Қазақ даласы – мың жылдық тарих пен ұланғайыр рухтың мекені. Бұл кең байтақ жердің әр төбесі мен әр тасында ата-бабаның ізі, ұлттың жаны жатыр. Күздің сары салқыны соққанда, сағымдай бұлдыраған сайын дала төсінде желмен жарысқан киелі жануар – киік жортады. Оның жеңіл қимылы, еркін шабысы, толқындата желпінген түгі – еркіндік пен тіршіліктің символындай. Киік барда дала тірі, киік үнсіз қалса, даланың да үні өшкендей. Сондықтан, оны қорғау – табиғатты емес, тұтас қазақ рухын қорғау деген сөз.
Осы ұлы жауапкершілікті терең сезінген Қаражал жұрты жуырда қала әкімдігінде маңызды жиын өткізді. Қала әкімі Айқын Елеусізов төрағалық еткен алқалы отырысқа Жаңаарқа ауданының және оған қарасты Ақтүбек, Ералиев, Қызылжар, Түгіскен, Байдалы би мен Ақтау ауылдық округтерінің әкімдері, «ҚТЖ» өкілдері, «Охотзоопром» инспекторлары, фермерлер, зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар және Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жиналыстың басты мақсаты – алдағы суық мезгілде киіктердің жылы аймақтарға қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, теміржол бойындағы кедергілерді уақытша ашу және табиғи миграция жолдарын сақтау болды.
Соңғы жылдары киелі жануарлар – киіктер Қаражал өңіріне көптеп қоныс аударып келеді. Бұл бір жағынан табиғаттың байлығы болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Өйткені, киіктердің көшу бағыты – теміржол және адам игілігіне арналған инфрақұрылымдармен қиылысып жатады. Өткен жылы табиғаттың тосын мінезі – ерте түскен аяз бен қардың қалыңдығы салдарынан мыңдаған киік қоршаулардан өте алмай, теміржол бойында қырылған еді. Тек Қаражал маңында он мыңнан астам киік өлімі тіркеліп, бұл елдің еңсесін түсірген ауыр жағдай болды. Осы оқиға жергілікті билікті де, табиғатты қорғау ұйымдарын да бей-жай қалдырмады.
Жиында алғаш болып сөз алған «Охотзоопром» ӨБ «Андасай» қорығының басшысы Қайрат Мұхамедәліұлы мәселенің мән-жайын нақты айтып өтті. Оның айтуынша, теміржол бойындағы ұзыннан-ұзақ тартылған қоршаулар киіктердің еркін өтуіне үлкен тосқауыл болып отыр.
— Миграция кезінде киіктердің табиғи бағытын сақтау – біздің басты міндетіміз. Егер уақытында өткелдер ашылып, жолдар босатылса, жануарлар аман өтеді. Ал егер бұл шаралар кеш қолға алынатын болса, жыл сайын осындай қасіретті көріністердің куәсі боламыз. Қазір біз облыстық және аудандық басшылықтармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта Мойынты–Қызылжар бағытында салынып жатқан жаңа теміржолда да осындай өткелдерді алдын ала қарастыруымыз қажет, – деді ол.
Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, ел ағасы Мешітбай Омаров та жүрек тебірентер сөз сөйледі.
— Киік – даланың сәні, ұлттың киесі. Киіктің қырылуы – тек табиғаттың емес, адамзаттың да трагедиясы. Біз ата-бабамыз аманаттаған жер мен жануарды аялау арқылы ғана ұрпақ алдындағы парызымызды өтей аламыз, – деді ақсақал. Сонымен қатар, еріктілердің көктемде даладағы өлекселерді жинап, тазалық жұмыстарын жүргізгенін айтып, алғыс білдірді. Дегенмен, мұндай шаралар уақытша ғана екенін, ең бастысы – киіктердің табиғи көшу жолын ашып, болашақта мұндай жағдайды болдырмау қажеттігін баса айтты.
Жаңаарқа теміржол дистанциясының бастығы Ертас Сыздықов өз кезегінде теміржол тарапынан көмек көрсетілетінін жеткізді.
— Қажет болған жағдайда өткелдерді уақытша ашып, қоршауларды алып тастауға дайынбыз. Бұл тек табиғатты қорғау шарасы емес, адамгершілік парыз. Сонымен қатар, фермерлер де өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Мал шаруашылығымен айналысатын әрбір азамат өз жайылымын қоршап, малын қараусыз қалдырмауы керек. Апаттың алдын алу – бәріміздің қолымызда, – деді ол.
Жиын қорытындысында қала әкімі Айқын Елеусізовтің бастамасымен киік миграциясын үйлестіріп, бақылауға алатын арнайы жедел штаб құру туралы шешім қабылданды. Штаб құрамына әкімдік өкілдері, «Охотзоопром» инспекторлары, еріктілер мен ақсақалдар енді. Олардың басты міндеті – киелі жануарлардың аман-есен жылы жаққа өтуін қамтамасыз ету, табиғи көшу жолдарындағы барлық тосқауылдарды жою және жергілікті тұрғындармен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Жиын соңында барлығы бірауыздан ортақ ұстанымға келді: киікті қорғау – табиғатты қорғау, ал табиғатты қорғау – болашақ ұрпаққа аманат. Қаражал жерінің халқы бұл істі тек экологиялық емес, рухани миссия деп қабылдап, даланың киесін сақтауға жұмылуда. Алдағы уақытта жедел штабтың жұмысы тұрақты бақылауда болып, нәтижесі бойынша тағы да кеңейтілген жиын өткізілетін болды.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
