24.10.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!24.10.2026
Ақпарат ағыны

Ерлік пен елдіктің өнегесі

13.12.2025 · 11:41 · admin

Қаражал қалалық кітапханасында елінің қорғаныс қабілетін нығайтуға бар ғұмырын арнаған көрнекті әскери қайраткер, армия генералы – Мұхтар Қапанұлы Алтынбаевтың 80 жылдығына арналған «Ерлік сағаты» ұйымдастырылды. Шараға колледж студенттері, ұстаздар, кітапханашылар және Қаражал қаласының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник – Арман Мақажанов қатысты.

Кездесуді жүргізуші мазмұнды кіріспе сөзімен ашып, генерал М.Алтынбаевтың ел тарихындағы айрықша орны туралы жанжақты мазмұндады. Ол Мұхтар Алтынбаевтың қайраткерлік болмысы, мемлекетке адал қызметі және әскери саланы дамытуға қосқан үлесі жайында жинақы түрде ақпарат беріп, жиналған жастарға патриоттық рух дарытты.

«Ерлік сағатының» негізгі мазмұны — елге қызмет етудің қадірі мен әскери қызметтің жауапкершілігі туралы терең ой қозғаған Арман Рысқалиұлының әсерлі сөзі болды. Қорғаныс бөлімінің басшысы генерал Алтынбаевтың парасатын, кәсіби биіктігін, ел қауіпсіздігі жолындағы еңбегін ерекше құрметпен атап өтті.

Іс-шара барысында Тәуелсіздік күніне арналған «Әлемге танылған Тәуелсіз Қазақстан» атты арнайы кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеде еліміздің Тәуелсіздік кезеңіне қатысты әдебиеттер, тарихи деректер мен құжаттық материалдар қойылып, қатысушыларға тақырыпты тереңірек танып-білуге мүмкіндік берілді.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар Мұхтар Алтынбаевтай елін сүйген ерлердің еңбегі — бүгінгі жас буынға бағыт-бағдар екенін айқын көрсетті.

Алмагүл МҰХАМЕДЖАНОВА,

оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.