дейін есімде.
-
Басылым басшысы ретінде шынайы сөз үшін қысым көрген сәттер болды ма?
-
Газеттің алғашқы санынан бастап, мен қызметтен кеткенге дейін басылымға не билік тарапынан, не құқық қорғау органдарынан, не халықтан қысым көрсетілген жоқ, сын айтылып, сөзге тұсау салынған емес.
Себебі, біз әрдайым жарияланған ақпаратты барынша объективті түрде жазуға тырыстық және бұл міндетті үлкен жауапкершілікпен атқардық.
-
Сол кездің ақпарат кеңістігімен салыстырғанда, бүгінгі БАҚ-тың басты артықшылығы мен кемшілігі неде деп ойлайсыз?
-
Бүгінгі ақпарат тасқынының қарқыны соншалық, ақ-қарасын ажыратып, ой елегінен өткізуге уақыт жетпейтін жағдайға жеттік.
Оның үстіне әлеуметтік желілердің дамуы әркімге өз деңгейінде ақпарат таратуға мүмкіндік берді. Кейбір басылымдар оқиғаның мән-жайына терең бойламай, бояуын қалыңдатып көпшілікке ұсына салатын болды.
Ақпарат құралдарының басты міндеті – ағартушылық десек, бұл бағытта ақсап тұрған басылымдар аз емес. Таңғаларлығы – бүгінгі ақпарат көздерінің кейбірі өз мойнына жауапкершілік алудан қашады.
Ал сол кезеңдегі басылымдар заң алдындағы жауапкершілігін сезініп, әр сөзге мұқият қарайтын. Халық газеттегі ақпаратқа сенетін. Қазір газет түгілі телеарналарға иланбайтын күнге жетті.
-
Өткен ширек ғасыр ішінде өзіңіз тұңғыш номеріне қол қойған газеттің бағыты, тілі, стилі өзгерді ме? Қазір қандай тақырыптар жетіспейді деп ойлайсыз?
-
«Қазыналы өңір» газеті бүгінде айтарлықтай көп өзгерді: тілі ширап, мазмұны байып, баспасөз стандарттарына толық сәйкес келетін деңгейге жетті.
Бұл жетістік – бізден кейін осы салада еңбек еткен кәсіби мамандардың қажырлы еңбегінің жемісі деп санаймын.
Қазіргі таңда қандай тақырыптарға басымдық беру керек дегенге келсек, менің ойымша, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді кеңінен талқылау маңызды.
Шалғайдағы шаруалардың еңбегін дәріптеп, елді еңбекке шақыру, еңбек адамын қоғам алдында насихаттау – басты бағыттардың бірі болуы тиіс.
Сонымен қатар, шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан қолдау бағдарламаларын жан-жақты талдап, қарапайым тілмен түсіндіріп, идеологиялық тұрғыда насихаттау жұмыстары жеткіліксіз көрінеді.
-
Сіздерден кейінгі буын журналистерге не жетіспейді? Кәсіби шеберлік пе, батылдық па, әлде жауапкершілік пе?
-
Біріншіден, мен кәсіби журналист емеспін. Екіншіден, кейінгі буын журналистердің материалдарында тереңдік пен таразылық өлшемдер жетіспейтінін байқаймын.
Әрине, кәсіби шеберлік пен батылдық қажет, бірақ, олардың бәрінен бұрын жауапкершілік тұруы тиіс. Егер жауапкершілік жоғалса, шеберлік те, батылдық та мәнін жоғалтып, түкке тұрмайтын популизмге айналады.
-
Егер «Қазыналы өңірдің» тізгінін қайта ұстасаңыз, неден бастар едіңіз? Қандай өзгерістер енгізер едіңіз?
-
Егер мен «Қазыналы өңір» газетіне қайта оралсам, ақпараттық жаңалықтардан гөрі тарихи тақырыптарға көбірек көңіл бөлер едім.
Себебі, қазіргі уақытта газет ақпарат жеткізудегі жылдамдық жағынан бәсекеге түсе алмайды. Бүгінде адамдар тек газет емес, телеарнаны да сирек қарайтын кезеңде өмір сүріп жатыр.
Сондықтан, жаңалық оқырманға дер кезінде жетпесе, оның құндылығы жоғалып, мәні жойылады.
Осыған байланысты мен басылым тарайтын аймақта бұрын-соңды қағазға түспеген қазыналары болса, соларды түгендеуге, оларды тасқа қашалған таңбадай етіп газет бетінде қалдыруға күш салған болар едім.
-
Оқырман көңілінен орын алу үшін журналист қандай қасиетке ие болуы керек деп санайсыз?
-
Оқырманның көңілінен шығу оңай емес. Себебі, аудитория әртүрлі деңгейдегі адамдардан тұрады.
Сондықтан, жазған дүниең мен жеткізетін ақпаратың анық, түсінікті әрі нақты болуы үшін көп ізденіп, үлкен күш жұмсау қажет.
Жазу стилі әдебиетке тым жақын емес, қарапайым, әле уметке түсінікті тұрмыстық тілде болғаны дұрыс сияқты.
-
Өзіңіз үшін осы басылымның орны қандай? «Өмірімнің маңызды бір белесі» деуге бола ма?
-
Әрине. «Қазыналы өңір» газеті менің өмірбаянымдағы өрнекті беттердің бірі болып қала береді. Менің есеюіме, еңбек жолыма үлкен өзгеріс енгізген басылым ғой бұл.
-
«Қазыналы өңір» басшылығынан кеткеннен кейін басылымның сізден кейінгі редакторларымен байланысыңыз қандай деңгейде болды? Олардың қайсысын айрықша атап өтер едіңіз?
-
Менен кейін бұл басылымға бірнеше адам басшылық етті. Солардың ішінде ерекше атап өтетін екі тұлға бар – Ахат Құрмансейітов пен Ерсін Мұсабеков.
Екеуі де газет шығарудың хас шеберлері, бұл саланың қыр-сырын терең меңгерген майталман мамандар, жілігін шағып, майын ішкен жандар.
Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар ғой. Міне, осы екі азаматтың жанында менің еңбегім арқан есуге жарамас еді.
Өзімді сол кезеңде басылымды шығару қажеттілігінен туындаған талапты орындаған адам ретінде ғана бағалаймын.
-
Басылымның қазіргі журналистері мен оқырманға не тілегіңіз келеді?
-
Газет – тарихқа үлес қосатын маңызды құрал. Оның өміршең болғанын қалаймын, бірақ, өзгерістерге толы заманда болашақты дөп басып айту қиын.
Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш, Отанымыз орнықты болса екен.
Мерейтойда басылымға айтар тілегім – әр бетінде елдің рухани байлығын арттыратын ойлы мақалалар көбейе берсін.
Газет тек ақпарат жеткізуші емес, ұрпаққа өнеге қалдыратын шежіре болсын.
Журналистерге шығармашылық шабыт, тың тақырыптар, оқырманға қызықты дүниелер тілеймін. Оқырман мен қаламгер арасындағы байланыс үзілмей, басылымның беделі арта берсін.
«Қазыналы өңір» — өңірдің ғана емес, елдің рухани қазынасына айналсын!
-
Әңгімеңізге рақмет, ақын аға, тарихшы жан, елжанды азамат!
Сұхбаттасқан Гауһар НАСЫРИТДИНҚЫЗЫ.
