Жақсылықта жарыссаң – əр қадамың жеңіс! Бүгін де Қаражал қаласына қарасты Ақтай аулында ауыл тұрғындары өз күштерін салып, қалталарындағы қаражаттарын жинап мешіт жанында ас беріп, құран оқытуға арналған асхана тұрғызу жұмысын жүргізіп жатыр. Еңкейген қария мен еңбектеген сəбиден басқа ауыл адамдары түгелдей жұдырықтай жұмылып, біркісідей атсалысуда.
Тіпті, қолданысқа қажетті құрал-жабдықтарын да өз үйлерінен, өз көліктерімен тасып, игі істе жан аямай еңбек етуде. Жұмыс жасап жатқан жандардың уақытын үнемдеу мақсатында мешіт жанына киіз үй тігіліп, мал сойылып түскі ас та жұмыс басында əзірленеді. Ауыл қариялары да «шамамыз келмейді»-деп көлеңкеде көсіліп жатпай, аптап ыстыққа қарамастан жүріп жатқан жұмыстың басы-қасында жүрекжарды батасын беріп, шаруаның ретін қадағалап жүр. Сауапты істен құр қалмайық дейтін қала тұрғындары болса, көмек қолын қуана қабыл алатынын ұйымдастырушылар жасырмақ емес.Қоғам игілігіне арналған қайырлы іске Алла берекесін берсін!
Балшырын АМАНТАЙ