Елімізде дауларды шешудің қосымша əдісі ретінде Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қолданылып келеді. Аталған Заң жеке жəне заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық жəне өзге де құқық қатынастарынан, сондай ақ, онша ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында жəне де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады. Əрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша қолданылмайды. Сондай-ақ медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүргізу қағидаттары мен рəсімін, сондай-ақ медиатордың мəртебесін анықтайды.
Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады жəне оған тараптар қол қояды. Келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тəсілдері мен мерзімдері жəне оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тəртіппен жəне мерзімде орындауға тиіс. Азаматтық істі сотта қарағанға дейін жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім тараптардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мəмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тəртіппен жауаптылықта болады. Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тəртіппен бекітеді.Бұл ретте төленген мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тəртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс.
Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дау-шарды реттеу туралы келісім жəбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру жəне қылмыс жасаған адамның жəбірленушімен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келісімді білдіреді.Аталған келісім дереу іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі жəне Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мəн-жай болып табылады.Дауды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді.
Қазіргі уақытта татуласу, бітімгершілік рəсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң қарқынды жалғасуда.
Сөз соңында айтарым аталған заң, өркениетті елдердегідей бейтарап медиаторды тарту арқылы істі бітімге келтіріп, заманауи құқықтық жүйенің дамуына ықпал етуі тиіс. Заңның қолданылуы енді-енді адымдай бастады десек орынды болады. Елбасы осы мəселеге улкен зер салып, медиация тəсілі адам құқықтарын ең қымбат қазынасы ретінде қастерлейтін мемлекеттің алғышарты болуы тиіс екенін айтты. Сондықтан, елдегі медиация институтының дамуына мемлекеттік билік органдары барынша қолдау көрсетіп, институттың кең құлаш жаюына ықпал етуі қажет. Өйткені медиацияның біздің елімізде болашағы зор. Оны бірдеңгейде қолдасақ, медиация халқымызға игі əсерін тигізері анық.
Д.БЕЙСЕНОВ,
Қаражал қалалық сотының төрағасы.