Міне, биыл төртінші жыл елімізде Ұлттық домбыра күні тойланып келеді. Бұл атаулы күннің белгіленуі қазақ халқын ерекше қуанышқа бөледі. Бабадан мирас болған ұлық аспап күнінің мерекеге айналуы – көнеден жеткен асыл қазынамызға, ұлттық мұрамызға берілген лайықты баға. Осынау мерейлі мереке қарсаңында біз қара домбыраның қасиетін кейінгі ұрпақтың санасына жүрген Қаражал қаласындағы Балалар өнер мектебінің директоры Әбдірасыл Рахымға қоңырау шалып, әңгімелескен едік…
– Әбдірасыл Нығыманұлы, Ұлттық домбыра күні құтты болсын!
– Ой, рахмет Көп жаса. Бұл исі қазақ үшін бірегей мереке ғой. Қасиетті қара домбыраны қастерлеу – өте құптарлық әрі жарасымды іс.
– «Домбыра мен қазақ – егіз ұғым» деп жатады. Осыны қалай қабылдайсыз, шәкірттеріңізге қалай түсіндіресіз?
– Домбыраның дәл қашан, қай замандарда пайда болғанын ғалымдар да дөп басып айта алмай жатыр. Бар білетініміз, қазақ ғасырлар бойы домбыраны серік етіп келеді. Қуанса да, қиналса да, күйзелсе де домбыраның қоңыр үнімен шаттанып, домбыраның қоңыр үнімен бірге мұңаяды. Жан жарасын да, тән жарасын да домбыраның үнімен емдейді. Өйткені, домбыраның үнінде ерекше бір қасиет бар. Сондықтан да қазақ пен домбыра – егіз, бір бірінен ажырамас ұғымдар.
– Әп, бәрекелді! Жақсы айттыңыз. Ал енді өзіңіз осы ұлттық аспапқа қай жасыңыздан бастап әуес болдыңыз?
– Адам бала жасында ән нәрсеге қызыққыш, әр нәрсеге әуес болады ғой. Біздің үйде де ұстала-ұстала өңі тая бастаған қоңыр домбыра болды. Үйдегілердің әуелете ән салып, күмбірлете күй тартатындары шамалы. Бірақ қолдары қалт ете қалса, осы домбыраны өңгеріп алып сол кездегі әндерді, күйлерді шертіп жатады. Ол кезде теледидар жоқ. Бары – қабырғадағы кшкентай радио ғана. Сол күнұзақ самбырлап тұрады.
Үлкендердің домбыра тартқанын қызық көріп, ол босай қалған сәтте мен де тыңқылдатып, әлгінде естіген әуендерімді іздей бастаймын. Ұмытпасам, бес-алты жастағы кезім болуы керек. Осы тірлігімді байқап қалған ағам Әшім «кел, мен саған үйретейін» деп, саусақтарымды пернелерге ыңғайлап қоя бастады. Ол бар болғырлар икемге келе қоятын емес. «Мынаны былай бас» деп бір саусағымды бір пернеге апарып, екіншісін келесі пернеге икемдегенде әлгі саусағым да қоса жылжиды. Сөйтіп әурелеп жүріп, бір халық әнінің әуенін үйретті-ау. Кейінгілері онша қиынға түсе қойған жоқ. Сірә санамда саңылау бар шығар, перне әуендерін тере отырып, әндерді домбыраға салуды әжептәуір меңгере бастадым.
– Менің білуімше, Сіз күйді бір кісіден кем ойнамайсыз. Әннің әуеніндей емес, күй өз алдына үлкен дүние. Оның қағыстарының өзі сан алуан ғой. Мұны қалай үйрендіңіз?
– Мен «Дружба» кеңшарында оқыдым. Қазіргі Байдалы би ауылы. 4-сыныпта оқып жүргенімде мектебімізде шағын оркестр құрылды. Бәрі жоғары сынып оқушылары. Солардың дайындығынан қалмадым. Оркестрдің құрамында Әбдіғалым есімді ағам да болды. Үйге келген соң қыр соңынан қалмайтынмын. Сөйтіп жүріп халық күйі «Жастар биі» мен Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйін үйрендім.
Бірде Атасуда мектеп оқушылары арасында күй орындаудан байқау өтетін болды. «Дружба» ауылынан домбырадан, күйден хабары бар бір топ оқушы бардық. Ішіндегі ең жасы – мен. Жоғарыда айтылған екі күйді әбден меңгеріп алсам керек, байқауда мәнін келтіре орындадым. Нәтижесінде І орынға ие болдым. Сондағы қуанышымда шек болған жоқ.
– Содан бастап домбырашы болуға ден қойған шығарсыз?..
– Шынымды айтсам менің бала кездегі арманым агроном болу еді. Бірақ, домбыраның құдыреті басым түсті де, Алматыдағы эстрада және цирк студиясына барып бағымды сынамақ болдым. Ол бар болғырға оқуға қабылдау екі жылда бір келеді екен. Немере ағам екеуміз босқа барып қайттық. Алғашқыда ауыл клубында көркемдік жетекші болып, білгенімді, үйренгенімді шыңдай бердім. Осылай жүргенде үлкен ағам «Бала, сен екі жыл уақытыңды босқа өткізбе. Одан да мына іргеміздегі Жезқазған музыкалык училищесіне бар» деді. Ағаның сөзін жерге тастап көрмеген жанбыз. Келесі жылы құжаттарымды алып Жезқазған қаласына келдім. Қарасай ағаның домбыра сыныбына түстім. Бірақ бітіре алмадым. Әкей ауыып, үйге қарайласатын адам қажет болды. Ал училищеде сырттай оқу бөлімі жоқ екен. Содан амалсыз үйге қайттым. Бірақ, құжаттарымды Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы училищеге ауыстырып, сырттай оқып бітірдім.
– Әбеке, әңгіме домбыраға қатысты болғандықтан, осы киелі аспаптың келешегі жайлы айтпай кеткеніміз орынсыз болар. Осы ретте бір сұрақ туындайды. Бүгінде концерттерде домбыраны эстрадаға телитін үрдіс белең алды. Ал, эстарадамен араласқан домбыра өзінің қоңыр үнін жоғалтып алмай ма? Қалай ойлайсыз?
– Жаңа сөз басында домбыраның үнінде ерекше бір қасиет бар демедім бе. Сол қасиеті домбыраны бәрібір ерекшелеп тұрады. Сондықтан оған алаңдаудың қажеті жоқ. Керісінше, күй өнерін жаңашалап, көрерменді көптеп тартуда оның ықпалы да бар. Бұл бір жағынан жастардың да домбыраға деген қызығушылығын оятады. Өзге ұлт өкілдерінің де домбыраға деген ынтасы артып, домбырамен орындалған шығармаларды қызыға тыңдайтын болады. Бұған мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, «Ұлытау» тобы, Айгүл Үлкенбаева, Асылбек Еңсепов сынды ұлттық өнер жанашырлары домбыраны шет елдерге осы эстрадамен ұштастыру арқылы насихаттап жүр.
– Жастар жайлы айтып қалдыңыз. Қазіргі жастардың домбыраға деген ынтасы қандай?
– Ынта-ықыласы өте жақсы. Балалар келіп жатыр. Кешегі оңтайландыру жылдарында Қаражалдағы өнер мектебі жекеменшікте болды. Сол кездегі қала басшылығы мені шақырып алып, мектепті қалалық білім бөлімінің құзырына алатындырын айтып, соған басшылық жасауымды өтінді. Ол кезде мен қалалық ономастика, тіл бөлімінде қызметте едім. Бұл сала да менің жаныма жақын болды. Бірақ, өнер мектебі жайлы, оның келешегі жайлы болған әңгіме мені бей-жай қалдырмады. Келісім бердім. Өнер мектебінде жиырма шақты бала бар екен. Екі сынып қана жұмыс істейді. Бірі – домбыра, бірі – пианино. Кейін Жәйрем кентінен филиал ашып, баян сыныбы қосылды.
Айтайын дегенім, өнер мектебіне келген балалардың дені домбыра сыныбын қалайды. Мұның өзі ұлттық мұра келешегінің кемел екенін көрсетеді.
– Жалпы күй өнеріне әуес қазіргі жас буынға қандай баға берер едіңіз? Кемшін тұстары бар ма?
– Қазіргі жастардың кемшілігі жөнінде… Ол енді жастардың кінәсі емес те шығар, солай оқыта ма, қайдам – қазіргі балалар күйді тез ойнайды. Әрбір буын ауысқан сайын ол да үдеп бара жатыр. Қазіргі жастардың көбісі дәстүрге көп бойламай, қазіргі заманауи әуендер секілді жеңіл-желпі орындайды. Бұл да заман тудырған проблеманың бірі.
Мен музыкалық училищеге барғанға дейін нота дегенді білген емеспін. Тек құймақұлақтық – күйді көзбен көріп, құлағыммен тыңдау арқылы ғана үйренген адаммын. Сонда да болса күйдің ырғағын, қағысын бұзған емеспін. Қазіргі заманда бір «жеделдік» басым…
– Ұлттық домбыра күніне байланысты Сіздің мектептің домбырашылары Қаражал-Жәйрем өңіріндегі өнерсүйер қауымға қандай сый дайындап отыр?
– Біз өткен аптада қала мектептерімен бірлесіп, үлкен концерттік бағдарлама ұсындық. Ел
сүйсіне тыңдап, зор қошемет көрсетті. Қазір балалардың жазғы демалыс кезі ғой.
Сондықтан оларды қайта-қайта жинау да оңай емес…
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.