Басылым – менің өмірімнің бір бөлшегі

Журналистикаға қалай келдім? Бұл сұраққа жауап іздеген сайын, өмірімдегі ең маңызды кезеңдер көз алдыма келеді. Журналистика мен үшін жай ғана мамандық емес, қоғаммен тілдесу, елдің үнін жеткізу, тарихты қағазға таңбалау өнері болды.

Мектеп қабырғасынан бастап қағаз бен қаламға жақын болдым. Төменгі сыныпта күнделік жазып, арман-қиялымды ақ параққа түсіретінмін. Бұл әдет студенттік жылдарға дейін жалғасты. Сол дәптерлер бүгінде менің жастық шағымның шежіресі болып сақтаулы. Мектепте шығарма жазғанда тоқтай алмайтынмын, ал республикалық «Ақжелкен», «Пионер» журналдарына әңгімелер жолдаған кездерім әлі есімде.

Тоқсаныншы жылдары Ұлытау өңірінде журналистика мамандығы болмады. Алыс қалаға баруға ата-анам қарсы болған соң, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын таңдадым. Университетте елімізге танымал қаламгерлерден дәріс алдым, айтыскер ақын Светлана Жұмкина кураторым болды. Сол жылдары «Шарайна», «Сарыарқа» газеттеріне шағын мақалалар жазып, университеттік «Ұлағат» газетінде еңбек еттім. Қалам мен ойдың байланысы мені үнемі жетелеп отырды.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Жезқазғандағы № 2 мектепке жолдамамен мұғалім болып бардым. Бұл мектептің ерекшелігі – жетім балалар оқитын еді. Сабақ бере жүріп, олардың тағдыры мен жан дүниесі мені қатты толғандыратын. Үйге келгенде ішімдегі толқыныс қағазға төгілетін. Солай «Шырылдаса бозторғай» атты мақала жазып, оны сол кездері «Шарайна» газетінде еңбек еткен марқұм Сапархан Исахов ағамыз жариялады. Бұл менің журналистикадағы алғашқы үлкен қадамым болды

Кейін жұмыс бабымен Қаражал-Жәйрем өңіріне келдім. Мұғалімдіктен тау-кен саласына бет бұрдым. Бірақ, жазуға деген құштарлық мені газетке қарай тарта берді. «Жәйрем кен байыту комбинаты» мамандары туралы жазғым келді. Іргеміздегі Қаражал қаласында «Қазыналы өңір» газеті барын естіп, байланыс орнаттым. Редакцияға қоңырау шалғанда алғашқыда телефон тұтқасын көтерген, мені газетке шақырып, өмірімді өздерімен байланыстырған, бала кездегі арманым — жазу әлеміне енгізіп, еш кедергісіз жүзуге мүмкіндік берген жан – сол кездегі газеттің бас редакторы Алтын Тажитова болды. Ол кісінің ашық дауысы мен жайдары мінезі мені бірден баурап алды. Кейін Алтын апаймен бірге жұмыс істеу – мен үшін үлкен мектеп болды. Алтын Зәрубайқызының жанында жүріп, бір өзі үлкен тәрбие мен білім мектебі болған, ұстаздардың ұстазы, марқұм Оңал Садуақасқызымен (Алтын Зәрубайқызының енесі) танысып, ол кісінің өнегелі өмірінен үлгі алдым.

Сол кездегі редакциядағы күндер ерекше есте қалды: қарбалас жұмыс, жаңа тақырыптар, ізденіс. Газетке шыққан әр мақала мен үшін үлкен қуаныш болды. Газеттің бірінші бетіне мақалам шықса, ол мен үшін тіпті керемет мәртебе болатын. Жәйрем комбинаты жайлы ғана емес, жалпы кент өмірі туралы да жаза бастадым. Ұжымымыз ұйымшыл, бауырмал жандардан тұрды. Марқұм Светлана Нықышқызының орны бір төбе еді. Сондай-ақ, Баян Төкенқызы, Сәуле Шақтайқызы, Айгүл Сағынтайқызы, Мөлдір Хамитқызы, Жазира Сейдғабиқызы сынды тамаша жандармен таныстым. Ян Маркин есімді компьютер маманы болды. Бұл жандардың барлығы менің өмірімде із қалдырған жандар. Бір үйдің адамындай болдық, қуаныш пен қиындықты бірге бөлістік. Басты мақсатымыз – «Қазыналы өңірдің» абыройы еді. Содан бері зуылдап 18 жыл да өте шығыпты. Уақыт шіркін, зымыран екен.

Уақыт өзгерді, заман талабына сай команда жаңарды, газет жанданды. Жаңа технологиялар енгізіліп, дизайн өзгерді, сайт ашылды. Қазір қатарымыз жастармен толықты, тәжірибелі, білікті мамандар жанымызда. Журналистика саласында сан жылдық тәжірибесі бар, ардагер журналист Ізтай Белгібайұлы, газетіміздің бас редакторы Әсел Отарбекқызы да менің осы сүйікті газетім арқылы тапқан тамаша әріптестерім. Сонымен қатар, газетімізді әсемдеп, әрлейтін дизайнер қызымыз Шынар ханым, есеп-қисап жасайтын Дәулет, сайтқа салып, әлеуметтік желіге жүктеп, біздің еңбектеріміздің жан-жақты таралуына мүмкіндік жасайтын Нұрлыхан есімді қыз-жігіттеріміз бар.

Жаңашыл басшы Жалғасқан Құрмансейітовтың талапшылдығы мен қамқорлығы газетті жаңа деңгейге көтерді. Ол кісінің әр жұма сайын айтатын бір сөзі бар: «Жалпы газет өте жақсы шығыпты, салмақты номер болыпты. Жарайсыздар!». Бұл сөзді естігенде отыра қалып жаза бергің келеді, жаза бергің…

Журналистиканың сыры неде? Оның сыры – шындықты айтуда, халыққа пайдалы ақпарат жеткізуде, әр сөздің салмағын сезінуде. Біз жазған әр жол тарихқа айналады. Сондықтан, ізденіс пен адалдық – журналистің басты қаруы.

Менің «Қазыналы өңір» газетіндегі 18 жылдық еңбек жолымда «Қазыналы өңір» — өңірдің рухани айнасына айналғанына куәмін. Біз ұмыт қалған тұлғаларды танытып, тарихи деректерді жинадық, елдің өткені мен бүгінін сабақтастырдық. Бұл жылдар мен үшін үлкен мектеп болды. «Қазыналы өңір» – менің өмірімнің бір бөлшегі, жүрегімде мәңгі сақталатын қазына. Мерейтой қарсаңындағы тілегім – газет әрдайым оқырманға ой салатын, тарихты түгендейтін, елдің рухын көтеретін басылым болып қала берсін. Әріптестеріме шығармашылық шабыт, оқырманға қызықты мақалалар, ал басылымға ұзақ ғұмыр тілеймін. Басшымыз айтпақшы, «Салмақты, мазмұнды номерлеріміз көп болсын!».

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.