Құрметті жерлестер, қадірменді бауырлар!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қасиетті де, қастерлі Құрбан айт мейрамына аман-есен жеткізген Раббымызға сансыз шүкірлер болсын!

Баршаңызды ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Құрбан айт – жүрекке жылу сыйлайтын, жер жаһандағы адамзаттың барлығын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратын күн. Адамзат баласы бұл күні құлшылық, ғибадаттарын арттырып, құрбандық шалу сияқты сауапты істерімен Аллаға жақындай түсуге ұмтылады. Құрбан сөзінің өзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны береді. Əлем мұсылмандарының басы бір жерде қосылып, қажылық парызын өтейтін де осы кез.

Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етсін. Əрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей! Жаратушы иеміз сүйікті Қазақстанымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауыз бірлігін арттыра бергей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тəуелсіздігіміз баянды болғай!

Əумин!

Марғұлан ƏБІЛОВ,

Жəйрем кентінің имамы.