Елдің əлеуметтік-экономикалық əлеуетінің өсуі өңірлерде шағын жəне орта бизнестің дамуына да тікелей байланысты. Дамыған елдер экономикасының басымдықты осы сала иеленетіні белгілі. Бұл бағытта елімізде түрлі бағдарламалар мен жобалар іске қосылып, ел оның игілігін көруде. Осы ретте Қаражал-Жəйрем өңірінде қандай жұмыстар атқарылуда? Шағын жəне орта бизнестің қазіргі жай-күйі, даму барысы қандай деңгейде?» деген сауалдарға жауап іздеп, қалалық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат САТАНОВҚА хабарласқан едік.
– Марат Рахымжанұлы, төл мереке құтты болсын! Əңгімені əуелі Мемлекеттік қызметшілер күнінен бастасақ…
– Рахмет.
– Мемлекеттік қызметте қанша жыл тер төгіп келесіз?
– Жалпы еңбек өтілім – 15 жыл. Еңбек жолымды 1999 жылы Қаражал қалалық қаржы бөлімінде бюджет бөлімінің бас маманы болып бастадым. Содан 2006 жылға дейін бөлім басшысы, мекеме басшының орынбасары болып жұмыс істедім. 2011-2014 жылдары қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры болдым. 2015 жылдан осы қызметтемін.
– Мемлекеттік қызметте біраз тəжірибе жинақтапсыз. Сіздің өз пікіріңізше, Қаражал-Жəйрем өңірінің негізі тыныс-тіршілігі қай салаға бейімделген?
– Біздің өңір негізінен өндіріске бейімделген. Кеңес дəуірінде біз алдыңғы қатарлы өндіріс ошағы саналдық. Мұнда сол кездегі Одақтың əр өңірінен құрылысшылар, кеншілер, тау-кен өндірісінің мамандары ағылып келіп жатты.
Кешегі оңтайландыру жылдарында сол өндірістің қарқыны баяулап, өңірдің өңі тая бастап еді. Мелекет басшысы мен Үкімет тарапынан қолға алынған жанды жұмыстардың, ұзақ жылдық бағдарламалардың, жүйелі жобалардың арқасында өндіріс өзегіне «қан жүгіріп», өңір дами бастады. Қазіргі Қаражал-Жəйрем өңірі экономикасының негізгі саласы – тау-кен өнеркəсібі болып отыр. Біздің аймақта қалақұрушы «Жəйрем кен байыту комбинаты» АҚ, «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігі кəсіпорындары орналасқан. Оларда 3 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, барит кенін өңдейтін 2 кəсіпорын, темір жəне марганец кеңдерін өңдейтін 2 кəсіпорын халықты жұмыспен қамтып, өңір экономикасына өз үлестерін қосуда.
– Жақсы екен. Өндіріс бар жерде өзек талмайды, əрине. Əйтсе де бүгінгі күннің басты талабы экономиканы əртараптандыру екені де мəлім. Осы тұрғыдан келгенде өңірде шағын жəне орта бизнестің үлесі қандай?
– Иə, сөзіңіз орынды. Бір ғана өндіріске қарап отырумен экономика мен əлеуметтік саланы дамыту мүмкін емес. Жер қойнауының байлығы да бір күні болмаса бір күні түгесіледі. Сондықтан Үкімет экономиканы əртараптандыру мəселесін күн тəртібіне қойып отыр. Ал, бұл мəселенің бірден бір шешімі – кəсіпкерлік түрлерін дамыту. Яғни, елдің бетін шағын жəне орта бизнеске бұрып, жаңа сипаттағы бизнес көздерін игеруге үйрету.
Осы тұрғыда қазір халықтың кəсіпкерлікке деген ынта-ықыласы артып келеді. Бүгінгі күні аймағымызда жұмыс істеп тұрған шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектілерінің саны – 861 бірлік, демек, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 19,1 процент болып отыр. Əрине, бұл ауыз толтырып айтуға келмегенмен, бұрнағы жылдарға қарағанда көш ілгері деуге келеді.
– Өзіңізге мəлім, елімізде кəсіпкерлікті дамытуға арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар бар ғой. Өңірде жаппай кəсіпкерлікті дамыту үшін қандай шаралар қабылдануда жəне жеңілдікпен несиелендіру үдерісі қалай жүріп жатыр?
– Еліміздің барлық аймақтары сияқты біз де мемлекет тарапынан қабылданып жатқан түрлі бағдарламаларды елге түсіндіріп, жаңа жобалардың мүмкіндіктерін барынша жеткізудеміз. Соның бірі – «Нəтижелі жұмыспен қамту жəне жаппай кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Өткен жылы осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде 91 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде:
– микронесие алу арқылы кəсібін ашу немесе кеңейту мақсатында 29 жоба (123,4 млн.теңге);
– кəсібін жаңадан ашуға 62 адамға грант беріліп, 35 млн. теңгеге қаржыландырылды.
Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1-бағыт, яғни, шағын кəсіпкерлікті қолдау бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы бизнесін дамыту үшін жеңілдетілген 6 пайызбен микронесиелер берілуде.
Жалпы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 14 жоба 49,6 млн. теңгеге қаржыландырылды.
– Жөн екен. Ал, жастар кəсіпкерлігін қолдау жəне дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылды? Енді осы жайлы қысқаша айта кетсеңіз…
– Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар. Жастар кəсіпкерлігін қолдау жəне дамыту үшін былтырғы жылы жергілікті бюджеттен сомасы 3 млн. теңге грант қарастырылып, конкурстық іріктеу арқылы 3 жас кəсіпкерге өз істерін бастау жəне дамыту үшін қайтарымсыз 1 млн. теңгеден қаржы берілді. Бағдарлама биылғы жылы да жалғасын тауып, грант мөлшері ұлғайды, яғни, 1 орын – 3 млн. теңге, 2 орын – 2 млн. теңге, 3 орын – 1 млн. теңге көлемінде. Конкурстық іріктеу тамыз айына жоспарланып отыр.
– Бəрекелді! Жастар – келешегіміз десек, оларды ел экономикасына үлес қосуға тарту – игілікті іс. Ал енді, өңірде ауыл шаруашылығының жайы қалай?
– Сөз басында айтып өткенімдей, Қаражал-Жəйрем өңірі өндіріске бейімделген. Десек те, ауыл шаруашылығына да ден қойылуда. Аймағымызда əсіресе мал шаруашылығының дамуы қарқынды. Мемлекеттің қолдау шаралары, яғни, несиелер – мал басы санының жылдан-жылға артуына бірден-бір себеп. Мұның сыртында мемлекет шаруа қожалықтарына қолайлы жағдай туғызатын жобалар енгізіп, ел оның игілігін көріп отыр. Мəселен, жайылымдарды суландыру мақсатындағы күн сəулесінен қуат алатын панелдер, су насостары, генераторлар шаруа қожалықтары иелерінің жұмысын жеңілдетті. Қыстақтарда электр құрылғыларын пайдалану мүмкіндігі туды. Қазір шаруа қожалықтарында шам жанып, теледидар, мұздатқыш сияқты тұрмысқа қажетті электр құралдары кеңінен пайдаланылуда.
– Жуырда Қаражал қаласында алғашқы супермаркет ашылып, ел қуанып жатыр. Өндірісі өрістеп келе жатқан өңірде заманауи сауда орнының кенжелеп ашылуы қалай?
– Рас айтасыз. Бұл бізді де ойландырады. Қаламызда кейінгі жылдары жаңадан дəмхана, техника құралдарын жөндеу жəне көлік жуу бекеттері, дүкендер ашылуда. Маусым айында өзіңіз айтқан жаңа «Ақниет» супермаркеті тұрғындар игілігіне қызмет ете бастады. Заманауи сауда орнының кеш ашылғанын мойындамасқа амал жоқ. Осындай бизнес көздерін ашуға тұрғындарды шақырып, қолдау көрсететінімізді айтудай-ақ айтып жатырмыз. Бірақ, тұрғындар халыққа қызмет көрсету саласынан гөрі өндіріске қатысты кəсіптерге бейім тұрады. Несиеге техника сатып алып, карьерлерде жұмыс істеп жүргендер көп.
Əрине, кəсіпкерлік саласын əртараптандыру бағытында біз жүйелі жұмыстар жүргізетін боламыз. Бұл рете қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар басшылыққа алынады. Халықты шағын жəне орта бизнеске тартып, оның əрекеті өзінің ғана емес, елдің, əр жеке тұрғынның əлеуметтік əлеуетін арттыруға зор ықпал ететінін түсіндіре береміз…
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ